Лондонда Қазақстанның тәуелсіздік күні ерекше салтанатпен тойланып, Ержан Максим британиялық жұртшылық алдында өнер көрсетті. «Junior Eurovision» байқауының лауреаты өзінің хит әндерін орындап, салтанатты жиынға келген қауымның зор қошеметіне ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тәуелсіздік тойына қатысуға ниет білдіргендердің санында шек болмады. Барлығы да Қазақстанды ұлттық мерекесімен құттықтап, жас талант Ержан Максимнің өнерін тамашалауға асықты. Дәстүр бойынша Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов жұбайымен бірге келушілерді жеке қарсы алды. Британиялықтар Қазақстан тәуелсіздігінің 28-ші жылы екі ел үшін өте жемісті болғандығын айтады.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффордың сөзіне қарағанда, қос мемлекет қарым-қатынасы өте маңызды.
«Бұл Орталық Азиядағы ең елеулі нарық. Осы жылы біз Қазақстанға шамамен 2,3 миллиард стерлинг фунтын экспорттадық. Және біз Қазақстандағы көлемі жағынан ең ірі алтыншы инвестормыз. Бірақ тек сауда-экономикалық әріптестік қана емес, мәдени алмасу және адами қарым-қатынас та маңызды. Бүгінгі Ұлттық мереке соның айқын айғағы», деді елші мырза.
Бұл күні Ержан Максимнің өнері британиялықтар үшін нағыз мәдени жаңалық болды. Балалар және ересектер Еуровижні Ұлыбританияда аса танымал байқау емес. Бірақ қонақтар әнші жайлы хабардар болып шықты. Әсем дауысы мен бекзат болмысы бар жас дарын көпшілікті таңдай қақтырды.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, Ержан Максим де отандастарын мерекемен құттықтап:
«Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді келіп жеткен бүгінгі тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Әрқашан аман болыңыздар. Әрқашан күліп-ойнап жүре беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деді.
Мәдени бағдарламаны қазақтың ұлттық тағамдары толықтырды. Қонақтарға сондай-ақ сарқыт та берілді. Олар үйлеріне Алматы апортынан ала кетті.