11 қаз, 2024 сағат 11:03

Қырғызстанда марқұмдарға көк тас қою нұсқаулығын бекіту ұсынылуда

Фото: АКИpress

Қырғызстанда азаматтарды жерлеу тәртібін реттеу мақсатында марқұмдарға ескерткіштер мен мемориалдық белгілер орнату жөніндегі нұсқаулықты бекіту ұсынылып жатыр. Қырғыз Республикасы министрлер кабинеті тиісті қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Kazinform.

Талаптарға сәйкес, ескерткіш белгілері ұзақ мерзімге шыдамды материалдардан - тас, металл, ағаш және атмосфералық әсерлерге төзімді басқа материалдардан жасалуы керек.

Ескерткіштің ең үлкен өлшемдері нақты зиратқа арналған нормаларға сәйкес келуі тиіс. Ұсынылатын биіктік 2 метрден аспауы керек, ал іргетасының ені мен ұзындығы 1,5 метрден аспауы тиіс. Ескерткіштегі жазулар айқын шрифтпен жазылып, марқұмның аты-жөні, туған және қайтыс болған күні көрсетілуі тиіс. Марқұмның діни сеніміне сәйкес эпитафиялар мен діни белгілерді қосуға рұқсат етіледі.

Қоғамдық мораль мен тәртіпке қайшы элементтері бар ескерткіш белгілерді қолдануға тыйым салынады.

Зираттағы ескерткішті орнату үшін жерлеу қызметіне өтініш беру қажет, онда өтініш берушінің аты-жөні мен байланыс мәліметтері, жерлеу орны мен нөмірі, ескерткіштің алдын ала сипаттамасы (пішіні, материалы, өлшемдері, жазбалары) көрсетіледі. Өтінішке қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі, өтініш берушінің ескерткіш орнатуға құқығы бар екенін растайтын құжаттар және эскиз қоса беріледі. Өтініш берілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Егер мақұлданса, өтініш берушіге монтаждау мерзімі мен шарттары көрсетілген ескерткіш орнатуға рұқсат беріледі.