21 қаз, 2020 сағат 08:10

Люксембургте Абайдың 175 жылдығына арналған концерт өтті

Сейсенбі күні кешке Люксембург филармониясының камералық музыка залында «Қазақ даласы» атты музыкалық концерті өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Концерт қазақтың ұлы ақыны, композитор және философ Абайдың 175 жылдығына арналды. Мерекелік кешті Бельгия Корольдігіндегі ҚР Елшілігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Қазақстанның құрметті консулдығы ұйымдастырды. 

Концертте Абай әндерін, сондай-ақ Еуропалық музыканың кейбір туындыларын қазақстандық әртістер пианист Әйгерім Матаева мен опера әншісі Құдайберген Әбілдин орындады. 

Концерт басталар алдында ҚР-ның Бельгиядағы Елшісі Айгүл Құспан еуропалық аудиторияға қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы туралы айтып берді. Ол өз сөзінде Абайдың отандық мәдениет пен ұлттық құндылықты дамытуға қосқан елеулі үлесі мен шығармашылық мұрасын атап өтті. Сонымен қатар, А.Құспан ұлы ақынның қара сөздерінің бірін француз тілінде оқыды. 

Сондай-ақ, Люксембург филармониясының залында Қазақстанға арналған фотокөрме ұйымдастырылды.