Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Қырғызстандағы Ош облысының Ноокат ауданында селден қаза болған ауыл тұрғындары мен туристер арасында Шығыс Қазақстанның 4 баласы бар, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ШҚО әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барған. Туристік аймақта жүрген сел шығысқазақстандықтардың өмірін қиып кетті.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін балалардың денелерін Өскеменге арнайы бортпен жеткізді. Өңір әкімдігінде балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған барлық қызметтердің мамандары жұмылдырылды.
- Аймақ басшысы Ермек Көшербаев марқұмдардың туыстарымен кездесті. Осы қиын күндерде жергілікті атқарушы органдар мен «Халифа Алтай» мешітінің қызметкерлері жерлеу рәсімін өткізуді өз мойындарына алды. Өңірдің кәсіпорындары мен бизнес өкілдері отбасыларға көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Әкімдік қызметкерлері мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қайғылы оқиғаға байланысты балалардың туыстарына көңіл айтты, - делінген ақпаратта.
Осыған дейін Қырғызстанда жойқын селдің салдарынан қазақстандық балалардың құрбан болғанын жаздық.