Ұлттың шынайы ұлылығы әрдайым тәуелсіз әрі қуатты мемлекет құру үдерісінде көрініс тауып келді. Тарихи қауіп-қатерлерге толы қилы кезеңдерде жетістікке жету бақыты жер бетіндегі мыңдаған этностардың аздаған бөлігіне ғана бұйырды. Бүгінде әлем бойынша екі жүздей егеменді ел бар. Солардың ішінде ондаған мемлекет қана геосаяси күшке ие болып, экономикасын өркендете алды.
Қиын-қыстау кезеңнен өткен бұл таңдаулы халықтар өздерінің болаттай берік болмысын қалыптастырып, күш-қуатына деген нық сенімге ие болды. Ал әрбір азаматтың тарихи маңызы зор мемлекет құру ісіне атсалысуы олардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін ұялатып, береке мен бірлікке бастады.
Сонымен қатар әлем тарихы кез келген елдің қарқынды әрі табысты дамуы ұлт көсемдерінің өз дәуіріндегі жоғары стратегиялық міндеттерге және мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлердің ауқымды деңгейіне барабар ерен еңбегінсіз ешқашан жүзеге аспайтынын нақты дәлелдеп берді. Тіпті олар әрдайым жаһандық даму көшбасшылары болып саналатын халықтардың барлық маңызды жетістіктері мен жеңістеріндегі шешуші факторлардың бірі ретінде танылды.
Сондықтан тарихтың бетбұрыс сәттерінде биік белестерді бағындыру үшін халқын рухтандырып, болашаққа жол көрсете алатын ұлт кемеңгерін дүниеге әкелген елдер ғана бақытты өмір кешеді.
Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.
Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.
Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.
Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Елбасының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүние жүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінде мемлекеттік басқару мен көшбасшылықтың халықаралық теориясында ұлттық жаңғыру мен эволюциялық өзгерістердің жаңа әрі табысты үлгісі жасалды деп нық сеніммен айта аламыз. Бұларды ауқымдылығы жағынан Жапонияда Мэйдзидің, Түркияда Ататүріктің, АҚШ-та Франклин Рузвельттің, Германияда Людвиг Эрхардтың, Сингапурда Ли Куан Юдің, Қытайда Дэн Сяопиннің реформаларымен салыстыруға болады.
Көптеген беделді сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз халқының өсіп-өркендеуі және игілігі үшін қалтқысыз қызметімен, саяси көрегендігімен және бірегей стратегиялық ойлау жүйесіндегі айқын талантымен ерекшеленген әлемнің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына кіреді.
Ұлы дала сан ғасырлық ұйқыдан оянып, қайтадан жүздеген жыл бұрынғыдай әлемдік дамудың алдыңғы сапына шығуға ұмтылған кезде саяси көшбасшылықтың осындай сапасы мен тиімді стилі ғасырлар тоғысында аса қажет еді.
Шынайы көшбасшылар бүгінгі күнмен өмір сүрмейді және конъюнктуралық категориялар тұрғысынан ойламайды. Уинстон Черчилльдің саясаткерлер келесі сайлау туралы, ал мемлекет қайраткерлері келешек ұрпақ жөнінде толғанады деген ұлағатты сөзі бар. Нұрсұлтан Назарбаев күрделі де қиын жағдайларда үнемі батыл қимылдап, нақты шешім қабылдады. Жауапкершілікті өзіне алып, ұлттық стратегиялық жоспарлау ісінің көкжиегін үздіксіз кеңейтті.
Осы жылдары ол мемлекет құрылысының күрделі міндеттерін шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін қарқынды әрі зияткерлік тұрғыдан үздіксіз ізденісте болды. Соның нәтижесінде өзекті ойлар мен мазмұнды мәтіндер, перспективті жобалар мен идеялар, өмірге қажетті бастамалар мен бағдарламалар дүниеге келді. Олар тәуелсіз Қазақстанның дәйекті дамуы және орнықты ілгерілеуі үшін сенімді негіз қалады.
Н.Назарбаевтың инновациялық формулалары мен бірегей жаңғыру логикасының доктринасы алты негізгі бағытпен – оның саясатының жүйе құраушы діңгектерімен сәйкес келеді. Бұлар егеменді мемлекеттің және ұлттың жылдам қалыптасу үдерісінде ішкі тепе-теңдік пен белгілі бір қарқынды қамтамасыз етеді.
Елбасының концептуалды моделінің осы «алты алтын ережесі» аясында оның бүкіл маңызды жетістіктері, аса ауқымды жұмыстары және жаңа жаһандық әлемдегі қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру жөніндегі зор күш-жігері айқын көрінеді.
І. Қайта жаңғырған мемлекеттілік
Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалыптасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мемлекет ретінде танылды. Еліміздің өскелең ұрпағы осы жағдайды тарихи оқиға және берік болмыс ретінде қабылдайды. Бұл – негізінен әділетті. Бірақ біз тәуелсіздігіміздің бастауында кім тұрғанын және қалыптасудың аса маңызды жылдары оның темірқазығы кім болғанын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Кезінде алып «қызыл империяның» «жарықшақтарының» бірі болған Қазақстан бірте-бірте мықты өңірлік державаға айналды.
Еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көреген басшылығының арқасында өзінің даму жолын айқындап, қайталанбас ұлттық бірегейлікке қол жеткізу үшін күрделі кезеңді бастан кешіргенін ұмытпауымыз керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаңа егеменді еліміздің негізін қалау және экономиканың тиімді нарықтық үлгісін қалыптастыру барысында күрделі әрі жаппай етек алған көптеген проблемаларға тап болдық. Халқымыздың көпшілігі не істерін білмеді. Әлеуметтік сала тоқырап қалды. Ал халықаралық деңгейде бізді терра инкогнито деп қабылдады.
