14 қар, 2017 сағат 10:33

"Мақсатымыз - білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу"

Арыс қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Әбдiхан МҰСАЕВ:

«МАҚСАТЫМЫЗ – БIЛIМДI ӘРI БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТТI ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ»

– Әбдiхан мырза, биылғы оқу жылының ең үлкен жаңалықтарының бiрi – жаңартылған оқу бағдарламасының енгiзiлуi. Жаңа бағдарлама енгiзiлген тұста ең маңызды мәселелердiң бiрi оқушыларды жаңа оқулықпен қамтамасыз ету ғой. Арыс қаласында бұл мәселе қалай шешiлуде?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның рухани және экономикалық жаңғыруы үшiн бiлiм саласының заман талаптарына сәйкес келуi керектiгiн көрсетiп бердi. Президент мектеп түлектерiнiң тек бiлiмдi болып қана қоймай, сол алған бiлiмдерiн өмiрде қолдана алатындай бейiмдi, бәсекеге қабiлеттi болуы тиiс екенiн айтты. Соған сәйкес Бiлiм және ғылым министрлiгi жаңартылған оқу бағдарламасын әзiрледi. Оның негiзгi ерекшелiктерiнiң бiрi – оқушы бұрынғыдай мұғалiмнiң айтқанын ғана үйренумен шектелмей, сабақта өтiлетiн әрбiр тақырып бойынша өз бетiнше iзденуге, алған мәлiметтерiн талдап көруге және сыни ойлауға машықтанады.

Бұл бағдарлама өткен жылы 1-сыныпқа енгiзiлсе, биыл 2, 5, 7-сыныптар да көштi. Соған сәйкес Арыс қаласында оқушыларды жаңа оқулықпен қамту мақсатында «Атамұра», «Мектеп», «Стадин», «Интерпресс», «Келешек», «Көкжиек горизонт», «НИШ» баспаларымен келiсiмшарт жасастық. Бұл мақсатқа бюджеттен 134 миллион 438 мың теңге бөлiндi. Оқулықтарды тасымалдау жұмыстары уақытылы аяқталып, барлық оқушылар 1 қыркүйектен бастап жаңа оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етiлдi.

– Дегенмен, бұл бағдарлама толық жұмыс iстеу үшiн заманауи құрал-жабдықтар мен кең жолақты интернет қажет екен. Мамандардың көбi, әсiресе, ауыл мектептерiнiң материалдық-техникалық базасы бұл талаптарға сай емес екенiн айтуда. Сiздердегi жағдай қалай?

– Рас, мектептердiң материалдық-техникалық базасын әлi де жетiлдiре түсу қажет. Бұл бағытта жұмыс iстелiп те жатыр. Бiрақ, бұл бiр күнде шешiлетiн мәселе емес екенiн түсiнуiмiз керек. Қараңызшы, осыдан он шақты жыл бұрын мектеп пен балабақша жетiспеушiлiгi деген қандай өткiр проблема едi. Мемлекет «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» секiлдi бағдарламаларды қабылдап, нәтижесiнде бүгiнде жағдай түпкiлiктi түрде өзгердi. Бiр ғана Оңтүстiк өңiрде жыл сайын 40-50 бiлiм ұясы салынып жатыр. Шалғай ауылдарда бұрын-соңды болмаған зәулiм мектептер бой көтердi. Сол секiлдi мектептердiң материалдық-техникалық базасын жетiлдiру де кезең-кезеңiмен шешiлетiн мәселе. Ал, алдымен мектептердiң бәрiн кең жолақты интернетке қосып, зертханалармен, лингафон кабинеттерiмен, басқа да құралдармен жабдықтап алайық, жаңартылған бағдарламаға содан кейiн көшемiз деп қарап отыруға болмайды. Өйткенi, қазiр әлем тез өзгерiп, жылдам дамып жатыр. Ертең азаматтарымыз бәсекеге қабiлеттi болуы үшiн олар қазiрден бастап заманауи жүйемен бiлiм алуы тиiс. Жалпы, жаңа бағдарламаның енгiзiлуi мектептердiң материалдық-техникалық базасын тезiрек нығайтуға әсер етедi.

Ендi Арыстағы нақты жағдайға тоқталсақ. Бүгiнде мұндағы 39 мектептiң барлығы интернетке қосылған. Оның 20-сында жылдамдығы жоғары кең жолақты интернет бар. Мектептердiң барлығы ұлттық бiлiм беру деректер қорына тiркелген.

