10 сәу, 2017 сағат 18:51

Мадияр Төлеу: "Ойды кезген елеспіз..."

Өлең туралы өлең ғана айта алады. Ал оның айтқанын ұғыну мүлде басқа әңгіме. Бұл өзі білу мен түсінудің айырмашылығы секілді. Поэзия жанның шырылы десек, біреудің жан дауысын өзіміздікімен үндес шықпағаны үшін айыптау өте орынсыз. Сондай-ақ, “өлең үшін ең маңыздысы мына нәрсе” деп айту да ақымақтық болса керек. Өлең – бұрын ешқашан орын алмаған оқиға және ол мұнан соң да қайталанбайды. Өмір дегеніміздің өзі сол оқиғалар тізбегінен тұрады. Ал Мадиярдың өлең өлкесіне алғашқы қадамы алақайлап сүйінші сұрарлықтай оқиға.

Жас өмірдің жаны тазалыққа, ізгілікке, жалпы жақсылық атаулыға құштар болады. Әлемді өзге қырынан көре біледі. Біз тереңіне бойлай бермейтін тылсым атаулыға өз сауалын қояды, өзінше жауап береді. Сонымен бірге, әділетсіздікке, зұлымдық пен сезімсіз надандыққа, күнделікті өмірде кездесіп жататын когнетивті бұрмалаудың барлығына бүкіл болмысымен қарсы тұрады. “Жыраулы елден” шыққан жас ақынның өлеңдерінен осы нәрсенің барлығын аңғаруға болады. Ақын жайлы мұнан арғы сөзді өлеңнің өзі айтсын...

Биболат Сәтжан

 

Қызыл іңір 

Төбемізден төнген бе қызыл іңір?
Құс жолында нәзік нұр сызылды кіл. 
Жүрегімнің түбінде суарылған, 
Тым бейкүнә кейіпте үзілді гүл.

Жүзіңді бұр... 
Ойға шомсам телміріп қарайды еркем, 
Дертіңді ішу уақытқа оңай ма екен? 
Сары шәлі оранған күз сылқымға, 
Ақ кебінін көмкерем қалай ертең? 

Көктемені бауырына ала қашқан,
Құстар бүркеп есінен танады аспан. 
Түбітті бұлт жыласа жұбатам деп, 
Алақанын жайып тұр қара ағаштар. 

Тарамыс жол легінде сарнап ағып,
Шұғыласы үздікті таңға қалып. 
Құйрығына іңірдің ілескенде, 
Аңдаусызда көзімді қанға малып. 

Жұлдыздардан тамшылап нәр құйылған,
Түніменен шала мас жанға ұйыған. 
Қызыл іңір сейілер сәт келгенде, 
Қарындастың сипай кет маңдайынан. 

***

Сүрлеудің жүзін қырау құшып,
Қаңтардың жауды жебесі.
Іштегі дертімді сұрау үшін,
Жылды күтем бе келесі?

Көгілдір күндер сағымы ұшты,
Қабағыңнан сыр сүздім.
Менің де бойым бағынышты,
Күбіріне үнсіздің.

Жапалақ шам,
Кейіс іргемде,
Көз қалықтайды саңғырып.
Жымию жақсы дейсіңдер ме?
Әуейі жұртпен қаңғырып.

Бөлмем ішінде еріп барам,
Еріп барады еңісім.
Сенімсіздікке сеніп қалам,
Жалғыздығыммен керісіп.

Балалар кезер бұл маңайды,
Қамығып қалды көбі ұдай.
Шана үстінде жүрек сырғанайды,
Құлап түсті,

Обал-ай!

Ойкезбе

Таң шешесі көкжиекке шам жағар,
Түн жапқан көзден мазаны ысырып.
Бұтақ сілкіп шулайды екен қарғалар,
Талды оята алмай азан шақырып.

Әуен емген құлағымды үсіттім,
Еспе тілден сөз жұққан лағыл арына.
Бедерлі қар ұялайды мысықтың,
Жаз татыған үрпек сары жонына.

Өмір тағы әдетінше есейді,
Өз жұмбағы саулап керегесінен.
Мен секілді жүдеу жүзін кезейді,
Бір оқушы мектеп терезесінен.

