Барсик (әңгіме)
Көрші Алмас ағаның Барсик атты итінің адам секілді сөйлейтінін білсем де ешкімге тіс жармадым. Жаһанға жар салғанмен ешкім сенбейтін еді.
****
Барсик екеуміздің достығымыз қала шетіндегі ауылға жаңадан тұрғызған үйімізге көшіп келген кезден басталды. Ауламыз қоршалмағандықтан біздің үйге келгіштеп жүретін. Итаяғына жуынды құямыз. Тұрқы неміс овчаркасына ұқсағанымен, қырық иттің илеуінен жаратылған қарапайым ит. Қандай тұқым екенін ажырату қиын. Адамға арс етіп азуын ақситқанын көрмеппін. Мінезі қызық. «Барсик, Барсик» деп шақырсаң тасырлатып жүгіріп келеді де үш-төрт қадам қалғанда кілт тоқтап, маңқиып тұра қалады. Сосын көгершін аулаған мысықтай жер бауырлап, бүгежектеп, әлденедей ұялғандай жанарын ала қашып, ақырын жылжып жаныңа жақындайды. Кейде Барсикті осы қылығы үшін қаңқ еткізіп бір тепкім келетін. Артынан райымнан қайтамын. Басынан сипап, еркелетемін. «Кім біледі, оның жүрегін жаншып жатқан мұң бар шығар. Тіршілік иесінің қуануға, қайғыруға хақы бар ғой. Біз оны сезбейміз, біз иттің тілін білмейміз. Бәлкім, күшік кезінде адамдардан қатты зәбір көріп, санасындағы қорқыныш бұлты әлі сейілмей жүруі кәдік» деп ойлаймын. Кейде маған бір нәрсе айтқысы келгендей оқталып, көмейі бүлк-бүлк етеді. Әйтеуір оның бойында жасырынған белгісіз тылсым күш барын ұғатынмын...
Барсиктің бір ерекшелігі, мен қай уақытта жұмысқа шықсам да ауылдың ораталығындағы аялдамаға дейін еріп отырады. Біз сол жерден қалаға қатынайтын көлікке мінеміз. Барсик болса, межелі жерге жеткенде «менің міндетім осы» дегендей, кері бұрылып, артына қарамастан, келген ізімен кері тартады. Жұмыстан қай мезгілде оралмайын, жарты жолдан күтіп тұрады. Иттің соңғы әрекетін кездейсоқтыққа балайтынмын. Бара-бара Барсиктің бұл әрекеті қалыпты әдетке айналды. Күнде қайталанады. Құдды бір көзін ашқаннан асырап алған итім дерсің...
Бірте-бірте Барсикке бауыр басып кеттім. Демалыс күндері есік алдында ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жүргенімде Барсик үнемі қасыма келіп алады. «Барсик қалайсың», «не жаңалық» деп оны әңгімеге тартып сырласамын. Еш жауап болмаса да небір түрлі сұрақтар жаудырамын. Мүлгіп үнсіз тыңдайды. Арасында менің айтқандарымды түсінген ыңғаймен басын изейді. Ондай сәтте балаша мәз болып, ерекше тебіреніспен сұрағымды еселеймін. Кейде түлен түрткендей атып тұрып, үйіне қарай безе жөнеледі. «Барсик, Барсик» деп қанша шақырсам да артына қарайламайды. «Қай сөзімнен ағаттық кетті? Ренжіп қалған жоқ па?» деп, өзімді қоярға жер таппаймын. Барсикке бәрібір. Біраздан кейін түк болмағандай қайта жаныңа келіп, әңгімеңе құлақ түрген кейіппен шоқиып отырып алады.
Бір күні үйге таңға жуық келдім. Жаздың қысқа түні жарықтан дүркірей қашып, төңірек айқын көрінеді. Жұма күні кешке жұмыстан кейін достармен бас қосқанбыз. Ауық-ауық тост көтердік. Небір жәйттің басын қайырдық. Ақыр соңында Түркиядағы әскери төңкеріс жайында пікіріміз екіге жарылып, қызылкеңірдек айтыспен таңның қалай атқанын байқамай қалыппыз. Содан теңселе басып келе жатқан бетім. Барсик алдымнан шықты. Түнімен екі көзі төрт болып мені күткендей, жүзі сынық. Ауыр есінейді. Сәлден соң алдыңғы екі аяғын созып, асықпай керілді де денесін сілкіп-сілкіп алды.
- Барсик, - дедім, құлағының түбінен қасып, - Ұйқы қайда? Әлде мені күтіп жүрсің бе? Әй, Барсик-ай, осы жолы күтпей-ақ қойсаң болатын еді ғой... Бірақ, саған рахмет! Көңілімді көтеріп тастадың, - деп, алға бір қадам баспақ едім, әлденеге сүрінгендей ептетімнен құлай жаздадым. Денемді тіктей бастағаным сол еді, артқа шалқалап, екі қолымды тіреген қалпымда жерге қонжия кеттім. Орнымнан тұрып, үсті-басымды қағып-сілкіп, Барсикке сұқ саусағымды шошайтып:
- Маған күле қарап тұрсың ба? Күлсең күле бер. Маған бәрібір. Себебі, бәріміз ит секілдіміз. Бірақ, сен иттердің ішіндегі адамысың, - дедім, оған барлай қарап. Менің сөздерім Барсиктің құлағына майдай жаққан болуы керек, құйрығын бұлғаңдатып, әлі де айта түс дегендей елеңдеп қояды.
- Алайда, - дедім, қайтадан ашуға мінген жандай дауысымды зорайтып, - Сендер біз секілді арақ іше алмайсыңдар. Біздің бақытымыз да, сорымыз да сол, арақ іше аламыз. Ішкенде қандай... - деп, Барсиктің бетінен сүймекке екі құлағынан ұстап өзіме тарта беріп едім, тұмсығын тыржитып, жалт берді.
