Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тасқыннан бүлінген үйлерді сапалы салуды тапсырды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» министрлікке сілтеме жасап.
Ведомство басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Онда Қанат Шарлапаев тасқыннан бүлінген үйлердің құрылысы қалай жүріп жатқанын тексерді.
Биыл қыркүйекте Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарында үйлердің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
"Қаратөбе ауданында табиғи апаттан 97 үй зардап шексе, оның 90 үйі тұруға жарамсыз, 7 үй жөндеу керек. Бүгінде 90 үй салынып жатыр: 72 үй – жаңа алаңда, 18 үй – бұрынғы телімдерде.
Сырым ауданында тасқыннан 257 үй бүлінген: 114 баспана тұруға жарамсыз, 149 үйді жөнде керек. 114 үй салынып жатыр: 51 үй – жаңа жер телімінде, 63 үй – бұрынғы жер телімінде.
Теректі ауданында 45 үй бүлінген: 23 үй тұруға жарамсыз, 21 үй
жөндеуді қажет етеді, 1 баспана сатып алынды. Жаңа жер телімінде 18 үй салынып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Нысандарды тексеру барысында министр тасқыннан бүлінген үйлерді сапалы салуды және құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімітте тасқыннан 4,3 мың үй тұруға жарамсыз болып қалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шекккен 350-ден аса отбасы баспаналы болды.