Ақтөбедегі лифтіде мерт болған журналист Айзат Әбдісаматтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Жәбірленуші тарап 5 миллион теңге моральдық өтемақы сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қалалық сотында сотталушы Жарылқасын Ақжанов жәбірленуші тараптан кешірім сұрап, өзінің кінәсіз екенін айтты.
"Мен өзімді кінәлі деп есептемеймін. Ал 5 миллион теңге моральдық шығынды төлей алмаймын. Ондай ақшам жоқ. Жағдайым келгенше көмектесе аламын. Өзім жолақы үшін 6 мың теңгеге лифт жөндеген адаммын", - деді сотталушы Ж.Ақжанов.
Ал сотталушы Кенен Жанабеков өз кінәсін мойындамады, бірақ жәбірленуші сұраған моральдық өтемақыны толық берді.
Айта кетейік, қаза болған Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова сотталушыларға кешірім беретінін жеткізді.
"Мен кешірім бердім. Негізі сотталушылар сол күні келіп, көңіл айтып, кешірім сұрауы керек еді. Ал олар арада 7 ай өткенде ғана үйіме келді", - деді Айзат Әбдәсаматтың анасы Айша Төлемісова.
Еске салсақ, осы жылдың сәуір айында журналист Айзат Әбдісамат лифт есігіне қысылып,көз жұмған еді. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша айып тағылды.
Сот басталмас бұрын Айзат Әбдісаматтың анасы кінәлі адамдардың жазалануын сұрады.
Ертең жарыссөз болады.