8 динамо спортшысы Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада Ұлттық құраманың намысын қорғайды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада ұлттық құрама XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Бейжіңге ұшып кетті. Қазақстандықтар спорттың 8 түрінен 82 олимпиадалық лицензия жеңіп алған болатын. Оның ішінде биатлон, шорт-трек, конькимен жүгіру және тау шаңғысы спорты, фристайл-акробатика және тағы басқа спорт түрлері бар. Ұлттық олимпиадалық команда құрамына кірген 32 спортшының 28-і - динамошылар», - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшылар жеңіп алған 72 олимпиадалық медальдың 60-ы «Динамо» қоғамының өкілдеріне тиесілі.
Айта кету керек, ұлттық құрама командаларының 80%-дан астамын динамо спортшылары құрайды. Олар әртүрлі спорт түрлері бойынша өнер көрсетеді. Сондай-ақ 44 олимпиадалық спорт түрінің 36-сы «Динамода» дайындалады.
«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру және арнайы даярлығына жәрдемдесетін елдегі ең көне спорт ұйымдарының бірі.
Тоқсан мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкері - осы қоғамның мүшесі. Олар 15 аумақтық филиалдағы 445 дене шынықтыру ұжымына біріктірілген.
Одан бөлек, бұл қоғам - бұқаралық спортты, дене шынықтыру-спорт қозғалысын, жастарды тәрбиелеу бағытында қызмет атқаратын бірегей спорт ұйымы.