Еліміздегі ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарыс және қоғамдық сананы сапырылыстырған өзгерістер жас мемлекетіміздің болашағына қатысты көптеген пессимистік пікірлердің таралуына әкеп соқтырды.
Бәріміз үшін сындарлы болған осы кезеңде тәуелсіз Қазақстанның бас архитекторына әрі идеялық тұрғыдан дем берушісіне айналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор саяси таланты мен тұлғалық қасиеті тарих сахнасында айқын көрінді.
Аз ғана уақыттың ішінде ол ежелгі Ұлы даланың қуатты державаларының тарихи-мәдени мұрагері саналатын жаңа мемлекеттің базалық негіздерінің бәрін айқындап, біртіндеп нақты іске асырды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің күш-жігері еліміздің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін, институционалдық құрылысты, қауіпсіздік пен халықаралық қатынастарды нығайтуға, қаржылық-экономикалық егемендігімізді қамтамасыз етуге және ұлттық бірлік пен келісімге негізделген идеологияны қалыптастыруға жұмылдырылды.
1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Бірақ осы құжаттың зор тарихи маңыздылығына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанның нақты тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдаған сәттен басталады. Аталған заң мемлекет дамуының алғашқы кезеңін Конституция деңгейінде ресімдеп, еліміздің халықаралық құқықтық нормаларды құрметтейтінін көрсетіп, сыртқы саясаттағы дербестігін бекітті. Осы негіз қалаушы заңнамалық актінің арқасында ұлттық қауіпсіздік жүйесін құрып, өзіндік қаржы, салық және кедендік саясатымызды қалыптастырдық. Сонымен қатар бұл елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді жаңғырту үшін сенімді база әрі үйлесімді құқықтық мемлекет құру үшін мықты негіз болды.
Жас республикамыздың егемендігін заңды түрде ресімдеп, институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісінің мәні зор еді. Әсіресе өзіміздің ұлттық рәміздерімізді анықтап, оны азаматтарымызға және бүкіл әлемге таныстыру аса қажет болды.
Бұл қадамның бүкіл идеологиялық маңызын түсінген Тұңғыш Президент Қазақстанның ресми Туын, Елтаңбасын, Әнұранын әзірлеуге тікелей өзі атсалысты. Күрделі шығармашылық үдеріс 1992 жылғы 4 маусымда аяқталды. Осы күн жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді.
Шамамен 15 жылдан кейін еліміздің Әнұранының жаңа нұсқасы мақұлданды. Әнұран мәтіні авторларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаев.
Егемендіктің маңызды визуалды-рәміздік атрибутының бірі саналатын ұлттық валюта 1993 жылы қарашада енгізілді. Қазақстан теңгесі еліміздің экономикалық дербестігін айтарлықтай күшейтті және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етті.
Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуты – халықаралық деңгейде мойындалған аумағымыз. Көптеген дала империяларының тарихында шекара түсінігі көбінесе шартты ұғым болатын және ресми құжаттарда сирек белгіленетін. Ал дамыған жаһандық институттар мен қазіргі заманғы халықаралық құқық жағдайында «әлемдегі тоғызыншы аумақтың» мемлекеттік шекарасының заңды түрде ресімделуі жас республика үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мәні зор басымдығына айналды.
Еліміздің құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы – 13 400 шақырым. Құрлықтағы шекараны делимитациялау үдерісі қысқа мерзім ішінде, 1992-2005 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Каспий теңізі арқылы өтетін шекарамыз 2018 жылы Ақтау қаласында шекара маңы елдерінің тиісті құқықтық Конвенцияға қол қоюымен түбегейлі орнатылып, бекітілді. Енді мемлекеттік шекарамыздың бүкіл периметрі бойынша көршілес елдермен арамызда даулы және шешілмеген мәселе жоқ. Шекараның тұтастығы көпжақты және екіжақты келісімдер жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп, кепілдік беріледі.
Қазақстан өз тарихында алғаш рет заңды түрде ресімделген және халықаралық деңгейде мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды. Жаһандық геостратегиялық белгісіздік және түрлі елдер арасындағы шекара мәселесіне қатысты қақтығыстардың өршуі жағдайын ескерсек, бұл – Елбасының негізгі жетістіктерінің бірі.
Елбасы дәйекті сыртқы саяси қызметпен қатар, мемлекеттік шекараны қорғау ісін күшейтіп, еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөлді. Осы стратегиялық міндетті қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен республикамыздың егемендігінің сенімді кепілі саналатын өз Қарулы Күштеріміз құрылды.
Жас мемлекеттің іргетасы енді қаланып жатқан алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімде өте маңызды жүздеген заң жобаларын әзірлеп, бекітті. Бұл қоғамның барлық саласында ауқымды реформаларды уақтылы жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды.
1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда Ата Заңның жаңа нұсқасының қабылдануы мемлекетті құрудың бастапқы кезеңіндегі ерекше маңызды оқиға болды. Бұл құжат елімізді жан-жақты жаңғырту үшін берік негіз қалады. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат құндылықтары – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Сондай-ақ «Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм» Конституцияда бекітілген Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі принциптері ретінде танылды.
Тұрмыс салтының түбегейлі өзгеруінің кез келген көріністері жұртшылықтың заңды қарсылығын туғызары анық. Бұл көбінесе наразылықтың ең радикалды түріне айналуы мүмкін. Саяси оппоненттердің бітіспес қақтығыстарын, радикалдардың қырғи-қабақ тартысын, тіпті кей жерлерде бір-бірін өлтіруге дейін баратын мағынасыз әрі нәтижесіз азамат соғысын бастан өткерген посткеңестік елдердің көбінде осылай болды.
