10 қыр, 2024 сағат 17:04

"Мақпалды ақтамаңдар": Өнер адамдары Мақпал Жүнісоваға қолдау білдіріп жатыр


Өнер қайраткерлері мен әлеуметтік желі қолданушылары әнші Мақпал Жүнісоваға қолдау білдіріп, жазбалар арнады. Айта кетейік, әнші Instagram парақшасында өмірден шаршағаны туралы видеолар жариялап, кейін өшіріп тастаған. Жұрт оны ішімдік ішкен деп топшылады. 

Алайда көпшілік қазақтың ерке қызына бәрін кешіруге болады деп есептейді.

Блогер Серік Хасенов Мақпал Жүнісованы сөгетіндерге таңғалатынын жазды. Айтуынша, Мақпал сияқты бола алмағаны үшін өмірге өкпелі адамдар ғана оны сөгеді.

"Мақпал Жүнісованы әнші емес дегендердің құлағы керең не талғамдарында проблема бар...
Мақпал ханымның өжеттілігіне ризамын өзім. Өмірдің небір қиянаты мен қыспағына шыдап келе жатыр... өмірі өз аузымен айта алмайтын ішінде өліп бара жатқан сұмдық пен шындығы бар...
Өсек пен жала кімді болсын қажытады... жүрегі нәзік әйел затына ол тіпті ауыр тиіп жатады...
Күйеуіңді атып кетіп, өлімін сенен көреді... Өнер жолыңдағы есіктер тарс жабылады... Сұлу, өнерлі, қылықты әйелдің қырықта жесір қалу қасіретін айтуда қиын... Басқан ізің аңдулы, бір ағат адым жасасаң бүкіл халық назарындасың...
Мақпал ханымның қызық пен қасіретке толы тағдырының бізге мәлім сырларының өзі адамды мұңайтпай қоймайды... ал Мақпал ханымның ішінде не болып жатқанын айтпақ түгілі, елестету қиын... бізге беймәлім сырлары қаншама... айта алатыны бар, айта алмайтыны бар...
Бір адамның осынша жүкті арқалап алып, тағдыр жолында мойынсұнбай арпалысып келе жатқанын көріп басыңды қалай ғана имейсің... 
Ішіпті дейді... неге ішпеуі керек? Өз еркі ғой... Мақпал ханым іше түсіңіз... сізге ұзақ ғұмыр тілеймін... шеріңіз тарқасын...
Өжет, қайсар, мінезді, нәзік, сұлу, қылықты Мақпал ханым... сіздің ғұмыр үлкен майдан! Содан адамдық қалыбыңызды бұзбай ұстап келе жатқан ерлігіңіздің лайықты бағасыда бір күні берілер... өнеріңіздің де, өзіңіздің де алдыңызда басымды идім!", - деп жазды блогер.


Ықылас Ожайұлы есімді Желі қолданушысы Мақпал Жүнісовадан қайраткер, я ибалы нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам оңбай қателеседі дейді. 

"Ол бар болғаны кісі кейпіне ұласқан әннің өзі ғана. Оның түйеден түскендей сөйлей салатын, басы бар да аяғы жоқ орашолақ ойы – ескен желдей ерке әншінің ақжелең көңілі мен ішкі табиғатының нышаны. 
Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам. Оның тік шапшыған байтақ дауысы мен әр нотаны сорғалатқан нәзік дірілі сопының хал ішіндегі бейне бір дәргейі дерсің. 
Мақпал сыйлайтын рухани ләззат мінәжат пен катарсиске пар. Әнді мәтіндік  әм ноталық шеңберден шығарып,  мантра мен экстаз деңгейіне дейін жеткізген мұндай өнерпазды бұрын-соңды еш жерден естіген емеспін. Сол үшін де Мақпалды қазаққа бере салған Құдайға мың мадағымды жаудырамын...", - деп жазды ол.


Жазушы Бейбіт Сарыбай да Мақпал Жүнісова ақтауға зәру емес, Мақпал әрдайым өз биігінде, деп есептейді.

