28 жел, 2022 сағат 23:54

Магнус Карлсен рапидтен 4-ші рет әлем чемпионы атанды

Фото: fide.com

Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Алматыда жедел шахмат бойынша (рапид) өтіп жатқан 2022 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 13 турдан 10 ұпай жинап, тай-брейкке қатыспай-ақ турнирдің жеңімпазы атанды.

Карлсен рапидтен өтетін турнирді осымен 4-ші рет жеңіп алып отыр.

Ол Алматыдағы баспасөз мәслихаты барысында өзінің жарыстарға қалай дайындалатынын айтып берген еді.

«Менде нақты анықталған стратегия жоқ. Мен шахмат туралы ойлауды ешқашан тоқтатқан емеспін. Бұл менімен өмір сүретін нәрсе. Мен қалай ойнаймын, кіммен ойнаймын деп ойлаймын. Не істеу керек және не істемеу керектігі туралы кәсіпқойлар бөлісетін жалпы кеңестер бар. Шахмат мені импровизацияға және ойлануға жетелейді», - деді Магнус Карлсен.

Шахматтан 2022 жылғы әлем чемпионаты 25 желтоқсанда басталды.

Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшысы қатысып жатыр.