Бақытымызға қарай, ескі кеңестік тоталитарлық жүйенің қалдығы және плюралистік қоғам мен нарықтық экономикаға көшу ісі трагедиялық катаклизмге ұрындырған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси кемелдігі мен мемлекет ісіндегі даналығы кейбір көршілес елдердегідей келеңсіз жағдайларды болдырмай, үйлесімді әрі жалпыұлттық келісім мен бірліктің нақты үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар кез келген қоғам жақсы мотивация мен пәрменді жұмылдырушы бастамаға зәру. Осыған орай Елбасы мәдениет пен дәстүрді жаңғырту және қазақ тілін жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналдырды. Осы жылдары ұмытылған көптеген тарихи тұлғалар ақталып, қасіретті оқиғалардың әділ бағасы берілді. Еліміздің барлық өңірінде жүздеген еске алу шаралары мен салтанатты мерейтойлар өткізілді. Мұның бәрі халықтың патриоттық рухын біртіндеп күшейтті және қоғамдағы ұлттық дүниетанымның нығаюына септігін тигізді.
Дегенмен, рухты көтеретін бастамалардың ішіндегі айрықша жоба – Астана қаласы. 1990-жылдардың ортасында ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарыс пен үлкен саяси өзгеріс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға – мемлекеттің географиялық орталығына көшіру идеясын ұсынды. Оның ақылға қонымдылығы мен символдық мәнін, әсіресе еліміздің дамуына жол ашатын перспективасын сол кезде санаулы-ақ адам пайымдай білді.
Елбасының саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Қазақстан кез келген мемлекеттің шамасы жете бермейтін осынау зор жобаны табысты жүзеге асырды. Аз ғана уақыттың ішінде Астана еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңірдің шын мәніндегі саяси, экономикалық, мәдениет және білім орталығына айналды. Жаңа елорда Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан қолайлы географиялық артықшылықты тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші болды. Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыратын қуатты орталыққа айналып, көптеген ауқымды бағдарламалар мен маңызды бастамаларды байланыстыратын дәнекер қызметін атқаруда.
Бұл мақаланың форматы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың бәрін толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, ең бастысы: Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан халқы қысқа мерзімде жаңғырған мемлекеттің берік іргетасын қалады.
Әлем картасында жаңа тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасы пайда болды! Қол жеткізген жетістіктеріміздің бәрі қуатты мемлекеттіліктің, жұдырықтай жұмылған жұртымыздың және мықты көшбасшының арқасында жүзеге асты.
ІІ. Заманауи үлгідегі бәсекеге қабілетті нарықтық экономика
Тәуелсіз Қазақстан үшін әуел бастан экономиканы дамытудың басымдығы жаңа елдегі барлық қайта құру үдерісінің логикасын айқындады. Тұңғыш Президенттің мұндай прагматикалық әдісі бұрынғы шектен тыс орталықтандырылған әкімшілік-командалық экономикадан заманауи нарықтық жүйеге көшу жөніндегі тарихи мәні зор мәселені тиімді әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан посткеңестік кеңістікте табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды іске асыру жағынан көшбасшыға айналды.
Бұл шаралар кеңестік шаруашылықтың ыдырауынан кейінгі ауыр экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы және гиперинфляция жағдайында жүзеге асырылды. Бірақ Мемлекет басшысының дәйекті саясатының арқасында қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, сондай-ақ ең бастысы – кәсіпкерлік пен бизнесті еркін дамыту үшін қажетті жағдай жасай білдік. Жаппай жекешелендірудің жүргізілуі, жекеменшік институтының енгізілуі кәсіпорындарды тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, Қазақстанда нарықтық экономиканың толыққанды тетіктерін құруға мүмкіндік берді.
1993 жылы ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуі еліміздің қаржылық егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сол арқылы қаржы жүйесін тұрақтандыруға және тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік алдық. Нәтижесінде Қазақстан тікелей шетел инвестициясын тарту жөнінен ТМД елдері арасында алға шықты. Бүгінде оның көлемі 320 миллиард доллардан асты. Бұл – қолайлы инвестициялық ахуалдың әрі шетелдік серіктестердің елімізге және көшбасшымызға деген сенімінің айқын дәлелі.
Қомақты инвестицияның келуі отын-энергетика кешенінің және тау-кен металлургия саласының қарқынды дамуын қамтамасыз етті. Бұл салалар үшінші мыңжылдық қарсаңында ел экономикасын тұрақтандырып, оның әрі қарай өркендеуіне жол ашты. Осыған орай 2001 жылы Ұлттық қордың құрылуы маңызды қадам саналды. Қор ұлттық экономиканы сыртқы қатерлерден қорғаудың және болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтаудың тиімді институты бола білді.
Дағдарысқа қарсы батыл саясаттың және терең нарықтық трансформацияның арқасында Қазақстан 1997-1998 жылдардағы Азия қаржы дағдарысының және 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың қиындықтарын жеңді.
Жаһандық нарықтардағы жағдайдың өзгеруі, озық елдердің төмен көмірсутекті экономикаға өтуі, цифрлы дәуірдің басталуы Қазақстан үшін ХХІ ғасырдағы жаңа сынақ кезеңдері болды.
Осы жаңа технологиялық жағдайды ескеріп, Елбасы Қазақстан өнеркәсібін ауқымды түрде жаңғыртудың жолын белгілеп берді. Басты мақсат – шикізат емес тауарлар өндіруге бағытталған бәсекеге қабілетті әрі әртараптандырылған экономика құру. Осы жолда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық әлеуетімізді нығайту маңызды белес болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи индустриялық саясатты іске асырудағы басты талаптарының бірі – қосымша құны жоғары өнім өндіру. Бүгінде бұл бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы жылдары 1250 жаңа өндіріс орны іске қосылып, өнімнің жаңа 500 түрін шығара бастадық. Қазақстанның өнімі әлемнің 110 елінің нарығына экспортталады. 2009 жылдан бері қайта өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен асты.