- Ештеңе етпейді, - дедім Барсикке. – Жүр, біздің үйдің алдындағы орындыққа барып отырайық. Жүрегім айнып тұр. Таза ауа жұтып сергіп алайын, - деп жол бастадым. Барсик соңымнан ерді.
Біздің үйдің көше жақ қапталында жапсарлас орнатылған орындыққа жайғастым. Ауламыз қоршалмағандықтан төңіректі көзбен оңай шолып шығасың. Қалтамнан ұялы телефонды алып, сағатына қарадым. Таңғы төрт жарым. Денемді сәл шалқайтып, арқамды үйдің қабырғасына беріп, басымды көтере жанарымды көкке қададым. Таңғы тыныштықты қақ жарған алып ұшақ бала бесігіне тағылған сылдырмақтай ауылдың үстінен төніп, әуежайды бетке алып барады.
- Барсик, - дедім, аспандағы ұшақты нұсқап, - сен ұшаққа мініп көрдің бе? Мен өмірімде екі рет Алматыдан ауылға ұшақпен ұшқанмын. Шешем дүниеден озған кезде топырақ салуға үлгеруім керек болды. Екінші рет жиен інім қайтыс болғанда тағы ұшаққа аяқ артуға тура келді. Енді ешқашан ұшаққа мінгім келмейді. Барсик, тыңдап отырсың ба? – деп, итке үңілсем екі көзін жұмып алыпты.
- Әй, бірақ, итке темір не керек?! – дедім, қолымды бір сілтеп, - сен бақыттысың, Барсик! Ажалың жеткенде күні өле қаласың. Басқа мәселеге бас қатырмайсың. Итаяғыңа құйылған асқа тойып аласың да, ана талдың түбіне бір сарып, әрі қарай жүре бересің?
Барсикке қарадым. Жұмған көзі ашылмапты. Тағы әлденелер айтуға оқталғанмын, әрі қарай түк есімде жоқ.
- Тұрсаңшы. Елден ұят емес пе? - деген дауыстан шошып ояндым. Жалма-жан көзімді ашып, айналама қарасам орындыққа отырған қалпымда қалың ұйқының құшағына беріліппін. Әйелім оятып тұр екен деп ойладым. Ұялы телефонның бетіндегі сағатқа үңілдім. Тура алты болыпты. Бір жарым сағат көз шырымын алыппын. Басым солқылдатып әкетіп барады.
- Баян, сенбісің? – дедім, әйелімнің атын атап, - әлде терезеден бақылап тұрсың ба мені? - деп, маңайды шолдым.
- Ешкімде емес. Бұл – мен, - деді Барсик гүр етіп. Селк ете түстім. Тілім байланып, аузыма сөз түспеді.
- Бұлай жараспайды. Үйге барып ұйықта, - деді Барсик, маған бұйыра сөйлеп. Қарсы алдымдағы нақ Барсик екеніне көз жеткізгесін ақырындап өз-өзіме келе бастадым.
- Барсик, шынымен сенсің бе? Әлде түсім бе? - деп, Барсикке бар назарымды бұрдым, - Шешем марқұм далада ұйықтама деуші еді, - деп, іштей күбірледім. Сосын ақырындап орнымнан тұрып, үйге беттедім. Барсиктің маған тіл қатқанына әлі сене алар емеспін. О заманда, бұ заман, ит сөйлеуші ме еді деп мырс еттім де, үйге кірдім. Барсик мен отырған жерде үнсіз қала берді.
* * *
Түс әлетінде әрең есімді жидым. Әйелім ыстық сорпа әзірлеп қойыпты. Тамаққа тәбетім шаппады. Сыртқа бет алдым. Төбеңнен от қойғандай аптап күннің ыстығы күйдіріп әкетіп барады. Тек, батыстан қылтиған екі шөкім қара бұлттан басқа зеңгір көкте көзге ілінер дәнеңе жоқ. «Бақшаны суару керек» деген ой санамда қылаң беріп, ол ойымнан лезде айныдым. Біріншіден, жұмыстағы әріптес орыс кемпірдің «бақшаны күн ыстықта суаруға болмайды» деген кеңесі есіме түсті. Екіншіден, Алматының аспанында батыстан ғайыптан пайда болатын бұлттың бірті-бірте шығысқа өрлеп, қатары қалыңдап, арты жауынға ұласатынын жақсы білемін. Құдайдың қарекетімен жағаласқым келмеді. Таң алдындағы Барсик екеуміздің арамызда өрбіген диалогтың сұлбасы көз алдымнан қайта жүгіріп өтті. Құлағым қағыс естіген жоқ. Айна қатесіз көрініс. Барсик маған тіл қатты. Тілі тастай, тақ-тақ етеді. Неде болса Барсиктің өзінен сұрайын деп, «Барсик, Барсик!», - деп айқайладым. Көлеңкеден атып шыққан ит әлденеден құр қалғандай жүгіріп, қасыма келіп бір-ақ іркілді. Бұ жолы именшіктемей, өзін еркін ұстады. «Кеттік» дедім. Ол менің сөзімді күткендей соңымнан ілесті.
