ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов еліміздегі қылмыстылық ахуалына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы бес жылда Қазақстанда қылмыстылық деңгейі төмендеу үрдісін көрсетіп келеді. Бұл ауыр және аса ауыр қылмыстарға да қатысты. Сонымен қатар, өткен жылы алғаш рет ұрлық секілді кеңінен тараған қылмыстың түрі бойынша фактілер азайды», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда Рашид Жақыпов еліміздің өңірлерінде жергілікті билік органдары құқық қорғау органдарымен бірлесе алдын алу шараларын қабылдап жатқанын жеткізді.
«Қалалар мен көшелер бейнебақылау камераларымен, тұрғын үй кешендері де осындай жүйелермен жабдықталуда. Көңіл көтеретін орындарға қатысты бақылауды күшейтудеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өзінің нәтижесін беріп келеді. Жалпы, қылмыстылық деңгейі азаюда. Соңғы жылдардағы статистикаға қарасақ, бұл көрсеткіштерді көруге болады. Бүгінде әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталады. Оның мақсаты - жанжалдың мән-жайын зерттеп, айыптыларды анықтау», - деді министрдің орынбасары.
Оның пайымынша, қылмыстылықты жалғыз полицияның күш-жігерімен жою мүмкін емес.
«Менің ойымша, қоғам мен құқық қорғау органдары шынымен де бірігіп жұмыс істесе, онда қылмыстылықпен күресте елеулі ілгерілеушілік жасаймыз», - деп түйді ол.
Айта кетейік, Рашид Жақыпов баспасөз мәслихатында Денис Теннің өліміне қатысты тараған қауесеттерге жауап берді.