Қайта өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі 36-дан 42 пайызға өсті, ал экспорттың жалпы көлемінде қайта өңдеу өнеркәсібінің экспорты 28-ден 32 пайызға артты. Машина жасау, соның ішінде автомобиль құрастыру қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Ел аумағында сатылған әрбір жаңа автокөліктің екіншісі Қазақстанда жасалған.
Тұңғыш Президент, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және оны әлемдік деңгейге көтеру мәселелеріне ерекше мән берді. Еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға бағытталған реформалар аграрлық сектордың өркендеуіне септігін тигізді. Еліміз бидай мен ұнды нарыққа шығаратын әлемдік экспорттаушылардың біріне айналды. Мал шаруашылығымыз да біртіндеп дамып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің көлік әлеуетін дамытуға баса мән берді.
Тұңғыш Президентіміздің стратегиялық көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан құрлықішілік тұйықталуды еңсеріп, еуразиялық маңызы бар транзиттік хабқа айналды. Ұзындығы 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынды. Транскаспий дәлізі қалыптасты. Оған Қытайдағы Ляньюнган шығыс порты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңізіндегі Қазақстан порттары – Құрық пен Ақтауға дейінгі темір жол және автомобиль жолдарының желісі кіреді. Заманауи логистикалық инфрақұрылым салынып, тұрақты контейнерлік қатынас орнады. Осылайша Қазақстан жүк тасымалдаудың әлемдік жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.
Жалпы, елімізде осы жылдар ішінде 12,5 мың шақырымнан астам автокөлік жолдары және 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, қайта жөндеуден өтті. Солардың ішінде «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Алматы), «Орталық – Шығыс» (Астана – Павлодар – Өскемен) және «Орталық – Батыс» (Астана – Ақтау) магистральдарының құрылысы жүргізілуде. Еліміздің 16 әуежайындағы 12 жолаушылар терминалы және ұшып-қону жолақтары қайта жөндеуден өтті.
Ел экономикасының негізі әрі көптеген қазақстандықтардың әл-ауқатының қайнар көзі – шағын және орта бизнес дамып келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендердің саны бүгінде 1,2 миллионнан асты. Бұл салада 3,2 миллион азамат жұмыспен қамтылған. 2018 жылы шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 10 пайыздан сәл ғана асқан еді.
Қазақстан жаһандық сауда және өндіріс жүйесіне табысты кіріге білді. Сыртқы сауда айналымы 1995 жылдан бері тоғыз еседен асып, 9 миллиард доллардан 85 миллиард долларға дейін өсті.
2015 жылы ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Соның арқасында еліміз сыртқы нарықтарда тең құқықтарға ие болып, Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда дауларын реттеу және шектеу шараларының алдын алу жөніндегі мүмкіндіктерін пайдалануға қол жеткізді.
Елімізде орнықты орта тап қалыптасты. Жан басына шаққандағы жинақ 1997 жылдан бері 240 еседен асып, 1900 теңгеден 2018 жылы 460 000 теңгеге дейін артты.
Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде табысы күнкөріс шегінен төмен тұрғындар саны 15 есе қысқарды, ал нақты еңбекақы көлемі 4 есе өсті.
2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы экономиканы әртараптандыру және қаржы қызметтерінің инновациялық кластерін қалыптастыру ісіндегі жаңа қадам болды. Бұл институттың қызметі бағалы қағаздардың ұлттық нарығын қалыптастыруға, оның халықаралық қаржы нарықтарымен интеграциялануына, шетелден және ел ішінен инвестиция тартудың биржалық тетігін дамытуға бағытталған.
Елімізде бизнес ортасын жақсарту және іскерлік белсенділікті дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде Қазақстан тарихта бірінші рет 28-орынға тұрақтап, бизнес жүргізу үшін ең қолайлы отыз елдің қатарына қосылды.
2012 жылы «Қазақстан-2030» жалпыұлттық стратегиясының барлық міндеттері мерзімінен бұрын орындалды. Еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына және орташа даму деңгейіндегі мемлекеттер тобына қосылды. Қазіргі бағдарымыз – «Қазақстан-2050» стратегиясы. Соның нәтижесінде біздің республика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жоғары стандарттарына сай болып, әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылады.
ІІІ. Эволюциялық саяси даму және қоғамдық тұрақтылық
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру ісінде әуел бастан «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» қағидатын ұстанды. Ол сол жылдардағы саяси ахуалдың барлық қиындықтарын өз басынан өткеріп, жұртшылықтың күдігі мен үмітін терең сезіне білді. Жауапкершілік деңгейі жоғары болғандықтан және әр нәрсеге прагматикалық тұрғыдан қарағандықтан Елбасы түрлі эксперименттер мен жөнсіз қадамдарға мүлде барған жоқ. Сол себепті, Қазақстанда эволюциялық және кезең-кезеңмен даму қағидаты басшылыққа алынды.
Уақыт осындай ұстанымның тиімділігін дәлелдеді. Біз мықты экономика құрып, бірте-бірте күшті азаматтық қоғамы бар орнықты әрі теңгерімді саяси жүйеге қадам басып келеміз.
Осы жылдар ішінде мемлекеттік-саяси құрылымның және қоғамдық қатынастар жүйесінің жалпы даму логикасы, ең алдымен, мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істейтін демократиялық институттарын құруға бағытталды.
Атап айтқанда, 1995 жылғы Конституцияға сәйкес біртұтас мемлекеттік билікті жүзеге асырудың орнықты тетігі жасалды. Оның негізін биліктің үш тармағы – атқарушы, заң шығарушы және сот билігі құрайды. Тепе-теңдік және тежемелік жүйесі (сенімсіздік білдіру вотумы, импичмент, вето құқығы және т.б.) арқылы биліктің тармақтарға бөліну қағидатына кепілдік берілді. Конституция президенттік басқару формасын жария етті. Президенттің ерекше мәртебеге ие болуы, биліктің барлық тармақтарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуі және мемлекеттік органдардың жұмысы үшін халық алдында жауапты болуы осы басқару нысанының өзіне тән ерекшелігі саналады.
