22 шіл, 2021 сағат 20:50

Левит екінші айналымда Хулио ла Крузбен түсуі мүмкін – бас бапкер


Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасына қатысатын боксшылардың жеребе қорытындысы бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеребе тарту рәсімі жаңа ғана аяқталды. Үш спортшымыз жеребе бойынша тарқатылған себетке түсті. Халықаралық Олимпиада комитетінің өз рейтингісінде алғашқы төрттікте тұрған боксшыларды жартылай финалға дейін бір-бірімен жолықпайтындай етіп тарқатып бөліп тастады. Соның ішінде біздің үш боксшымыз бар. 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетов бірінші рейтингте тұр. 91 келіде Василий Левит екінші нөмір болып тұр. Ең ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев та өз салмағында екінші нөмірде тұр. Солар жартылай финалған дейін рейтингінің төрттігіндегі боксшыларман жартылай финалға дейін жолықпайтындай етіп бөлінді. Бірақ Олимпиадада оңай жекпе-жектер болмайды. Әрине, спортшылардың бәрі мықты дайындықпен келді. Жеребе осылай түсіп тұр. Қалғанын ринг көрсетеді», - деді бас бапкер. 

Сондай-ақ, ол бұған қарап әлемдік рейтингтің алғашқы сатысында тұрғандарға жеребе жолдас болды деп айтуға келмейтінін ескертті. 

«Бұл жерде боксшылардың біріне жеребе жолдас болды, екіншісіне жеңіл болды деп айтуға келмейді. Мысалы, жаңағы тарқатылған себеттегі Василий Левиттің бірінші испандық қарсыласы да оңай спортшы емес. Ал келесі айналымда Хулио ла Крузбен түсуі мүмкін. Тарқатылған себетке біздің ғана емес, әлемнің таңдаулы боксшылары да кірмей қалған. Олимпиада чемпионы, соңғы Әлем чемипионатының жеңімпазы өзбекстандық Заиров та тарқатылған себетке түскен жоқ. Олимпиада комитеті өз рейтингісін жасап, соның қорытындысы бойынша тарқатып отыр. Өте мықты боксшылардың талайы нөмір алған жоқ. Хулио ла Курз да солай. Испандықты жеңіп жатса, Василий Хулио ла Крузбен шығуы мүмкін. 

Жеребе қорытындысы бір қарағанда жаман емес болып көрінгенімен, екінші жағынан күрделі болып тұр. Сондықтан осындай сәттер бар. Ринг көрсетеді. Жарыс басталғанда көреміз бәрін», - деді Ғалымбек Кенжебаев.