Екеуміз біздің көшенің бойымен ауылдың шет жағына бағыт алдық. Ол жақты елдің бәрі МТП деп атайды. Алайда оның не мағына беретініне ешқашан көңіл аударған емеспін. Кейде ауыл арасында адасып жүрген кейбір адамдар «МТП қай жақта» деп сұрағанда «мына жақта» деп жөн сілтеп жібергенім болмаса, сол жерге барып көрмеппін. Дәл қазір сол жаққа не үшін бара жатқанымды да білмеймін. Әр нәрсені ойлап, жанымда Барсиктің келе жатқанын ұмытып кетіппін. Арс еткен өткір дауыстан селк етіп, денені дір еткізген қорқыныштың жетегімен қаша жөнеліппін. Жиырма-отыз қадамдай жерге алқынып, әрең жеттім. Артыма қарасам дәу сұр ит пен Барсик ырылдасып тұр. Екеуі де бір-бірінің қапысын аңдып, алқымнан ала түсуге әзір. Арпалыс басталса еңгезердей сұр иттің Барсикті екі бүктеп, шайнап тастайтынын уайымдап тас лақтырдым. Қатқан мүсіндей екеуі ырылдасқан қалпы міз бағар емес. Жақындауға батылым жетпеді. Екі ит мәңгілікке арбасып тұра берер ме еді, кім білсін, кенет «Бөрібасар, Бөрібасар» деген зілді дауысты естіген сұрт ит жалт беріп, үйіне қарай зытты. Бәледен құтылып, тез-тез басып жаным келген Барсиктің жанары үрейге толы.
- Дөңкиіп, өзінде түк қасиет жоқ, - деді ашулы үнмен. Бұл жолы оның адам секілді сөйлегенін күнделікті үйреншікті көрініс есебінде қабылдағаныммен еріксіз күліп жібердім.
- Барсик-ау, сен де – итсің! Ол да – ит! Иттен иттің айырмашылығы қане?!
- Айырмашылық жер мен көктей. Ол сертіне адал емес. Барып тұрған антұрғанның өзі. Иесі оған Бөрібасар деп ат қойыпты. Пішту... Бөрібасардан садаға кетсін. Аңдығаны тамақ. Бірді бірге соғыстырып, іздегені шатақ. Бар ермегі – осы маңайдағы ит біткеннің әлі жектеніне қоқаңдап, күш көрсету.
Барсиктің адам секілді сөйлегені емес, сұрағыңа байыппен, байсалды жауап қатқаны ойымды сан-саққа жүгіртті. Біз осы ауылға көшіп келгелі үш жылдан асты. Үш жыл бойы Барсикті күнде көремін. Алда-жалда біреу «Барсик адам сияқты сөйлейді екен» десе менің өзім ол адамға күле қарайтын едім. Міне, бүгін бәрі керісінше, Барсик адам секілді сайрап тұр. Сөйлегенде қандай?! Бөрібасардың барлық былық-шылығын жайып салды. Бәлкім маған жан-жануардың тілін білетін Сүлеймен пайғамбардың қасиеті қонған шығар деген ой жылт етті санамда. Жер-жерде «мен пайғамбармын» жариялап жатқан жандар жетерлік қой. Егер маған Сүлейменнің қасиеті берілсе ешкімге жария етпей-ақ, телеарналарға сұхбат бермей-ақ өз білгенімді өз ішімде бұғып, жан-жануарлармен тілдесіп жүре бермеймін бе?.. Ойымды сұқ көз оқып қойғандай үркіп, жылдам басып МТП жаққа қарай жол бастадым.
МТП-ның маңайы бір-біріне міңгескен терең сай екен. Ну жыныс. Ауыл жақ қапталын қалың қамыс, қоға басқан. Анадай жердегі жалғыз теректің жанына тізе бүгіп, Барсикті шақырдым. Бүгінгі адам нанғысыз оқиғаның мән-жайын анықтайтын сәт туды. Барсиктің қыр-сырына қаныққым келді.
- Барсик, сен бұған дейін адамның тілінде сөйлей алатын ба едің?
- Иә...
- Жарылып кетпей қалай шыдап жүрсің? Егер мен ит болсам, оның үстіне адамның тілінде сөйлейтін болсам бір сәтте әлемдегі ең танымал итке айналып шыға келер едім. Бұл ауылдың атын әлем біліп, сені көруге жер-жерден ағылатын жұрттың есебі болмайтын. Рас қой, Барсик! Көз алдыңа елестетші. Жан-жағыңда қоғадай жапырылған халық сенімен суретке түсуге таласып жатады. Ортасында маңғаздана қарап сен тұрасың. Айтшы Барсик, рахат емес пе?
Барсик үндемеді. Маңғаздана қалыпты. Менің айтқандарыма тұшынып, қиялы шарықтап кетті ме, әлде ұнатпай тұр ма, о жағын ажырата алмайсың. Сәлден кейін шорт кетті.
- Жүректі жібітіп, жанды еліткенге шеберсіңдер, е? Бәрібір мұныңнан түк өнбейді. Ит болып жаратылдым, ит болып өлемін... Біле білсең, ауылдағы барлық ит адамның тілінде сөйлей алады, - деп, адам секілді бір жөткірініп, әңгімесін қайта жалғастыруға оқталғанда киліге кеттім.
- Сонда бағанағы дәу сұр ит те сөйлейді демексің бе?.. Түсінсем бұйырмасын! - дедім, нанымсыз үнмен.
- Керек десең газет-журнал оқи аламын.
- Хат танимын демексің бе?