Жалпы, 1990 жылдың 24 сәуірінде құрылған президенттік институт егемен еліміздің бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементіне айналды. Мұндай жағдай 1995 жылғы 25 сәуірде Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум барысында түпкілікті түрде ресімделді. Оның қорытындылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатына қоғамдық қолдау көрсетудің деңгейі жоғары екенін айқын көрсетті. Кейінгі жылдары мұндай қолдау арта түсті. Елімізде өткен барлық президенттік сайлаудың нәтижелері соған дәлел.
Нағыз көшбасшының ұлылығы мен болмысы ұзақ мерзімді басымдықтарды белгілеп, мемлекеттің даму бағытын дер кезінде үйлестіре білуімен айқындалады.
Саяси және экономикалық салада тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген түбегейлі құрылымдық реформалар мықты президенттік билікті қажет етті. Бірақ жаңа тарихи кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкіметтің рөлін күшейтіп, билік өкілеттіктерін қайта бөлген дұрыс деп шешті. Сол себепті Тұңғыш Президент еліміздің саяси жүйесінің жаңа құрылымы мен тепе-теңдігін белгілеп, 2017 жылы конституциялық реформа жүргізуді ұсынды.
Бұл қадам жаңа демократиялық стандарттарға және азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде дамытуға бағытталған еліміздің саяси жүйесінің эволюциясындағы жаңа кезеңге жол ашты. Осы реформа арқылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, егемендігімізді нығайту, демократиялық қағидаттарды дамыту және мемлекеттің тиімділігін арттыру ісіндегі Парламент депутаттарының рөлін күшейтудің стратегиялық перспективаларын айқындады.
Осылайша Қазақстан парламентарийзмі Қазақ КСР-нің ескірген Жоғарғы Кеңесінен заманауи қос палаталы кәсіби Парламентке дейінгі күрделі эволюциялық жолдан өтті. Қоғамдық-саяси күштер кеңінен өкілеттік алып, ел өміріне елеулі ықпал ете бастады.
Бүгінгі таңда республикамызда орнықты көппартиялы жүйе қалыптасты. Қазіргі уақытта 6 саяси партия ресми түрде жұмыс істеп келеді. Солардың үшеуі Парламент Мәжілісіне сайланды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1993 жылдың соңында елімізде екі-ақ саяси партия (Социалистік және Қазақстанның Ұлттық Конгресі) ресми түрде тіркелген болатын.
Президент басқарған «Nur Otan» партиясы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды және жұртшылық үшін өзекті жобаларды дәйекті түрде іске асырып, Қазақстанның қоғамдық-саяси кеңістігінің мықты топтастырушы буынына және халықтың түрлі өкілдерінің мүддесін қорғайтын күшке айналды.
Қоғамдық-саяси құрылымдардың қызметін реттейтін «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдар пікір алуандығын қамтамасыз етіп, азаматтардың республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейде шешім қабылдау ісіне атсалысуы үшін барлық мүмкіндіктерді берді. Бұл жағдай еліміздің қарқынды қоғамдық-саяси өмірінде айқын көрініс тапты. Мәселен, Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазір елімізде республикалық және өңірлік деңгейде 23 мыңға жуық қоғамдық бірлестік тіркелген.
Тәуелсіздік алған соң төртінші билік қарқынды дами түсті. Елімізде түрлі мемлекеттік емес коммерциялық, қоғамдық радиостансалар, телеарналар мен мерзімді басылымдар ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі қамтамасыз етілді. БАҚ еркіндігіне заң жүзінде кепілдік берілді.
Нәтижесінде отандық журналистика халықты ел ішіндегі және әлемдегі жағдай туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін тиімді қоғамдық бақылау институтына айналды. Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі меншік нысанындағы 3 393 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Солардың ішінде 2 829 мерзімді басылым, 133 телеарна, 70 радио және 361 ақпарат агенттігі мен желілік ақпарат көздері бар.
Сонымен қатар Елбасы мемлекеттік қызметтің жаңа меритократиялық жүйесінің қалыптасуына зор мән берді. Оның басты қағидаттары – демократиялылық, жалпыға қолжетімділік, қызметтің ашықтығы, қоғамдық пікірдің ескерілуі және жұртшылықпен ұдайы диалог жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен құзыреттілігі.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағы ыдыраған сәтте ғалымдар мен саясаткерлердің көпшілігі этностық және конфессияаралық қарама-қайшылықтардың салдарынан Қазақстан құрдымға кетеді деп болжады. Американың атақты саясаттанушысы Збигнев Бжезинский Югославияның көпке белгілі баянсыз тәжірибесіне сүйене отырып, біздің өңірді, тіпті «Еуразиялық Балқан» деп атады. Оқиғаның осылай өрбу қаупінің жоғары болғанын атап өткен жөн. Дегенмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейбіт өмірдің, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың нәзіктігі жоғары екенін түсініп, стратегиялық маңызы зор осы саладағы барлық жағымсыз үрдістердің алдын алып, оларды тиімді түрде бейтараптандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар ұсынды.
Атап айтқанда, мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік беріп, еліміздегі дәстүрлі діни бірлестіктердің еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етті.
Зайырлы мемлекеттің конституциялық қағидатын жүзеге асыру үшін жағдай жасалды. Соған сәйкес ешбір дін мемлекеттік және жалпыға міндетті дін ретінде белгіленбейді. Мұндай қадам ислам, христиан, иудаизм және басқа да конфессия өкілдерінің үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында институцияланып, белсенді ілгерілеп келеді.
Этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 1995 жылы еліміздегі 130-ға жуық этностың басын қосқан бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Жалпы, бүгінде Тұңғыш Президенттің үштұғырлы тіл және барлық этностар мен конфессия өкілдерінің теңдігі саясатының негізінде қоғамды демократияландыру, Қазақстан парламентарийзмі мен азаматтық қоғам институттарын дамыту, сондай-ақ елімізде жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарғанын нық сеніммен айтуға болады.
ІV. Әлеуметтік бағыттағы мемлекет құру
Әлеуметтік бағыттағы мемлекет – тәуелсіз Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі. Биліктің болмысын заманауи тұрғыда түсінудің өзі оның қоғам мен адамдарға бағытталғанын білдіреді. Тұңғыш Президентіміз адамның, оның білімі мен қабілеті еліміздің басты капиталы әрі құндылығы екенін үнемі айтып келеді. Қабылданған барлық бағдарламалар мен құжаттар, шын мәнінде, үйлесімді түрде дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Тек әлеуметтік бағыттағы мемлекет жоғары тұрмыс сапасын және адами капиталдың толықтай жүзеге асуын қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге нарық жағдайында қоғамдағы масылдық пен патернализм белгілерінен арылып, әлеуметтік басымдықтарды белгілеу ісінде ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет.
Еліміздің әлеуметтік саясаты осы қағидаттарды басшылыққа алу арқылы қалыптасты. Оның негізгі басымдықтары – сапалы медицина және білім беру саласы, өнімді жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында жүргізілген реформалар осыған қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2000-жылдардың басында денсаулық сақтау саласы реформаланды. Бұл медицинадағы басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашып, мемлекеттік емес сектордың дамуын қамтамасыз етті, сондай-ақ озық емдеу орталықтарын салуға мүмкіндік берді.
Осы саланы одан әрі жетілдіру мақсатымен бірқатар бағдарламалық құжаттар мен заңдар қабылданды, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.
Денсаулық сақтау саласы тұтастай жаңғырып, инфрақұрылымы жаңартылды, медициналық қызмет көрсету мен басқарудың әлемдік стандарттары енгізілді, заманауи медицина мамандары даярланды.
Денсаулық сақтау ісіне бөлінген қаражат мөлшері 1991 жылы 6 миллион теңгені құраса, 2017 жылы 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жылдары Қазақстанда 219 аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медицина орталықтары салынды.
Жаңа медициналық сервистік қызметтер, соның ішінде скрининг бағдарламасы, кардиологиялық қызмет көрсету жүйесі пайда болды. Еліміздің бүкіл өңірінде өз мамандарымыз зерттеулер жүргізіп, жоғары технологиялы отаның барлық түрін жасап келеді. Қазақстан озық медициналық кластер қалыптастырып, халықаралық медициналық туризмнің орталығына айналды.
Ең бастысы, тұрғындар денсаулығының көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Мәселен, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының жетістігі демографиялық көрсеткіштің артуынан байқалады. Жыл сайын елімізде шамамен 400 мың бала өмірге келеді. Ана өлімінің деңгейі 5 есе, сәбилердің шетінеуі 3 есе азайды.
Тұңғыш Президентіміз бұл саланы үнемі назарда ұстағандықтан бүгінде елімізде денсаулық сақтаудың тиімді әрі сапалы жүйесі қалыптасты.
Медицинамен қатар білім беру саласы мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Шығыста «Білім – ең қымбат қазына. Өйткені оны ұрлап кету, жоғалтып алу, жойып жіберу мүмкін емес» деген қанатты сөз бар. Қазіргі таңда оның құндылығы еселеніп артып отыр. Білім деңгейі барша елдер мен континенттердің нақты даму индикаторы саналып, олардың ілгерілеуі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің перспективасын айқындайды.
Қазақстанда білім беру саласындағы реформалар оқытудың әлемдік стандарттарын енгізуге, мемлекеттік емес білім беру секторын қалыптастыруға, қажетті мамандарды мақсатты түрде даярлауға, ақпараттық технологиялар мен электронды оқыту үдерісінің элементтерін енгізуге бағытталған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуі барлық мектеп түлектері үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде тең мүмкіндікке ие болуына және оның ашық болуына жағдай туғызды. Қазақстан 2010 жылы білім саласында Болонья декларациясына қосылды. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған үш сатылы «бакалавриат – магистратура – докторантура» моделі енгізілді.
Білім саласының инфрақұрылымдық базасы түбегейлі жақсарды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында 2837 нысан бой көтерді, соның ішінде 888 балабақша және 1949 мектеп салынды.
Елбасы егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздің мамандарын білім берудің халықаралық стандарттары бойынша даярлаудың маңыздылығына баса мән берді. «Болашақ» бағдарламасы маңызды жетістіктердің біріне айналды. Соның аясында 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды.
Назарбаев Университетті және Зияткерлік мектептердің желісін құру бәсекеге қабілетті заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, «білім экономикасы» үшін мамандар даярлау ісіндегі тағы бір қадам болды. Сонымен бірге техника саласы бойынша кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданды.
Бұл жұмыстардың бәрі елімізді дамытудың стратегиялық міндеттерін шешуге арналған маңызды зияткерлік ресурсты қалыптастырды. Тәуелсіздік жылдары жоғары білімді 2,8 миллион маман әзірленді. 1991 жылы жалпы 40 мыңнан астам адам жоғары білім алса, 2018 жылы олардың саны 150 мыңнан асты.
1997 жылғы зейнетақы реформасы әлеуметтік қамсыздандыру саласының заманауи жүйесін құру ісіндегі маңызды шешім болды. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып зейнетақының бөліп-тарату жүйесінен жинақтаушы жүйесіне көшті.
Әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін енгізу атаулы әлеуметтік саясатты күшейтуге септігін тигізді. Экономиканың одан әрі дамуы бюджет саласындағы жұмысшылардың жалақысын көбейтуге, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, он жыл ішінде, яғни 2005 жылдан 2015 жылға дейін, әлеуметтік салаға жұмсалған қаржы үш есе өсті. 1,5 миллионнан астам азаматымыз тұрақты түрде жәрдемақы мен төлемдер алды. Қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, табысын арттыруға бағытталған шаралардың жаңа кешенін жүзеге асыру үшін қосымша 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.
Демек Қазақстан осы жылдар ішінде әлеуметтік саясатын бірте-бірте күшейтіп, бұл салаға тартылған инвестиция көлемін арттыра түсті. 2006 – 2016 жылдар аралығында жүргізілген ауқымды баспана салу жұмыстарының нәтижесінде еліміздің тұрғын үй қоры 86,5 миллион шаршы метрге артты. 628 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,8 миллион адам жаңа пәтерге қоныстанды. Бір адамға шаққандағы тұрғын жаймен қамту көлемі 1,5 есе көбейіп, 14,4 шаршы метрден 21,8 шаршы метрге жетті.
Егер 1991 жылы еліміздегі әрбір алтыншы отбасының ғана автокөлік алуға жағдайы болса, 2017 жылы әрбір екінші шаңырақ жеке көлік алуға қол жеткізді.
БҰҰ-ның бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстан адами әлеуеті жоғары елдер тобына кіреді. Бұл Тұңғыш Президентіміз жүргізген әлеуметтік саясаттың табысты болғанын айғақтайды.
V. Белсенді және бейбіт сыртқы саясат
Егемендікке қол жеткізген Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүддемізді ескере отырып, көпвекторлы және бейбіт сыртқы саясат жүргізу жөніндегі бағытымызды нақты белгілеп берді. Оның негізі еліміздегі алғашқы құжаттардың бірі – 1992 жылы қабылданған «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясында» қаланды.
Халықаралық қатынастарымызды жаңадан бастадық. Көп нәрсе Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге мемлекеттердің, шетелдік ірі компаниялар мен ұйымдардың басшыларымен тікелей кездесулеріне және олармен өткізген келіссөздеріне байланысты болды. Тек 1992 жылдың өзінде Тұңғыш Президент жұмыс сапарымен Швейцарияға, Үндістанға, Аустрияға, Пәкістанға, АҚШ-қа, Финляндияға, Түркияға, Германияға, Францияға барды. Мұндай жұмыс қарқыны кейінгі жылдарда да жалғасын тапты.
Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім Елбасының батыл қадамдарының бірі болды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи құжатқа – «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осы маңызды шешім арқылы Тұңғыш Президентіміз жас мемлекеттің ұстанымы бейбітшілік екенін бүкіл халықаралық қоғамдастыққа жария етті. Бұл қадам Қазақстан Республикасының белсенді жаһандық антиядролық қызметінің бастауы болды. Кейіннен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
КСРО-ның көптеген ядролық арсеналынан бас тартуы тағы бір маңызы зор шешімдердің бірі болды. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қарудың айтарлықтай мол қорына үміт артпай, ашықтыққа, бейбітсүйгіштікке, ақылға жүгініп, моральдық беделге сенім артты. Уақыт бұл ұстанымның тарихи тұрғыдан орынды болғанын дәлелдеді. Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды.
2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланды. Онда ұлттардың соғыстар мен қақтығыстарды болдырмау жөніндегі келісілген іс-қимылдары айқындалды. Манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.
Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру үшін бірінші болып қадам жасады. 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында, яғни БҰҰ мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Азияның ауқымды кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым құруды ұсынды. Президенттің осы идеясы халықаралық қоғамдастық тарапынан кең қолдау тауып, кейіннен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі құрылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті көптеген халықаралық интеграциялық бастамалардың авторы саналады. Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді атсалысуының арқасында жаппай дүрбелеңнің және Кеңес Одағының басқарусыз ыдырауының алдын алған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Ол содан кейінгі жылдары бірнеше рет ТМД-ны Еуропа Одағының үлгісімен тиімді құрылымға айналдыруға бағытталған бастамалар көтерді. Сондай-ақ Елбасы ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын айрықша атап өткен жөн. Өңірлік ықпалдастықты нығайту үшін 2018 жылғы наурызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік жұмыс кездесуі өтті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің 2010 жылы Астанада өтуі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға әрі Қазақстанның сыртқы саясатындағы айтулы жетістік болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – Қазақстан үшін тарихи оқиға. Бұл еліміздің ірі халықаралық табысы саналды.
2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен дауыс беру рәсімі кезінде Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңызды проблемаларын шешу ісіндегі Қазақстан мен Елбасының белсенді рөлі халықаралық қоғамдастық тарапынан кеңінен мойындалғанын көрсетті. 2018 жылғы қаңтарда Қазақстан делегациясы өз тарихында алғаш рет басты орган – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына жетекшілік етті. 2018 жылғы 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейде өткен тақырыптық брифинг Қазақстанның негізгі іс-шарасы болды.
Сондай-ақ маңызы зор шаралардың қатарында еліміздің Сириядағы дағдарысты және басқа да жаһандық деңгейдегі қақтығыстарды, соның ішінде жуырда болған Түркия мен Ресей арасындағы шиеленісті реттеуге атсалысқанын айтқан жөн.
1991-2018 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелге барған 283 сапарын қоса алғанда халықаралық деңгейде 611 іс-шара, 233 мемлекетаралық саммит және 95 халықаралық форум өтті.
Жалпы, Елбасы екіжақты қатынастар аясында шетелдерге 283 рет сапар жасады, оның 32-сі – мемлекеттік, 164-і – ресми, 87-сі – жұмыс сапарлары.
