XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай құрамында сынға түсіп жатқан конькиші қазақ қызы Ақнәр Адаққызы көптеген БАҚ-тың назарын аударуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақнәр Адаққызы 1999 жылы Шыңжаң өлкесі, Хутуби ауданы, Шитизи қазақ автономиялы елді мекенінде туған. Ақнәр 5 жасынан бастап коньки тебеді. Оған алғашқы конькиін ағасы сыйлапты. Дәл осы сыйлық оның спорттық өмірінің бастамасына айналады. 10 жасында спортқа деген әуестігіне кәсіби түрде қарап, жаттықтырушысының бағыт-бағдарымен шұғылдана бастайды. Күн сайынғы тынымсыз еңбек пен табанды жаттығулар көп ұзамай нәтижесін де көрсетеді. Ақнәр Шыңжаңдағы жасөспірімдер арасынан айрықша көзге түседі.
Қытайдың ақпарат құралдары Ақнәрдің спорттағы өмірлік жолы туралы жарыса жазуда. Ол 2012 жылы әкесінің ауыр сырқатына байланысты жаттығуды тоқтатуға мәжбүр болыпты. Әкесіне қарау үшін біраз уақыт үйде отырып қалады. Қызының қабілетін білетін әкесіне бұл оңай тимейді. Ол қайтыс болар алдында: «Өзің жақсы көретін іске мықтап ден қоюың керек және бір нәрсеге кіріссең барыңды сал. Мен сенің ұлттық құрама қатарына қосылып, үздік спортшы бола алатыныңа сенемін...» деп аманат айтып кеткен.
Ақнәр әкесінің бұл сөздерін өмірлік ұстанымына айналдырып, үмітін ақтауды мақсат тұтады. Уақыты мен күш-жігерін сарп етіп, 2014 жылы Шыңжаң қысқы ойындарында қатарынан 5 рет чемпион атанады. Сөйтіп, 15 жасында ресми түрде Шыңжаң құрамасының мүшелігіне өтіп, ұлттық жарысқа қатысу құқығына ие болады. Ал 2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына алынады.
2019 жылы ұлттық құраманың сапында жүрген Ақнәр ел ішінде және шетелде өткен аламандарда қатарынан 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алады. Бұл кезде ол әлі 20-ға да толмаған еді. Ал былтырғы әлем чемпионатында Ақнәр конькимен жүгіруден командалық жарысқа қатысып, Қытайдың қоржынына қола медаль салады.
5 ақпанда Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы 3000 метрге конькимен жүгіру жарысында Ақнәр 4:12.28 уақытымен 17-орынға ие болды.
Ойыннан кейін берген сұхбатында қазақ қызы бұдан да жоғары нәтижелерден үмітті екенін, әлі де шеберлігін шыңдау үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Ақнәр енді 10 ақпан күні әйелдер арасындағы 1500 және 5000 метрге конькимен жүгіру жарысында да бақ сынамақ.
Еске салсақ, Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай атынан үш қандасымыз қатысуда.