Қызылорда облысында 27-29 мамыр аралығында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлығықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және көрнекті ақын, әдеби сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдрашевтің шығармашылығына арналған «Парасатты поэзия» атты екінші халықаралық фестиваль өтті.
Фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан және Қазақстанның 11 өңірінен қатысушылар жиналды. Сонымен қатар, шараға Фариза Оңғарсынова мен Жарасқан Әбдрашевтің туыстары қатысты.
Фестивальге Түркия және Әзербайжан Жазушылар Одағының мүшесі Мехмед Нури Пармаксыз, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі, баспасөз хатшысы Хаял Рза, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, "Жұлдыз" журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Байбота Қошым-Ноғай, Қалқаман Сарин, Ұларбек Нұрғалым, Мирас Асан, Бекзат Смадияр, Айбол Исламғали және т.б. қатысты. Сондай-ақ, шараның құрметті қонақтары - Фариза Оңғарсынованың сіңілісі Алмагүл мен ұлы Алмас Оңғарсыновтар, Жарасқан Әбдірашевтің ұлы Рүстем Әбдірашев пен немересі Әбілхайыр Әбдірашев арнайы келді.
Фестиваль аясында шараға қатысушылар облыстың барлық 7 ауданында болып, кездесулер мен поэзия кештері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралап көрді.
Бүгін Н. Бекежанов атындағы театрда өткен шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені екенін атап өтті.
«Ұлы даладағы халықтық дәстүрде шығармашылық адамына деген риясыз ықылас ежелден қалыптасқан. Оларға деген алғаусыз көңілі мен құрметінің шеті де, шегі де жоқ екені баршаға аян. Бір ғана мысал айтайын. Қазір аймағымызда Нартай, Әбділда, Манап, Асқар, Қалтай, Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет есімдерімен аталатын елдімекендер, білім ордалары бар. Бұл - өнерге деген елдің шексіз ықыласының бір көрінісі емес пе? Жалпы, ойлы сөз саптай білу, сөз қадірін түсіну, құдіретін сезіну, кестелі сөзбен өрнектеу - біздің халыққа берілген үлкен сый», - деді аймақ басшысы.
Поэзия кешінде республикаға белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ғалым Жайлыбай, сондай-ақ сырбойылық сөз шеберлері Елубай Әуезов, Ғазиза Әбілда, Назгүл Бердіқожа, Биболат Сәтжан, Ақжол Түменбай, Асылзат Арыстанбек өнер көрсетті.
Шарада өткен жылғы "Ұлы дала үні" фестивалі қатысушыларының шығармалар жинағы мен Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Айта кетейік, бүгін аймақ басшысы Қ.Көшербаев "Парасатты поэзия" фестивалінің қатысушыларымен кездесіп, өнер саласын қолдау бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімелесіп, ойларын ортаға салған болатын.