Жаңа оқу жылының алдында мектептердiң материалдық-техникалық базасына талдау жұмыстарын жүргiзiп, қажеттi қаржыға сұраныс бердiк. Соның нәтижесiнде бюджеттен трансферт арқылы 23 миллион 380 мың теңге бөлiнiп, 3 мультимедиялық-лингафон кабинеттерi алынды. Әзiрге толық жабдықталған мұндай кабинеттер 5 мектебiмiзде бар. Сондай-ақ, биыл биология бойынша – 2, химия бойынша 1 зертханалық кабинеттер ашылды. Сондай-ақ, 15 миллион теңгеге 57 мультимедиялық құрылғы алынып, ол 21 мектепке орнатылды. Ал, жергiлiктi бюджеттен қосымша 88 миллион теңге бөлiнiп, барлық мектептерге интерактивтi тақталар сатып алынуда.

Жаңартылған оқу бағдарламасын енгiзуде материалдық-техникалық базамен қатар мұғалiмдердiң бiлiктiлiгi де маңызды мәселе. Бұл бағытта облыстық және аудандық деңгейде оқу-әдiстемелiк семинарлар, семинар-практикумдар, коучингтер, шеберлiк сыныптары, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi ұйымдастырылып тұрады. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан берi Арыста осындай 68 iс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, информатика пәнiнiң 24 мұғалiмi робототехника бойынша бiлiктiлiгiн арттыру курстарынан өттi. Мұғалiмдерiмiз жаңартылған бiлiм беру бағдарламасы бойынша Астана мен Шымкент қалаларында кестеге сәйкес бiлiктiлiгiн арттырып жатыр.

– Мектеп құрылысы туралы айтып қалдыңыз. Арыста жаңадан салынып жатқан бiлiм ошақтары бар ма?

– Биылдың өзiнде Жиделi ауыл округi, Ақдала елдi мекенi мен Монтайтас ауыл округi Шағыр ауылында – 200 орынды, Қожатоғай ауыл округi Шөгiрлi елдi мекенi мен Қабылсай ауылында 150 орынды және Дермене ауыл округi Қаражантақ ауылында 120 орынды мектептер пайдалануға берiлдi. Қазiр Саналы ауылында 150 орынды мектептiң құрылысы жалғасуда.

«Балапан» бағдарламасы бойынша Дерменеде 75 орынды балабақша ел игiлiгiне ұсынылды. Байқап отырғаныңыздай, қазiр шалғай елдi мекендердiң өзiнде мектептер көптеп салынуда.

– Мемлекеттiң осынша қамқорлығының, реформалардың, жалпы осы жұмыстардың барлығының түпкi мақсаты бiлiмнiң сапасын жақсарту екенi аян. Биыл ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң қорытындылары қалай болды?

– Биыл ҰБТ алғаш рет жаңа форматта өткенi белгiлi. Оған 24 жалпы орта мектептi тәмамдаған 1 022 оқушының 797-сi, яғни, 78 пайызы қатысты. Орташа көрсеткiш 78,8 балды құрады. Бiр оқушымыз мүмкiн болған 140 балдан 137 балл алса, жалпы 252 оқушы 100-ден жоғары балл алды. Яғни, ҰБТ-ға қатысқан әрбiр үшiншi оқушымыз үздiк нәтиже көрсеттi.

Түлектердiң арасында 63-i «Алтын белгiге», тағы 31-i «Үздiк аттестатқа» үмiткер атанса, олардың барлығы үмiттi ақтап шықты. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыстағы аудан, қалалардың арасында Арыс қаласы абыройлы бесiншi орынды иелендi.

Айта кетерлiк тағы бiр жетiстiгiмiз бар. Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшiншi, яғни облыстық кезеңiнде 5 оқушымыз жүлдегер атанды. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары нәтиже.

Бiлiм алу бар да дұрыс мамандық таңдап, еңбек нарығында сұранысқа ие маман атану бар. Кейде үздiк оқушылардың өздерi жұмыссыз қалып, өмiрден өз орындарын таба алмай жататын жағдайлар кездеседi. Сондықтан барлық мектептердегi 9 және 11-сынып оқушыларына нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасының мүмкiндiктерi түсiндiрiлдi. Сөйтiп, 9-сыныпты тәмамдаған 100 оқушыға Арыс қаласындағы №17 колледжге техникалық мамандықтар бойынша бiлiм алуға жолдама берiлдi. Тағы 12 жолдама облыстық бюджеттiң есебiнен берiлдi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ,

«Оңтүстiк Қазақстан».