Шарадай болған көзіме қараған Барсик бір нәрсені бүлдіріп алдым ба дегендей тықыршып:
- Онда тұрған не бар?.. Ара-тұра үй жаққа жел ұшырып әкелетін газеттерді оқып тұрамын. Өмірлерің рахат екен ғой. Немесіне бұлданып, неге көңілдерің толмай жүреді үнемі? - деді. Бұдан кейін оған жауап қатудың өзі артық еді. Екі алақанымды жайып, иығымды қиқаң еткіздім. Жауаптан күдер үзген ол басын ауыл жаққа әнтек бұрып, әлденеге елегізгендей, құлағын тіктеп, үріп-үріп жіберді. Іле-шала көсіліп жатқан алдыңғы екі аяғының үстіне басын тастап, белгісіз бағытқа жанарын қадады. Оның ойға шомған тыныштығын бұзғым келмеді. Адам секілді сөйлей алса, онда адам сияқты ойлай алатыны сөзсіз ғой. «Иттің қиялы, иттің арманы қандай болады екен» деген ой маза таптырар емес. Артынша өне бойымды қорқыныш билей жөнелді. «Бұлардың барлығы сөйлей білсе, неге біз осы күнге дейін аңғармағанбыз. Хат таниды екен. Мүмкін адамдарға қарсы бір іс ойластырып жатқан шығар. Барсикті бізге тамырымызды басып көру үшін арнайы жіберуі де ғажап емес қой» деген ой сумаң ете қалды. Барсик құдды иттер әлемінің адамдар арасына жіберген жансызы секілді елестеді. Қазір маған атылса жалғыз теректің түбінде жайратып кетуі мүмкін ғой. Оқыс әрекет байқалса қамсыз қалмайын деп, сақтықпен оң қолымды қармап, қолыма іліккен жұдырықтай тасты Барсикке көрсетпей қысып ұстадым. Ақырындап бажайласам, оның жүзінен қараулықтың нышаны байқалмайды. Өз-өзіме келгендей тұтығып:
- Ауыл иттерінің бәрі адамның тілін меңгерген дейсің. Онда олар неліктен иелерімен сөйлеспейді. Сенің де бұл әрекетіңді менен басқа ешкім білмейді ғой, - дедім, уысымдағы тасты нығырлап.
- Адамдарға жаным ашиды, - деді ол, түйеден түскендей. Барсиктің ниеті адал екенін сезген мен қолымдағы тасты тастай сала санымды шапаттап, қарқылдай:
- Сен де тегі... Мүсіркейтін жаратылысты тапқан екенсің... Ой... ішегім-ай... - дедім, күлкімді тия алмай. Ол менің ырықсыз күлкімді жақтырмай, қайта сөз бастады.
- Былтыр жазда осы ауылға қаңғыбас көкшулан ит келгіштеп жүретін. Жанары өткір. Ешкімге соқтықпайтын. Шу-шу еткен ауыл иттері соңынан жүгіріп, жан-жақтан жұлмаласа да қыңқ демейтін. Қайдан келген, әлде біреудің босап кеткен иті ме, біле алмадым. Маған үйір болатын. Сандырақтап әр нәрсенің басын шалып, мен түсінбейтін әңгімелер айтатыны болмаса, өзі туралы аузын ашқан емес. Адамның көзіне түспеуге тырысатын. Бір күні аяқ астынан жоқ болып кетті. Бүгін таңертең сол итті көрдім. Сен орындықта ұйықтап жатқанда жанымыздан өтті. Мені мүлде танымайтындай, елемеді. Тек саған мүсіркеп қарап бара жатты. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Сосын сені оятқанмын...
Барсик сөзін аяқтаған тұста мен орнымнан тұрып, әрлі-берлі жүрдім. «Құдай-ау, иттің өзі мүсіркейтіндей не жазып қойдым» деп, өз-өзімді жазғырдым. Мына Барсиктің көңіл түпкірінде де сондай емеурін жатқандай. Сүлеймен пайғамбардың қасиеті қонған шығар деген ойымның да күл-талқаны шықты. Өзімді «Уолт Дисней» компаниясы түсірген мультфильмнің көп кейіпкерінің біріндей сезіндім. Ауыр ойдан арылу үшін Барсиктің жанынан тезірек кетуге бел будым. Бұл ойыма дем бергендей Алматының аспанын торлап үлгерген қара бұлт жарылардай сыздап тұр екен. Екеуара әңгіменің әсерінен аңғармаппыз.
- Барсик, үйге қайтайық. Жауын басталмай ауылға жетіп алайық, - дедім. Ауылдың шетіне аяғымыз ілінгенде жаңбыр шелектеп құйды. Екеуміздің үстіміз малмандай су. Асығыс адымдап, үйге жақындағанда жүгіре түстік. Барсиктің көкейінде нендей ой жатқанынан хабарсызбын, бірақ бүгін мен үшін Америка ашқандай құпия мен ғажайыпқа толы күн еді...
* * *
Барсик ағынан ақтарылған күннен бері менің өміріме белгісіз тылсым күш өзгеше өрнек сала бастады. Жұмыс аяқталысымен үйге қарай асығатын әдетке ұшырадым. Әншейінде «үйде отырмайсың» деп күңкілдейтін жарым енді «үй күшік болып кеткенсің бе» деп келеке қылады. Үйге келген соң кешкі асымды асыға ішіп аламын да, есік алдына шығамын. Қайбір кезде дәрігердің «асқазаның ауырады, кешкі астан кейін теледидардың алдына жатып алмай, серуендегенің дұрыс» дегені бар. Соны сылтауратып, серуендеген боламын. Қала шалғайындағы жаңадан бой көтерген ауыл болғандықтан, біздің маңайда сейіл құратындай арнайы жер жоқ. Шаңын бұрқылдатып көшенінің ана шетін бір, мына шетін бір сүзіп өтесің. Есесіне Барсикпен сырласып, екеуміз әңгіме-дүкен құрамыз. Былайғы кезде ешкімге сыр алдырмаймыз. Барсик мен үшін оқыстан жарқ еткен екінші әлем еді.