Өзгерте ме ел сенетін аңызды,
Абыз кітаптардан жол атын сұрап.
Қос қабағы қос дүние тәрізді,
Ол да ақын болатын шығар.

Шертолғау

Мені жалғызсыратты қайта көмескі үн,
Шомылғанда сәулесіне мезеттің.
Ұғындым,
Өткенімнің көлеңкесі емессің!

Талай ұран айтылады керексіз,
Шындығында, шынарым,
Ойды кезген елеспіз.

Дұғаларды ұмытқанда киелі,
Ең ұнамсыз сағатына күнәнің,
Сұлулығың басын талай иеді.

Мен де ұмыттым,
Бұл уақыттың күйісін
Елемеймін.
Аңсап кетем тұнжырап,
Кәрі әжемнің шаштарының иісін.

Бәлкім...

Аунақшыған өр еңсесі,
Жер - күннің көлеңкесі.
Болбыр тартсам желем кесіп,
Тұман - бұлттың көлеңкесі.
Алқындырар ер еңсесін,
Қыз - гүлдің көлеңкесі.
Сүйсінгеннің көрем десі,
Өнер - өмірдің көлеңкесі.
Толқыттырар сөреңді есіп,
Өмір - өлеңнің көлеңкесі.

Арпалыс

Күннің кейпін сұрап тұрар балапан,
Самала сәт ұйық мінез сары атан.
Сипай өтсе күлмен қаңғып кетермін,
Тосып тұрып тамшы жарған алақан.

Кеш сызылтып қимастықтың әніндей,
Ғұмыр толғап көре алмадым бәріндей.
Тереземе ұялаған қашпа түн,
Маужырайды ұйқы басқан тәнімдей.

Боз көйлегін сүйретеді оғаш күн,
Ілім сұрап бақсы бұлттан нені аштым?
Дем ішіне тұншығады тұтам жан,
Ұлы дертті жоғалттым.

Жібек құмдай құбылады түзде рең,
Желтоқсанда жаурап қалған күз денем.
Біздер дүмше екенбіз-ау, е, уақыт,
Өткенінің өкінішін іздеген.

Сынған үрей арқа аунаған шиімдей,
Ғажап кездің ұғына алмай күйін кей.
Сандырағы шерулейді сананың,
Бармағымның биіндей.

Аңсар

Шаттандым толассыз жыр құрметіне,
Ежелде күрсінді жыраулы ел.
Жел шапалақ ұрды бетіме,
Кінәм не?

Құныс ағаштың тамырын үгіп,
Уақыттың зікір күйісі.
Темекі иісін сұрайды тәні мүжіліп,
Ол - ажалдың иісі.

Білсең ғой ауырын жердегі xәлім,
Қиялымды аңсап қақпалы.
Жаным үріккен ернеу қоғаның,
Тентіреп кеткен мақпалы.

Құдайға сызыңды сыздырып алшы,
Құс көмей біткен сарындым.
Жер ананы ұйқыдан тұрғызып алшы,
Мен көктемді сағындым.

Сәби

Тұңғиығына тұншықтырғанда,
Үрейлі ойдың жолағы.
Жасы шерулеген ұршықты маңда,
Қорғансыз жүр ол әлі.

Жүрек жанары шелге басылып,
Кері адымдаған алаңдар.
Жан жаңғырығын желге жасырып,
Тасаланады адамдар.

Тәтті түсінде көз тігіп өңі,
Тобықтарынан тартады.
Құдай алқынтқан өксігі оның,
Мейірімсіздікке қауқары.

Сұқты көздердің құрығы бұла,
Бүлікшіліктей байырғы.
Ғалам сүйетін ұлылығынан,
Ес білгендігі айырды.

Төлеуов Мадияр Жалғасұлы 1997 жылы 14 сəуірде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүние келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті. 2015 жылы Қадыр Мырза Əлінің 80 жылдығына арналған республикалық мүшəйраның бас жүлде иегері, 2016 жылы Серік Томанов атындағы республикалық мүшəйраның ынталандыру сыйлығының иегері. 

Ұлт порталы