Фото: ашық дереккөз
Қызылорда қаласының прокуратурасы құны 900 млн теңге болатын мүлікті мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін полигон бұрын 15 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға кәсіпкерге берілген еді. Алайда, басқарушы шарт талаптарын орындамаған: ол табысының 50%-ын сыйақы ретінде және таза кірісінің бөлігін мемлекетке төлеу міндеттемелерін орындамады.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан бұл міндеттемелердің орындалуына бақылау жүргізілмеген.
Прокуратураның қадағалау жұмыстарының нәтижесінде 700 млн теңгеге бағаланған тұрмыстық қалдықтарды өңдеу полигоны және 210 млн теңгені құрайтын 16 жер учаскесі (жалпы көлемі 326 гектар) мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
