25 қаңтар күні белгілі жазушы, ақын, сыншы Әбденбай Бажай Қабайұлы 80 жасқа қараған шағында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында дүниеден озды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әбденбай Бажай 1939 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі Алтай аймағында дүниеге келген. 1959 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң тіл институтының Қытай тілі және әдебиеті факультетінде оқыған.
Ол саналы ғұмырында шығармашылықпен қатар, оқытушы, «Алтай» газетінің редакторы, Шыңжаң өлкесіндегі Жазушылар одағының қазақ тілінде жарық көретін «Шұғыла» журналында бас редактордың орынбасары секілді қоғамдық жұмыстарды атқарған. Әбденбай Бажай Іле Қазақ автономиялық облысының Жазушылар қоғамы төрағасының орынбасары, Қытай жазушылар қоғамының мүшесі, «Мемлекеттік бірінші дәрежелі жазушы» атағының иегері болды.
«Сүрлеу», «Тау бұлағы», «Бөгеу бермес», «Ақиқат іздеген адам» жыр жинақтарының және «Күн өз кеудеңнен туады», «Жасампаздық орбитасы», «Әдебиет және таным» кітаптарының авторы. Шығармалары қытай, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған. Сонымен бірге ақын өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» секілді Қазақстанда шығатын басылымдарда жарық көріп, оқырмандармен қауышқан.