Адамдар әлеміне аңсары ауып тұратын Барсик әр нәрсеге қызығып, кез келген жәйтті сұрағыштай береді. Өмірдің әр сәтін санасына сіңіріп, білмекке ұмтылған бала дерсің... Кейде оның сойы басқа сұрақтарына жауап беруге тосылып қаламын. Сондай қысылтаяң сәттен сытылып шығу үшін газет-журнал әкеліп беріп жүрдім. Әр түрлі бағыттағы газетті қотара оқитын ол бір күні саясат жайында әңгіме қозғап, тіпті алдағы уақытта сайлау өте қалса өзі ұнатқан үміткерге дауыс бергісі келетінін айтты. Ақылға қонымсыз бастаманың соңын білмек ниетпен:
- Сонда кімге дауыс бермексің, - дедім, қуланып.
- Бөрібасарға, - дейді, түк саспастан.
Барсиктің бұл ойынан шошиын дедім. Өткенде ғана Бөрібасарды жерден, жерге салып еді. Енді қарашы, ит иттігін жасап, емешегі үзіліп барады. Онымен алғаш тілдескен күні: «Бұлардың барлығы сөйлей білсе, неге біз осы күнге дейін аңғармағанбыз. Мүмкін адамдарға қарсы бір іс ойластырып жатқан шығар. Барсикті бізге тамырымызды басып көру үшін арнайы жіберуі де ғажап емес қой», - деп топшылғаным тегін емес екен деп түйдім. Мұнымен абайлап сөйлеспесе, іштей бір жоспары бар екен. Біздің ауылдың иттері адамзатқа қарсы соғыс ашпаққа бел буып жатқандай үрейлендім.
- Ислам Кәрімов дүниеден озыпты, - дегенде шалқортамнан түсе жаздадым.
- Оны қайдан естіп жүрсің? Бүгін ғана шартарапқа хабарланған жаңалық қой...
- Сенің үйіңнің артқы жағында үй соғып жатқан Әлия деген әйел бар ғой. Соның үйіндегі өзбектердің бірі түс кезінде ботадай боздап, аңырап жылап отырған.
- ...
- Айтпақшы, сен патшаң үшін жылай аласың ба?
- Қой, қайдағыны атпай... Жын қаққан ба өзіңді?
Тосыннан тасталған сұрақ тығырыққа тіреп тастады. Ақиқатында мұндай сауалға бас қатырған емеспін. Соңғы рет шешем өлгенде өкіріп, солығым басылмай қатты жылағаным есімде. Содан бері он жылдың жүзі алмасты. Өмірде жүрекке салмақ салып, жанымды жегі құрттай кеміреген небір оқиғалар өтті. Соның барлығында шешем өлген кездегідей шын жыладым деп айта алмаймын. Әсілінде адам баласы бес күндік ғұмырында бір-ақ рет шын жылайтын секілді. Барсик болса алыстан орағытып, ойыннан от тұтатқалы тұр. Менің жауап қатуға қиналғанымды сезді де:
- Айып етпе?! Соншалықты қиын сұрақ деп ойламаппын. Туххх, маңдайыңнан суық тер бұрқ ете қалды ғой... Бәрі сен әкеліп беретін газет-журналдардың кесірі. Оларды оқыған сайын қараптан-қарап күйіп кетемін. Әйтпесе саясатта нем бар, - деп, бар бәлені өзіме аудара салды.
«Бәсе, - дедім, ішім жібіп, - өмір деген газет-журнал бетінде жазылғандай емес. Өмір басқа...»
Барсик екеуміз әрі қарай тіл қатпадық. Май топырағы борпылдаған көшені тағы бір шолып, үйге қарай бұрылдық. Қоштасар сәтте ол маған қызық ұсынысы барын жеткізді.
- Өткенде бір көкшулан ит жайында айтқаным есіңде шығар.
- Иә.
- Көкшуланның өзгелерден ерек қасиеті болатын. Ол адамның кейпіне ене алады. Сол қасиеті маған да қонды деп айтқаны бар. Әлі күнге дейін бағымды сынамадым. Алдында сен есік алдында ұйықтап жатқанда ғайыптан жанымнан өтті деп едім ғой. Сол кезде ол туралы қайта сұрағым келген. Бірақ мені елең қылмады.
Барсиктің нені тұспалдағанын болжай алмадым. Сенбейін десем, адамның тілінде сөйлейтінін күнде көзіммен көріп жүрмін. Ондай иттен бәрін де күтуге болады.
- Адам секілді сайрағанда әңгіменің түбін түсіресің. Адамның да кейпіне ене алады екенсің. Мұның бәріне менің қатысым қанша?
- Айтайын дегенім... Егер қарсылық танытпасаң... Бір күн сенің кейпіңе еніп қала жаққа барып келсем... Сен менің кейпімде иттер әлемінің қыр-сырымен танысасың.
Есі дұрыс адам мұндай ұсыныстан бас тарпайтыны ақиқат. Өмірге жүз рет келсең де, Жаратқанға миллион мәрте жалбарынсаң да ертегілер еліндегідей ғажайып сәт басыңа орнамасы хақ. Сонда да іштегі алай-дүлей сезім ағысын іркіп, сыр білдірмей:
- Оны қалай істемексің? Сиқырлы сөз айтасың ба? Әлде күбір-күбір етіп, бақсылар секілді отты айналып ойнақ салмақсың ба? - дедім, күмәндана.
- Түк те қиындығы жоқ. Тек, келісім берсең болғаны.
- Келістік!
- Келістік!
Екеуміз екіге айырылдық.
