Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде лаңкестердің көзін жойған офицерге "Айбын" орденін табыс етті, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
"Еліміз үшін әскери еңбек маңызды, қазіргі бейбіт заманның өзінде ерлікпен пара-пар. Үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен Бахтияр Қайратұлы Қайырбеков марапатталады. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, лаңкестердің әскери қоймаға жасаған шабуылына тойтарыс беріп, шабуылдағандардың көзін жойды", - Қазақстан Президенті Ақордада наградаларды табыс ету кезінде.
Әскери қызметкер Бахтияр Қайырбеков Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзін қаһарман санамайтынын айтты.
"Өзімді қаһарман санамаймын, мен тек міндетімді атқардым. (...) Жоғары қолбасшының қолынан награда алу, әрине, қобалжу сезімін оятады. Уайым болды, бірақ мұны жасыруға тырыстым. Бұл мен үшін ерекше награда. Ендігіде офицерлік әскери істі жалғастырғым келеді", - деді марапатталған сарбаз.
"Бұл оқиға 5 маусымда болды, сол кезде мен Ақтөбедегі әскери қалашықтың күзеті бойынша ішкі қарауылдыққа шықтым, автопарктегі үшінші бекетте тұрдым. Ауысым 20 минуттан кейін еді, келесі ауысым жайлы ойлай бастадым, сол мезетте атысты естідім. Бастапқыда оқу-жаттығулар шығар деп, назар аудармадым. Екі минуттан кейін автоматтан оқ атылғанын ұқтым, сөйтіп, екінші бөлімге хабарласып, шабуыл жайды білдім. Соңына дейін оқу-жаттығу дабылы шығар деп ойладым, - деп еске алады Қайырбеков, - Жалпы 16 лаңкес баса-көктеп кірді. Мен отырған автопаркке алты адам кіріп келді. Маған оқ атылды, жарғы бойынша әрекет еттім, адамдарға оқ аттым. Бір лаңкестің көзін жойдым. Әрине, қорқыныш болды, өмірден естеліктер көз алдыма келе бастады, ата-анам есіме түсіп, "не мен тірі қаламын, не ол тірі қалады" деп ойладым".
Бахтияр Қайырбеков отан үшін еңбек етуге, жақсы офицер болып, жас сарбаздарға үлгі болуға уәде берді.