"Мақпалды шыр-пыр болып ақтап жатқандарды түсінемін. Мақпалды ақтамаңдар! Кімнен қорғап әлек болып жатырсыңдар? Ол – Мақпал ғой. Бәріміз білеміз, түсінеміз, жақсы көреміз. Тобыр деуге аузым бармайды, қоғамда сондай бір слой бар. Солар таратып, жазып жатқан шығар. Оларға керегі де сол. Шибөрілер ғой. Талағанды жақсы көреді. Оларға біз сеніп қалмаймыз ғой. Кім не десе де Мақпал өз биігінде, біз білетін биігінде қала бермек. 

«Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде». Төлеген. 
Мақпал шеңберден шығып кеткен адам. Мұқағали Фаризаны екі иығынан ұстап тұрып: «шеңберден шық»,-деген екен. Оны кейін көрнекті ақын Исрайыл Сапарбай керемет өлең қылып өрді. Оқып көріңіз.
«Шеңберден шық! –
Дүние шеңберінен!
Жараспайды ақынға жерде жүрген.
Екі бірдей аяғын ербеңдетіп,
Босанбай ма бөбек те жөргегінен?!
Шеңберден шық!
Сөзімді намыс көрме.
Запыран жұтып,
Қайтесің зар ішкенде?
Кіндігінен байланған Жер-анаға
Шеңберінен шығады Ғарышкер де!
Шеңберден шық! –
Шебінен өрмекшінің.
Кімге керек шерменде шерлі өксігің?
Мен көксеген көкте бір Құдірет бар,
Сол киеден өзіңді көрмекшімін.
Шеңберден шық!
Тентек қыз, текті құрбым!
Беймəлім бір əлемге бетті бұрғын.
Оңашамен дос болмай, көрмеймісің,
Тамашамен тағы да өтті бір күн.
Шеңберден шық!
Шығып кет шектен былай!
Əдірем қалсын өлеңсіз өткен күн, ай!
Батырлардың дəу пірі – Дию болса,
Ақындардың əупірі – Көк пен Құдай!
Шеңберден шық!
Фариза, шеңберден шық!
Серік іздеп қайтесің сергелдеңсіп?
Түу биікке шарықта!
Ал сонан соң...
Екі кездей табарсың жерден меншік...
Шеңберден шық,
Фариза, шеңберден шық!»
Ойпырмай ұят іздеп отырған әлгілердің қылығының өзі ұятсыздық емес пе? Мақпал басқаларымыздай екіжүзді емес. Оның бір ғана бейнесі бар. Ол ешқайыссымыздың қолымыз жетпеген, көксей беретін еркіндікке шыққан. Ол еркін адам. Ешкімге, ештеңеге тәуелді емес. Мақпал имам ба еді, ұстаз ба еді? Ойбай, мама деп шошитындай. Ол нағыз шығармашылық адамы. Шығармашылық адамы сондай «тәртіпсіз» болу керек. Бір сөзбен айтқанда Мақпал нағыз өнер адамы. Өнер адамы жайында Есенқұлдан асырып кім не жаза алғандай: 
Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,
Біздер, біздер біреулерге арманбыз.
Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,
Бақытынан қашып жүрген жандармыз.
Біреулердің оғы жоқ боп атарға,
Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда.
Жыртығыңды жамап беріп жатса да,
Ешкім бізді қоса алмайды қатарға.
Алдымызда жалт-жұлт етіп от шырақ,
Әне-міне бақ қонардай боп тұрад.
Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да,
Ешкім бізді шын түсінген жоқ, бірақ.
Жанымызға бермей ешбір тыныштық,
Көпшілікпен көп жүруге тырыстық.
Бар екенін махаббаттың, шындықтың,
Барша адамға сендіруге тырыстық.
Бізге ғашық ұятты қыз шыбық бел,
Бізге ғашық жаны жайсаң жігіттер.
Біз жүрген жер үлбіреген үміттер,
Біз жүрген жер ақ ниетті бүліктер.
Бәріміз сол жалпы мақтаудан аса алмаймыз. Ешкім оны шын түсінген жоқ. Мақпал түсініңдерші деп те жатқан жоқ. Жанына тыныштық қой, оның", - деп жазды Бейбіт Сарыбай.