13 мам, 2024 сағат 10:00

Қызылорда қаласында бір күнде үш бала терезеден құлап кетті


Фото: pexels.com


Қызылорда қаласында бір күнде ересектердің қарауынсыз қалған үш бала көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетті.Оқиға кеше, 12 мамырда облыс орталығында болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.


Сағат 21.37-де көп қабатты үйдің үшінші қабатындағы балконнан үй иесінің 2017 жылғы қызы мен 2018 жылғы туысы құлап кеткен. Олар әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.


Сондай-ақ, қаланың сол жағалау бөлігінде көп қабатты үйдің бірінші қабатының терезесінен үй иесінің 2021 жылғы баласы құлап кетті. Ол әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.


«Ата-аналардан кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Москит торы балаларды терезеден құлаудан қорғай алмайды. Ересектердің қарауынсыз балалардың балконға шығуына рұқсат бермеген жөн. Әрбір баланың өміріне ата-анасы жауапты екенін естен шығармаған жөн», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.


Ведомство мәліметінше, биыл мұндай 7 оқиға тіркелген. Былтыр олардың саны 14 дерекке жетті.