05 қаз, 2016 сағат 10:29

Лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салынады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыста Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Сіздердің талқылауларыңызға енгізіліп отырған заң жобасы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Жобаны даярлау кезінде соңғы кездері елімізде және әлемде орын алған лаңкестік қылмыстар, сондай-ақ бұл қылмыстармен күрес бойынша оңтайлы тәжірибе ескерілді»,-деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев заң жобасын депутаттарға таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, Ақтөбе мен Алматыдағы соңғы оқиғалар экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында заңнамаға өзгерістер енгізуге қажетті индикатор болды.

Заң жобасын қабылдаудағы мақсат - экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы және көші-қонды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге негізделген.

Онда қару-жарақ айналымын, оны сақтау тәртібін бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық, қызметтік қару және оқ-дәрі айналымы, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру ескерілген.

Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризм үшін, оның ішінде халықаралық лаңкестік ұйымдарға және шетелдік қарулы жанжалдарға қатысқаны үшін жазаға тарту шараларын күшейту, лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салу қамтылып отыр.

Сонымен қатар терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтамағаны үшін, сондай-ақ қолданылуы міндетті техникалық құралдардың жарамсыздығы үшін күзет құрылымдарының және лаңкестік жағынан осал нысандар иелерінің әкімшілік жауапкершілігін енгізу көзделіп отыр.