ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ақберен Елгезек еліміздегі әдебиеттің дамуындағы өзекті мәселелер мен бірқатар ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда театрлар мен кітапхана туралы тараулар бар, тіпті кино саласында арнайы заң қабылдадық. Оның бәрі керек, бәрі дұрыс. Бірақ осы театр мен киноның негізінде қандай дүние жатыр? Ол әрине әдебиет. Әдебиет болмаса, кино мен театр қойылымы қайдан шықсын? Кітапхана туралы тарау бар, бірақ сол кітапхана сөрелерінде әдеби кітаптар тұрған жоқ па?», - деді Ақберен Елгезек Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында.
Оның айтуынша, заңда көркем әдебиет туралы нақты тарау жоқ. Әдебиет туралы жанама қаралатын сөздер бар, бірақ ол қандай әдебиет деген нақты ұғымды анықтамайды.
«Мысалы қоғамдық маңызды әдебиет туралы тарау бар және ол тарауда ол әдебиетті шығарып басу мен тарату туралы бұлыңғыр ереже бар. Ал нақты көркем әдебиет туралы тарау жоқ. Неге біз қазақтың көркем әдебиет деген сөзінен қашамыз, соны қаламгерлер қауымы түсінбейді. Аталған заңда жазушының мәртебесі де анықталмаған. Шығармашылық қызметкер деген сөз бар, бірақ оның қоғамдық орны мен рөлі нақты айтылмаған. Біздің ойымызша, алдағы уақытта аталған заңда көркем әдебиет туралы, жазушының мәртебесі мен оның гонорар жолдарын анықтайтын ережелері бар бөлек тарау енгізу қажет. Оған саяси ерік-жігер бар болса, осы тарауды жасақтайтын жұмыс тобына қатысып, көмектесуге даярмыз», - деді қаламгер.