* * *
Ашыған тамақтың исі мүңкіп, танауымды жарып барады. Оянуға ерініп, аунап түстім. Қолқаны қапқан иіс кетер емес. «Құдай-ау, не деген сасық иіс. Бөлмеге біреу шіріген жұмыртқа тастап кеткеннен сау ма» деп қоямын. Денем тоңазып қалыпты. Ұйқылы-ояу екі қолымды ербеңдете тырманып, жамылғы көрпені іздедім. Алақанымды белгісіз нәрсе қытықтайтын секілді. Қолымды тағы созғаным сол, қатты затқа тиді. Жалма-жан атып түрегелгенімде басымды оңдырмай соқтым. Далада, сәкінің астында жатырмын. Төбемнен тоқпақпен бір қойғандай шекем солқылдап, көзім қарауытып кетті. Жанарымды тоқтатып, төңірекке зер салдым. Бір-екі қадам жерде жартылай ас құйылған итаяқ тұр. Ернеуіне батпан болып қатқан қара қотыр май ағарып атқан күннің әлсіз сәулесімен жылт-жылт етеді. Лоқсып жібердім. «Ұйқымның берекесін қашырған осы пәлекеттің иісі екен ғой» деп жобаладым. Бірақ, түсінсем бұйырмасын?! Түнде төсегіне жантайған жанның сәкінің астынан, итаяқтың қасынан оянғаны қалай? О, тоба, үстіме қарасам, денемді қалың түк басқан. Тырнағым сояудай. Қос қолыммен бетімді ұстап едім, пішіні сопақша тартып, кәдімді тұмсық пайда болыпты. Бір түннің ішінде итке айналып шыға келіппін. Баж-баж етіп, басым ауған жаққа қаша жөнелер ме едім. Бәлкім тұрған орнымда жүрегім жарылып, сеспей қатар ма едім. Абырой болғанда Барсик екеуміздің түндегі уағдамыз есіме оралды. «Бір күн шыда. Әсілінде өзің қатты қызыққансың. Барсиктің кейпіне ену арқылы ауыл иттерінің арам пиғылын білмекке ұмтылғансың. Мұны Тәңірдің саған тартқан сыйы деп ұқ» деп, өз-өзімді жұбаттым. Сабама түскеніммен бүгінгі күнді неден бастарымды білмедім. Әуелі ит болып үргім келді. Аф-аф-аф... Көмейім бітеліп қалғандай, даусым құмығып естілді. Қайта қомданып, көкірегімді кере терең тыныстап, сахнада көрерменнен шапалақ дәметкен әншідей мойынымды созып, тұмсығымды көке шаншып, ышқына үрдім. Аф-аф-аф... Аф-аф-аф... Зор даусым қас-қағымда ауылды шарлап, жаңғыртып әкетті. Менің үргеніме өзге иттер қосылып, таңғы ауылдың тыныштығы тоқтап, азан-қазан болды. Әр жерде маңқ-маңқ еткен ит... Аф-аф-аф... Аф-аф-аф... Адамдар үнсіз. Аф-аф-аф... Адамдар қалың ұйқыда. Мұның да өз себебі бар. Бұл ауылда ешкім таңмен таласып сиыр саууға тұрмайды. Бұл ауылда өріске айдалатын төрт-түлік жоқ Сондықтан біздің көшенің тіршілігі таңғы алтыдан кейін басталатыны маған аян. Мен өз үйімді төңіректеп, оның жұмысқа шығуын сарыла күттім. Мұрныма қуырылған жұмыртқаның иісі келді. Әйелім қаннен-қаперсіз оған таңғы ас дайындап жүрген болар. Жүрегім сазып, асқазаным шұрылдады. Бағанағы итаяқ есіме түскенде қайта лоқсыдым. Бір күнгі аштық дәнеңе етпес, шыдаймын деп серт бердім өзіме.
Сүт пісірім уақыттан соң ол үйден шықты. Әйелімді қолтықтап алыпты. Менің ақ көйлегімді киген. Тура өзім сияқты жоғарғы екі түймесін ағытып қойыпты. Мен бұл ақ көйлекті сирек үстіме ілетінмін. Бәлкім ол өмірінде бір рет жарқырай көрініп, өмірдің ләззатын сезінгісі келген шығар. Менің бұйра шашымды гельмен жабыстыра тарап, артқа қайырыпты. Менің сақал-мұртымды жылмитып қырып тастапты. Мені көрген сәтте:
- О, Барсик! Қалайсың? Әдеттегідей жұмысқа шығарып салмақсың ба? - деді. Жауап берейін дедім де, өз-өзімді әрең тежедім. Жоспарымыз күл-талқан болып, тіпті әйелімнің жүрегі тоқтап қалуы мүмкін ғой. Құйрығымды бұлғаңдатып, «иә, дәл солай» дегендей сыңай таныттым. Екеуінің соңынан еріп келемін. Бірде алға озып, біресе артта қалып, әр нәрсені тіміскілеп келе жатқаныммен екеуінің әңгімесіне құлақ түруді ұмытпадым.
- Бүгін жұмыстан қашан шығасың, - деді әйелім оған қиылып.
- Кештеу қайтуым мүмкін. Шаруа шаш етектен, - деді ол. Әсілінде кеше барлық жұмысымды реттеп кеткенмін. Бүгін жұмыста қарамды көрсетіп отыратыным болмаса, ол айтқан істейтін іс жоқ. «Ол ешқашан қайтпай қойса қайтпекпін, - дедім мен іштей, - Мені алдап соғып, өзге қалаға кетіп қалса ше? Оның қарапайым ит, Барсик екенін кімге қалай дәлелдеймін? Іс насырға шаппай тұрғанда тоқтатып, әйеліме болған жәйтті жайып салсам ба екен? Әлде әліптің артын күтейін бе?» Сансыз сұрақтан сансырап, ұнжырғам түсіп кетті. «Неде болса ақырына дейін шыдайын» деп шештім.
