11 қаз, 2024 сағат 23:26

Мақта терім науқаны қарқын алды

 

Фото: okg.kz


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мақта алқаптары мен мақта зауыттарында, мақта қабылдау пункттерінде болып, шаруалармен тілдесті. Негізгі табысын агросектордан алатын ауданда өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Жалпы саны 380 дана тік дренажды ұңғымалардың 170-сі ғана тұрақты жұмыс істеп тұрған ауданда 2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен 210 дана тік дренажды ұңғыманы қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Бұл жұмыс 2026 жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.


Жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдәбеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 20 мың гектар алқапты қайта қалпына келтіру көзделуде.


Қазірдің өзінде «Арт-Құрылыс» компаниясы 113 дана ұңғыманың 60-ын бұрғылап үлгерген. Мердігерлер ұңғымаларды бұрғылаумен қатар келесі жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 124 шақырымды құрайтын су қашыртқыларын қалпына келтіріп, 230 шақырым электр жүйелерін қайта іске қоспақ.


80 мың гектарға тарта суармалы жері, 10 мыңға жуық шаруа қожалығы бар ауданда биылғы жылы 40,8 мың гектарға мақта, 19,7 мың гектарға бақша, 3,4 мың гектарға көкөніс, 7,3 мың гектарға дәндік жүгері мен 6,6 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілген. Өткен жылы 45,2 гектар алқапқа мақта дақылын егіп, 122 мың тонна өнім алған шаруалар биыл 106 мың тонна «ақ алтын» жинауды жоспарлап отыр. Бүгінде күзгі жиын-терім науқаны басталғалы 21 993 гектар мақталық алқап теріліп, 50 102 тонна өнім жиналған.


Сонымен қатар, мақта жинау науқанына байланысты ауданда жұмыс істеп тұрған 7 мақта өңдеу зауытының 77 мақта қабылдау бекеті бар.   Бүгінде аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның тікелей араласуымен мақта өңдеуші зауыттар мен шаруалар арасындағы қаржылық операцияларды жүргізудің заңдылығын сақтау мақсатында арнайы келісімшарт үлгісі жасалып, барлық зауыттарға таратылған.


Шаруалармен кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы мен басқа да мәселелерге тоқталған облыс әкімінің орынбасары тиісті мамандарға мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол бермеу керектігін ескертті.