Тұңғыш Президентіміз екіжақты қарым-қатынастар аясында әлемнің 70 еліне сапармен барды.
Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан 233 мемлекетаралық саммиттің 26-сы Қазақстанда, 207-сі өзге елдерде өтті. 95 халықаралық форумның 22-сі елімізде, 73-і өзге мемлекеттердің аумағында ұйымдастырылды.
Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі мінберінен 8 рет сөз сөйледі.
Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміз елімізде 255 мемлекеттің басшыларымен кездесіп, шетелдердің 127 үкімет басшыларын қабылдады.
Жалпы, Қазақстан тарапынан осы жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің халықаралық аренада лайықты орын алуына мүмкіндік берген белсенді сыртқы саяси және бітімгершілік қызмет атқарылды.
VI. Болашақтың жаңа бейнесі
Елді дамыту ісіндегі стратегиялық жоспарлау – мемлекеттік басқару мен тиімді саяси көшбасшылықтың маңызды функциясы. Мақсаттарды айқындау, міндеттерді белгілеу, оларға қол жеткізудің тетіктері мен алгоритмін әзірлеу әрдайым мемлекет пен оның көшбасшысының айрықша құзыреті саналады. Елбасы мұның өзара тығыз байланысты дүние екенін жақсы біледі.
«Болашақ бүгіннен басталады» деген ұлағат – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси философиясының негізін құрайтын тұжырымдарының бірі. Тұңғыш Президент жауапты саяси қайраткер және Елбасы ретінде әрдайым уақыттан озық жүретін және келешектің көкжиегін кеңейтетін шешімдер қабылдап, идеялар ұсынып отырды. Елбасы көтерген бастамалар еліміздің XXI ғасырдағы дамуы мен жасампаздығына бағытталған өркендеудің стратегиялық бағытын айқындады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз зияткерлік қызметінің нәтижесінде ондаған кітаптар мен доктриналар, тұжырымдамалық және бағдарламалық мақалалар жарыққа шықты. Ол еліміз бен жалпы адамзаттың келешектегі келбетін қалыптастыратын серпінді жобалар мен бағдарламаларға бастамашы болды.
Бұл ретте, Елбасы дәйекті түрде ұсынған стратегиялық құжаттардың бәрі басқарушылардың жаңа буыны үшін бағыт-бағдар береді.
Бұл құжаттар мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мақсаттарының берік негізін айқындап, еліміздің XXI ғасырдағы дамуының барлық басты бағыттарына қатысты Тұңғыш Президенттің жаһандық көзқарасын танытады.
Заманауи цифрлы өркениет жағдайында халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің өткізілуі әлемдегі жаңа технологиялық трендтерді үйлесімді игеруге және оған қатысуға мүмкіндік берген Қазақстанның бастамасы еді. Оған 4 миллионға жуық адам, соның ішінде әлемнің 187 елінен 600 мыңнан астам турист келді. ЭКСПО-2017 елімізді және Қазақстан ұлттық брендін жаһандық кеңістікте инновациялық тұрғыдан ілгерілетудің жаңа белесі болды.
Жаһандану үдерісінің қарқынды жүруі және мемлекеттік шекаралардың жойылуы ұлттық біртектіліктің күшейе түсуін талап етеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қамтылған идеялардың негізінде ұлттың рухани-мәдени кодын дәйекті түрде зерттеу және дамыту халқымыздың жасампаздық әлеуетін айтарлықтай арттыруға жол ашады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру ұлттың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейту ісіне зор үлес қосады. Сондай-ақ бұл шара Қазақстанның әлемдік ақпараттық-мәдени және ғылыми кеңістікке енуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Жастар – келешектің басты активі. Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым көпқырлы әрі жүйелі түрде жоспарланған жастар саясатын жүргізді. Бұл стратегиялық тәсіл елімізді әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына қоса алатын, білімі терең жас патриоттардың мықты шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
* * *
Кез келген істі бастау оңай емес. Себебі көш бастаушылар негізінен тәуекелге барып, тұманнан жол табады. Адамзат тарихында азаттық пен тәуелсіздіктің шынайы дәмін татпаған, дағдарыстар мен дүрбелеңдердің шырмауынан шыға алмаған елдер көптеп кездеседі.
Тұңғыш Президенттің саяси даналығының, сарқылмас күш-қуатының, қайтпас ерік-жігері мен көрегенділік қабілетінің арқасында бағыт-бағдарымызды айқындап, егемендіктің даму жолымен нық жүріп келеміз.
Ғаламдық ауқымда ойлайтын, нақты істермен айналысатын, прагматик, жаңашылдыққа әрқашан ашық, нағыз патриот, ынтымақтастыққа ұмтылатын басшы кез келген халықтың пешенесіне жазыла бермейді.
Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманынан оза туған, ойлары әрдайым батылдығымен және жаңашылдығымен ерекшеленіп, таңғалдыратын жаһандық деңгейдегі аса көрнекті мемлекет қайраткері.
Ол – мемлекеттік институттары берік, экономикалық іргетасы мықты және белсенді әрі өміршең қоғамы бар заманауи Қазақстанның негізін қалаушы әрі жасампаз тұлғасы. Еліміздің төрткүл дүниеге танылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Бұл – Тұңғыш Президенттің сіңірген зор еңбегінің жемісі. Оның алып тұлғасына уақыт пен өмірдің өзі жоғары баға берді.
Біз Назарбаевтың дәуірімен мақтана аламыз. Бұл кезеңде ең бастысы – мемлекеттілікті, тіліміз бен төл мәдениетімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ еркін ойлауға және жаңаруға, үнемі даму мен жетілу үшін шабыт алуға, жаңа әрі одан да биік шыңдарды бағындыруға жол ашылды.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы
"Егемен Қазақстан" газеті