Аялдамаға жеткен соң екеуі қалаға жүргелі тұрған таксиге отырды. Мен кері қайттым. Былайғы кезде қалай аңғармағанмын, аялдамаға дейін иесін шығарып салатын иттердің қатары көп екен. Ағы, қарасы, сарысы, кәндегі, төбеті дейсің бе, бәрі бар. Өткендегі дәу сұр ит те жүр. Барсиктің айтқаны айна қатесіз келді. Алға түсіп жүгірген сұр ит алаңсыз кетіп бара жатқан қара кәндекті желкеден тістеп, жұлмалап-жұлмалап лақтырып жіберді. Қыңсылауға шамасы жетпей қыстыққан қара кәндекті өзге иттер де бүре түсіп, сілікпесін шығарды. Ойбайға басып, бір аяғын көтере тұра қашқан байғұсты дәу сұр ит төсімен бір соғып, жолдың шетіндегі арыққа домалатып түсірді. Қара кәндектен сыбыс жоқ. Өліп қалмады ма деп арыққа үңілсем, бүйірі бүлкілдейді. Қайта тұрса анталаған көп ит талап жейтінін сезгендей, әдейі қозғалмай жатқан секілді. Бұл оның әдеттегі айласы болса керек. Шыдамым таусылып, Бөрібасардың жанына жетіп бардым.
- Не жетпейді сендерге, бір-біріңді қасқырша талап, - дедім, қалш-қалш етіп. Бір көзін сығырайтып, мысықтабандап жақындаған ол желкесін күжірейтіп:
- Барсикпісің? Тілің шығайын депті ғой. Көрейік әуселеңді, - деп, мені тіміскелеп өтті. Ызғарын шашып, азуын ақситып, бас салғалы тұр. Сұр ит қит етсе өзге иттер жапатармағай маған ұмтылып талап-жемек. Күні ертең өздерінің бірі дәл осылай құрбандыққа шалынатынын ешқайсысы бағамдамайтын сияқты. Осы сәтте араға киліккен кәрі төбет:
- Тәйт, өңшең антұрған! Әлің жектенді алып соғып, озбырлық танытуды батырлық деп кім айтыпты? Аулақ жүр! - деп, сұр итті тиып тастады. Кәрі төбеттің айбарынан қаймыққан Бөрібасар сап тиылды. Сонда да «бұл маңайдың қожайыны менмін» дегендей көзін шатынатып:
- Түс кезінде МТП жақта жиналыс болады. Бірің қалмай келіңдер, - деді тістеніп. Оның сөзіне бас шұлғыған иттер жан-жаққа тарқасты. Мен болсам қауіптен құтқарған кәрі төбетті іш тартып, соңынан ердім. Тұрқы биік төбеттің құлағы шұнақ екен. Тұмысығында білеуленген айқұш-ұйқыш тыртықтың ізі көп. Ұрты салбырап, қабағы қатпарланып, көзінің ұясы ұлғая түскен. Төбет біткеннің табиғатынан томаға-тұйық, қақ-соқпен ісі жоқтығын жақсы білетіндіктен сыр сурытпақтадым.
- Ныспыңыз кім?
- Сырттан.
Сырттан десе сырттан екен. Маңғаз. Сыны кетсе де қимыл-қозғалысынан бекзадалықты танисың.
- Кімнің итісің? Қай көшеде тұрасың? - деді ол, ақырын ғана.
- Анау «Кәусар» дүкенінен оңға бұрылатын көшенің бас жағында тұрамын.
- Онда жолымыз бір екен.
Бұдан кейін Сырттан тас жұтып қойғандай ләм-мим демеді. «Кәусар» дүкенінен өткеннен кейін біздің көшеге бұрылатын тұста ашық алаңқай болатын. Сол жерге жеткенде ғана:
- Дамылдап алсақ қалай қарайсың? Кәрілік дегенді қойсаңшы... Бұрынғыдай қой қайырып, ойды-қырды шарлап жүретін шама жоқ. Жарты шақырым жер баспай діңкем құриды, - деді. Сырттанның сөзінен соң біздің үй мен аялдаманың ортасы бір шақырымдай жер екені есіме түсті. Одан өткен өмірі жайында, қойлы ауылдан мына жерге қалай тап болғанын сұрағым келген. Жанын ауыртып аламын ба деп, басы артық сөз қозғамадым. Бір жағынан өзі де аса құлық танытпады. Қоштасар сәтте бар айтқаны:
- Ана Бөрібасардан бойыңды аулақ ұста, - деді. Бәрінің Бөрібасар десе төбе шашы тік тұрып, зәрезап болатынын түсінбедім. Рас, әлі келетін итке тісі батқан шығар, көрінгенге қорлық көрсетіп, тыныштығын алатын шығар. Неге бәрі жабылып Бөрібасардың сазайын беремейді? Тіпті, Сырттанның өзі-ақ ақырғы күшін сарқып алысса, Бөрібасардың аяғын аспаннан келтірері хақ. Иттердің шарасыздығына налып, басымды төмен салып келе жатып үйден өтіп кете жаздаппын. Кілт тоқтап, маңайыма көз тастадым. Әріректе ойын қызығына берілген екі-үші баладан басқа ешкім жоқ. Зеріге бастадым. Тезірек түс болса екен деп күттім. Уақыт тоқтап қалғандай, сырғыр емес. «Не деген көңілсіз ит өмір» дедім іштей. Әр қадамыңды санап, асығып-аптығып жүгіретін адамның өмірі қандай керемет! Бұрындары Барсикке қатты қызығушы едім. Оным күпіршілік екен. Сірә, Барсик те осы өмірінен баз кешіп, бір күн болса да адам секілді өмір сүргісі келген ғой деп түйдім. Көлеңкенің астынан қозғалғым келмеді. Көзім ілініп кетіпті. Көліктің дүрілінен ояндым. Көрші Даниярдың қызыл маздасын тепеңдетіп, түскі асқа оралған беті. Барсик секілді керіліп-созылып, құрысымды жазып алдым да МТП жаққа қарай аяңдадым.
