"Барселона" және Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовскиді қолтаңба беру кезінде тонап кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап.
Sport.es сайты мәліметінше, оқиға ойыншы көлігінің терезесінен қолтаңба беріп жатқан сәтте болған. Екі қарақшы көліктің жолаушы отыратын есігін ашып, футболшының қолынан құны 75 000 еуроға бағаланған сағатын алып кеткен.
Левандовски полициямен қарақшыларды қуған. Сөйтіп, полицейлер қарақшыларды ұстаған. Левандовскиге сағаты қайтарылды.
Еске салайық, 19 шілдеде "Барселона" 2014 жылдан бері "Бавария" сапында ойнап жүрген Левандовскидің ауысқанын жариялаған болатын. Осы уақыт ішінде ол 375 матчке қатысып, 344 гол соғып, 72 нәтижелі пас берген.