02 қар, 2018 сағат 12:30

Латын әліпбиіндегі тұңғыш газет жарық көрді

Ұлттық академиялық кітапханада «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің тұсаукесері өтті.

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латыннегізді қазақ әліпбиін нәсихаттайтын және жаңа әліпбиге қатысты ақпаратпен, танымдық материалдармен бөлісетін жаңа әліпбиде жарық көріп отырған тұңғыш басылым – «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газеті айына екі рет шығады.

Шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, газет ұжымын және оның шығуына ұйытқы болып отырған Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына алғысын айтып, құттықтады. Сонымен қатар газеттің алдағы уақыттағы бағыты талқыланып, бүгінгі қоғамның күн тәртібінде тұрған емле мәселелері жайында ұсыныс-пікірлер тыңдалды.


Газет таныстырылымы барысында өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасалып, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы пысықталды.

Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Əбдік бастаған қаламгер, зиялы қауым өкілдері, министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жазушы Сұлтан Оразалин «Егемен Қазақстан» газетінде күнделікті латын әліпбиімен шығатын бағанды оқып, жаттығып қалғанын да тілге тиек етті. Ендеше «Til-Qazyna» газетін де қалың оқырман жатырқамай қабылдайды деп сенеміз.

Ұларбек Нұрғалымұлы,

"Егемен Қазақстан"