Жиналыс басталып кетіпті. Ортада одыраңдаған Бөрібасар жиынды басқарып жүр. Бұл ауылдың адамынан иті көп пе дерсің, қарақұрым жиналыпты. Бұған дейін не айтылғанын білмеймін, дәл қазір ауыл ішін кезіп жүретін қаңғыбас қара қаншықтың мәселесін талқылаған топ шу-шу етеді.
- Әй, қара жылан. Сүмең-сүмең етіп жылына екід рет күшіктегеніңді қашан қоясың, а? Асырай алмасаң топырлатып туа бергеннен не пайда? - деді, Бөрібасар шүйлігіп. Қара қаншық қалысар емес.
- Оны неге үстіме артылғанда ойламайсың, - дегенде иттің бәрі ду күлді, - Тапсам, Құдайдың бергені! Аузындағысын жырып бергендей, о несі-ай?! - деді, жүзі түтігіп.
- Мұның күшіктері шетінен ұры. Сұғанақ. Солардың кесірінен адамдар ит біткенді қарғап-сілеп, намысымызға сызат түсуде, - деді бір кезде тырық төрт көз ит. Қара қаншық одан сайын шаптығып:
- О, тоба! Күшіктерім аяғы салбырап аспаннан түскендей кергитіндерің не? Қанына тартпай қайда қашада дейсің, - деп, топ итті бір түйреп алды. Әрі қарай күңкіл әңгіме, қыжыртқан сөзден құлағым шуылдап, басым мең-зең болды. «Бүйткен жиналысы құрсын» деп, тұра қаштым. «Бұлардан бекер қауіптенген екенмін» деп ойлап келемін. Барсиктің оқыс әрекеттерінен көңіліме күдік орнаған еді. Бір күндік уақытымның тектен-текке кеткенін түсіндім. Келдім де қайтадан сәкінің астына жатып алдым. Ең болмағанда кешке дейін ұйқымды қандырып, бір күн тынығып алайын дедім.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, «Барсик, Барсик» деген өз даусымнан ояндым. Төңірекке түн қонақтапты. Сілем қатып, серейіп қалыппын. Жалма-жан үй жаққа жүгірдім. Ол әлі жұмыстан келмепті. Сол кеткеннен мол кеткен ол үшінші күні таң бозында оралды. Үш күн бойы нәр татпай, аштан бұратылған менің сөйлеуге шамам жоқ. Жағым қуарып, қиралаңдап әрең қозғаламын.
- Жасаған Ием саз балшықтан жаратқан адамға алтыннан ескерткіш қою керек. Бірақ, есіңде болсын, қалаға барма, бұзыласың, - деді ол, қос қолын көкке көтеріп. Күйіп кеттім.
- Қайда жүрсің? Қалаң да, өзің де құры! Құдай үшін, өз өмірімді қайтаршы. Қалғанын ертең сөйлесерміз, - дедім оған жылы төсегімді аңсап.
- Керек еді сенің өмірің маған... - деді ол әлдебір түсініксіз дауыспен шиқылдап. Сөйтті де қайтадан:
- Бірақ, есіңде болсын, қалаға барма, бұзыласың? - деп, әп-сәтте өз қалпына еніп, ұясына қарай жөнелді.
* * *
Көз шырымын алып үлгермедім, төргі бөлмеде тырайып жатқан жерімнен жұлқылап оятқан әйелім бас салып құшақтап алды.
- Бармысың?! Құдайым-ау, тірі екенсің ғой. Сені бір пәлеге ұшырады екен деп... Жүрегім-ай...
Жанарынан аққан жас тарам-тарам төгіліп, мені бала секілді айналып толғана береді.
- Таң атпай жоқтау айтқаныңа жол болсын, - дедім таңданыспен.
- Енді қайтемін... Сені іздемеген жеріміз жоқ. Достарың, таныстарың бар, бәріміз жабылып үш күн бойы қаланы шарладық. Көрдім-білдім деген пенде жоқ. Жұмысыңа да бармапсың. Полицияға да хабар бердік.
Барсиктің елді шулатып, бір нәрсені бүлдіргенін сездім. Әйеліме үш күн бойы үйді торуылдап жүргенімді айтуға батылым бармады. «Тұра тұр бәлем, сазайыңды тарттырмасам ба» деп Барсикке кіжіндім. Асып-сасқан әйелімнің «қайда болдың» деп сұрауға мұршасы болмады. Ұйқым шайдай ашылды. Салқын душ қабылдап, асықпай шашымды кептірдім. Асқазаным шұрылдаса да таңғы асқа тәбетім тартпады. Жылдам киініп, жұмысқа асықтым. Есіктің алдына шыққаныммен Барсик көзге түспеді. Орталықтағы аялдамадан таксиге отырып, қалаға кеттім. Содан бері Барсикті көрмедім. Ұшты-күйлі жоқ. Алғашқы кезде көрші Алмас ағадан:
- Барсик қайда кеткен?- деп, сұрадым.
- Соған өзім де аң-таңмын. Жоғаларынан бұрын үш күн бойы екі үйдің ортасында ерсілі-қарсылы жүріп, нәр сызбай қойған. Содан кейін өзім де көрген емеспін, - деп жауап берді.
Бір білсе ол жайында Бөрібасар білер. Бәлкім Сырттаннан да сұрау керек шығар. Әлде оны көкшулан ит ертіп кеті ме екен?
Мақсат Рамазанұлы