Қазақстандық спортшы Александр Герлиц Қытай астанасы Бейжіңде өтіп жатқан 2022 жылғы Паралимпиада ойындарында спринт жарысында 5-орынға тұрақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған сайыста француз Бенджамин Давье жеңімпаз атанды. Екінші орын неміс спортшысы Марко Майерге бұйырса, үздік үштікті украиналық Григорий Вовчинский (Украина) түйіндеді.
Енді Александр Герлиц 11 наурызда парабиатлон сайысында сынға түседі.
Еске салсақ, ол 8 наурызда парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда қола медаль алды. Оны жүлдесімен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Александр Герлиц 1989 жылдың 31 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында дүниеге келді.
2011 жылы жол апатына түсіп, оған үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды. 2014 жылдан бастап ол Иван және Мария Дробязко сынды бапкерлердің жетекшілігімен шаңғы спортының қыр-сырына қанықты. Әкесі Александр Александрович Герлиц баласының әрдайым спортпен айналысуына көңіл бөлді. Алғаш рет 2018 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысты.