24 қыр, 2025 сағат 16:43

Күзгі аллергиядан қалай қорғануға болады?


Фото: mugalzhar.kz

Күз – алтын түске боялған табиғаттың тыныш әрі шабыт сыйлайтын мезгілі. Алайда көпшілік үшін бұл кезең – аллергияның күшею уақыты. Күзгі аллергия – тозаң мен басқа да аллергендердің әсерінен туындайтын маусымдық аллергиялық реакция. Оның негізгі белгілері: түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің қышуы мен жас ағуы. Бірақ бұл тек бастамасы ғана... Мұндай аллергия жалпы әлсіздік, ұйқысыздық, тез шаршау мен көңіл-күйдің түсуі сияқты қосымша белгілермен де жүруі мүмкін. Тіпті кейде адам өмір сүру сапасының төмендегенін сезіп, өзін үнемі шаршаңқы, ашушаң күйде ұстайды. Ult.kz тілшісі күзгі аллергиядан қалай сақтануға болатынын және медицина бұл мәселеде қалай көмектесе алатынын зерттеп көрді.


 Ұзақ мерзімді терапия


Осы орайда аллерголог-дәрігер Жансая Сәдуақастың айтуынша, аллергия иммун жүйесінің шамадан тыс реакциясы.


«Аллергия – бұл ағзаның зиянсыз заттарға шамадан тыс әрекет көрсетуі. Күз мезгілінде бұл реакцияны тудыратын негізгі себеп – ауада көбейетін тозаң мен зең споралары. Көпшілік оларды байқамай, тұмау немесе суық тиді деп ойлайды. Алайда, егер белгілер бірнеше аптадан артық сақталса, бұл – аллергияның анық белгісі», – дейді аллерголог.


Маманның айтуынша, қазіргі уақытта аллергияны емдеуде қолданылатын аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ) тәсілі жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл әдіс аллергенге ағзаны біртіндеп үйрету арқылы реакцияны азайтып, кей жағдайларда мүлдем жоюға көмектеседі.


«АСИТ – бұл симптомдарды басатын дәрі емес. Бұл – аурудың себебіне тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді терапия. Ол тек дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс», – дейді Жансая Сәдуақас.


Күзде аллергиямен қалай күресуге болады?


Маман жағдайдың алдын алу үшін алдымен диагнозды нақтылау керек. Яғни аллергияны дұрыс емдеу үшін нақты неге реакция болып жатқанын анықтау маңызды. Ол үшін аллергологиялық тест тапсыру қажет.

Осы орайда маман бірнеше қарапайым кеңес береді:

Үй тазалығына ерекше мән беру:

– Үйді күнделікті ылғалды әдіспен сүрту;
– Терезені тозаң көп болатын уақыттарда (таңертең, кешке) ашпаған жөн;
– Шаңсорғышты сүзгісімен бірге қолданған абзал.


Иммунитетті күшейту:


– Дұрыс тамақтану;
– Ұйқы режимі;
– Күйзеліске жол бермеу


Аллергологтың айтуынша, кейде адамдар аллергияны жеңіл қабылдап, медициналық көмекке жүгінбейді. Бірақ созылмалы аллергия ұйқы сапасын бұзады, еңбекке қабілеттілікті төмендетеді, көңіл-күйді түсіреді. Бұл – жай ғана түшкіру емес, өмір сапасын төмендететін жағдай. Симптомдарды елемей жүре бермей, уақытылы диагноз қойып, дұрыс ем қабылдау – өмір сапасын жақсартудың басты кілті.


Ақбота Мұсабекқызы