Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик жұптық сында да Мадрид мастерс турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық теннисші чилилік Кристиан Гаринмен бірге бастапқы кездесуін осы доданың 5-ракеткалары, америкалық Раджив Рам – ұлыбританиялық Джо Сэлисберимен өткізді.
Қазақстандық-чилилік жұп сағат жарымға созылған матчта 7:6 (7:5), 7:5 есебімен жеңіске жетті.
А.Бублик пен К.Гарин ширек финалға шығу үшін бельгиялықтар Сандер Жилле – Йоран Флигенмен таласады.
Александр Бублик әзірше жекелей сында да табысты өнер көрсетуде. Сәрсенбі күні оның үшінші айналымдағы қарсыласы анықталды. Дүниежүзілік рейтингте 27-орында тұрған ресейлік Аслан Карацев әлемнің 9-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцманды 2:6, 6:4, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Енді А.Бублик пен А.Карацев жекелей сында ширек финал жолдамасын сарапқа салады.