18 қаң, 2017 сағат 09:08

Қытайлардан қорқамын...

“Қытайлар келе жатыр!” дегеннен зәрем қалмады. Өйткенi Астанадағы әлдебiр неке агенттiгiнiң бастығы Татьяна деген ханымның “Қытай жобасына” әйелiм қатты қызыға кеткенi.
– Қытайдың мен деген миллионер 15 жiгiтi елiмiзге қазақ қыздарын айттыруға келедi екен. Мен де барып... – деп тiлi күрмелдi.
– Өй, сен менiң әйелiм емессiң бе? – деп сұрадым көздерiм атыздай болып.
– Болсам ше? Қытайлықтардың бiр жылдық табысы 90 мың доллар деп жазыпты, ал сенiң айлығың отыз мың теңге... Кедейлiктен күйiп кеттiм тегi!
– Осыдан аттап бас, аяғыңды сындырамын!
– Кетемiн!
– Сенi кiм алады? Байға тигенсiң! Екi баламыз бар...
– “Күйеуiм жоқ” деп сендiремiн. Екi балам болса да, әлi қыздаймын. Мүсiнiм ұрып тұр. Қытайлық жiгiттер менi көргенде шеттерiнен құлайды!
– Шынымен кетесiң бе? Қытайға?
– Иә.
– Кел, қоштасып қалайық,–дедiм. Ол орнынан тұрды. Бас салып мойнынан қылғындыра бастап едiм, “бiрдеңе айтайын, бiрдеңе!” деген сөзiн әрең ұқтым. 
О, атаңа нәлет қытайлық жiгiттер! Нелерiң бар бiздiң елдегi қыз-қырқынға движение жасап?! О, оңбаған агенттiк басшысы! Қарап отырып қатынымнан айырылайын деп отырмын ғой!
Әйелiмнiң көздерi бақырайып, өлгелi жатыр! Саусақтарымды босатып едiм, жарты сағат жөтелдi.
Содан кейiн көздерi жасаурап:
– Шынымен, менi намысы, ұяты жоқ қыздар қатарына қосып отырсың ба? –деп сұрады.
– Иә!
– Өй, жынды, мен әшейiн алдап тиемiн де, ақшасын алып, қашып кетемiн ғой! Несиеден құтыламыз, ақшалы болып қаламыз. Керек едi, маған бақа-шаян жегiштерiң!
– Қалай сонда? 
– “Сенi ұнатып қалдым, бiрақ маған мың доллар бере тұршы, шешеме тастап кетейiн. Ол сенiң болашақ енең ғой!” демеймiн бе? Содан соң “маңғыт, аузыңа саңғыт” деп...
Ойланып қалдым да, артынан iле айныдым:
– Қойшы қатын, қытайсыз да қатық көже iше аламыз! Қытай елшiсiнiң өзi айтып жатыр, қытай жiгiттерi қазақ қыздарына құмар деп, қайдан бiлейiн, шынымен кетiп қалсаң ше?
Қатыным қабағыма қарады, балаларым сабағына қарады... 
Қашанға дейiн қарар екен қабағыма?!

Азамат ЖҰМАШТЕГI,
Текелi қаласы,
Алматы облысы.

"Жас Алаш" газеті