23 қазан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Онда Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойлық жылы аясында өткен салтанатты іс-шараларға қатысып, өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекеттік хатшының жұмыс сапары ұлы ойшыл әл-Фарабидің атамекені Отырардан басталды. Қырымбек Көшербаев бұл жердегі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен және «Әбу Насыр әл-Фараби руханияты» атты музейдің қызметімен танысты. Сондай-ақ «Арыстанбаб» кесенесіне зиярат жасап, «Ұлы бабалар аллеясын» аралап көрді.
Мемлекеттік хатшы Абай мен әл-Фараби ескерткіштерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының және «екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіштерінің ашылуы олардың ұрпақтарының киелі Түркістан топырағына деген құрметі болып табылады.
Қырымбек Көшербаев өзінің құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауымен Түркістан әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан тың серпін алып, түркі әлемінің маңызды рухани орталығы ретінде қарқынды жаңғырып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен бірге Мемлекеттік хатшы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Оқушылар сарайы мен Шәмші Қалдаяқов ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады және «Ақжайық» музыкалық мектебінде болды.