08 мау, 2020 сағат 11:23

«Құрметті азаматтың» құты қашты немесе Нүкеновті бұл атаққа кім тықпалап жүр?!

«Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағына көзі тірісі бар, дүниеден  көшкені бар, жалпы 117 азамат ие. Осы 117 «құрметтінің» керуені 2016 жылға дейін арнайы комиссия сүзгісінен өтіп, тәп-тәуір келе жатты. 

Саны жағынан талдап өтсек, бұл атақ 1972 жылы – 6; 1979 жылы – 2; 1983 жылы -2; 1986 жылы – 1; 1987 жылы – 3; 1989 жылы -1; 1991 жылы – 1; 1994 жылы – 2; 1995-1996 жылдары – бір-бірден; 1997 жылы – 4; 1999 жылы - 4; 2002 жылы – 6; 2003 жылы -1; 2004 жылы - 2; 2005 жылы – 2; 2006 жылы – 3; 2007 жылы – 3; 2010 жылы – 4; 2011 жылы – 4; 2012 жылы – 5; 2013 жылы – 3; 2015 жылы 2 азаматқа берілген. Байқағандарыңыздай, кей жылдары ешкімге берілмеген кездер болған. Сонымен қатар, дүниеден өткен тұлғаларға берілген шақтары бар. 

1972 жылдан бері «тұлпардай желіп» келе жатқан осынау атақтың жолынан бір сүрінген кезі Виктор Щукинге берілген 2015 жыл еді. Ол жылы «Богатырь Көмір» компаниясының бас директорлығы қызметінде отырған Щукин мырзаға қала әкімі Александр Вербняк «Қаланың құрметті азаматы» төсбелгісін өз қолымен таққанына қарамастан, кейін қалалық мәслихат Щукин мырзаға бұл атақты беру туралы шешімнің күшін жойды. Оған себеп: Виктор Щукин мырза Ресей азаматы көрінеді, ал «құрметті азамат» атағы өзге елдің азаматына берілмейді. Шешім күшінің жойылуына прокуратураның қарсылығы себеп болды. Бірақ Вербняк мырзаның араласуымен бе, әлде жоғарыдағы басшылардың ықпалы ма, кім білсін, әйтеуір кейін мәслихат жарғысына өзгерістер енгізіліп, Щукин мырза ол атақты бәрібір алды. Өзге елдің азаматына қайтсе де беру үшін жарғы өзгертуге баратындай Щукин әулие ме сонша дейсің еріксіз... Не деген «жомарттық»! Былай қарасаңыз, Щукин соншалықты не тындырыпты? Жарайды, қалада өтетін түрлі шараларға демеушілік еткен шығар, бірақ ақшаны өз қалтасынан берген жоқ, бәрі де Екібастұздың өз көмірінің ақшасы емес пе еді?! Десе де бұл жағдайда бір ырза болатын жайт – прокуратураның қырағылы мен әділеттілігі. Себебі прокурордың бәрі бірдей емес екенін төмендегі фактілерден байқауға болады. 

«Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағына ұсынушылар кандидатурасы бұрындары адал да әділ талқыланатындықтан, ол төңірегінде осы Щукин оқиғасына және одан беріде Нүкенов әкім болғанға дейін ешқашан алып-қашпа сөз шығып көрген емес. Ал Екібастұзға Қайрат Нүкенов әкім болып келгелі осы атақ «пәшкісімен» таратыла бастады. Қайрат Теміршотұлы басшы болып келген 2016 жылы бұл атақ әй-шәй жоқ 15 азаматқа берілді. Сорақысы сол: олардың арасында Екібастұз өңірінде мандытып еңбек етпеген, бір-екі жыл ғана тұрған азаматтар кездесті. 

Мәселен, осы атаққа ие болған Ағлаш Сағитұлы Сәдуов біраз жыл ғана «Екібастұз» кеңшарының  директоры, «Экибастузэнергострой» АҚ Бас директорының орынбасары болып жұмыс істепті. Жұмыс істесе, жалақысын алды ғой енді. Тегін істеген жоқ қой. Ағлаш ақсақал жақсы азамат шығар, еңбегін мінсіз атқарған шығар, ол жағына шүбә келтіре алмаймыз. Бірақ «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағы қоғамға, ұрпақ тәрбиесіне, елге еңбегі сіңген, қоғамдық жұмыспен көпке танылған азаматқа берілуі керек. Ақсақал әлдебір ізгі істерімен Екібастұзда танылды дейін десек, олай деуге айғақ та жоқ. Ол кісіні білетін адамның өзі бірлі-жарым. Бұл өмірде тындырған ең керемет ісі 2016 жылы Екібастұзда прокурорлық орынтақта отырған ұлы Ерлан Сәдуовты тәрбиелеп, ер жеткізгені деуге болады. Қызметкер ұл өсіргеннің бәріне атақ беру керек болса, онда ендігі Екібастұздағы «құрметтілер» тізімі 117 емес, 1170 болуы керек шығар, бәлкім ... 

Ал енді Нүкеновтен атақ алған мына азаматтардың өмірбаяндарына назар аударайық: 

«МҰХАМЕТКАЛИ ЖАНТЕМІРОВ.  25 жылдан астам Қазақстан Республикасы ҰҚК органдарында қызмет атқарған, отставкадағы полковник, Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері. КСРО ҚК 60, 70 жылдығы, ҚР ҚК 20 жылдығы, Павлодар облысының 75 жылдығы, ҚР Тәуелсіздігінің 10,20,25-жылдығы мерейтойлық медальдарымен, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» «Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті ардагері», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталған». Бұл азаматтың да Отан алдында мінсіз қызмет еткеніне күмән келтіргіміз жоқ. Бірақ ерліктері зор болса, ол үшін «Барыс», «Айбын» сияқты наградалар неге алмайды? Өмірбаянында Екібастұз туралы бір сөз болсашы емге?! Бұл кісіні танитын адамды да Екібастұздан таппадық.  

«САФАРҒАЛИ БАЙБОЛАТОВ.  Ауыл шаруашылығы ардагері. Павлодар облысының Шарбақты, Павлодар аудандарының кеңшарларында  бас зоотехник, директор болып еңбек етті. 1992 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Екібастұз ауданы әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 1994 жылдан бастап «Пресновский» шаруа қожалығының басшысы. «Павлодар облысына 75 жыл», «Павлодар ауданына 80 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.  «Павлодар ауданының Құрметті азаматы».

Бұл кісі тіпті Екібастұзда екі-ақ жыл еңбек еткен сияқты. Әкім әлде «Шарбақты ауданының құрметті азаматын» берем деп шатасқан ба? 

Тізе берсек, Нүкеновтің атақты тамыр-таныстықпен берген адамдары әлі де баршылық... 

Ал енді ең қызығын айтайық. 

Кезінде Нүкеновтің шарапатын көрген жергілікті бір-екі кәсіпкер Екібастұздың бұрынғы екі әкімі – кеншілер қаласын бір-екі-ақ жыл басқарған Нүкенов пен Әшімбетовті «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» деген атаққа ұсынғысы келіп жүр екен. Сонда Нүкеновке бұл атақты не үшін беру керек? Қазіргі Бауыржан Момышұлы көшесінің (бұрынғы Строительная) жөндеу жұмыстарына тендер өткізгенде жіберген ағаттықтары үшін бе? Сол кезде тендердің дұрыс ойнатылмауы кесірінен көше бірнеше жыл бойы ішек-қарны ақтарылған күйі жатты. Әлі күнге дейін ол көшеде маршруттық автобус та жүрмейді. Бертін тіпті мердігер тарап сотқа беріп әкімдікті ойсырата жеңіп шыққан. 

Нүкенов, сонымен қатар, жолаушы тасымалдаушылармен тіл табыса аламй, қалааралық, қалаішілік маршруттардың басына біржола «су құйып» кетті. Бір рет күйреген жүйе қалпына келе қоймайды, сол себепті оның қателігін Әшімбетов түзей алмады. Түзегені сол, Әшімбетов қаладағы №1, №10 маршруттарды біржола жауып, шал-кемпірдің наласына қалды. 

Енді осы екі азаматқа ортақ бір «ерекшелікті» атап өткіміз келеді. Ол – кадрларға маза бермей, бүйідей тию. Нүкеновті тіпті бұл жағынан «рекордшы», «бас жүлдегер» деуге болады. Оның әсіресе әйел басшыларды орнынан алуға шабыты жойқын болды. «Екібастұз дауысы» басылымының директоры  Айнұр Мейрамованың, спорт бөлімінің білікті басшысы Зейнеп Нұркенованың, тағы басқа біраз маманның соңына түсіп, үлкен «ерлік» көрсетті. 

Екібастұзға келе сала «Нұр Отан» партиясы Екібастұз филиалы төрағасының бірінші орынбасары – сыйлы азамат Самат Рамазановты орнынан алып, орнына өзінің жақсы танысы Светлана Гладышеваны әкелді. Әкімнің шаруашылық жөніндегі орынбасарын 5 рет ауыстырды. Қала әкімдігіндегі бөлім басшыларының 90 пайызын ауыстырды. Өзінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мәриям Адаспаева декреттік демалысқа кеткенде орнына Павлодар қаласынан Наталья Нефедованы әкелді. Ол кезде қарамағындағы қызметкер парамен ұсталып, Нефедованың Павлодарда жаманаты шығып тұрған еді... Нүкеновтің кадрлық имиджге деген талап-талғамын осыдан-ақ байқай беріңіз. 

Жалпы, Нүкеновтің істен алғысыз етіп жұмыстан шығарған кадрларын санап шығу үшін бір айдай уақыт керек екен... 

Нүкеновтің тағы бір «қасиеті» жүрген жерінде, яғни, Ақсу, Екібастұз қалаларында түкке тұрмайтын бірдеңе өткізіп, «рекордтар кітабына» енгізіп кісімсуі еді. Онысын жұрт мазақ етіп әлі күледі. Себебі рекордтар кітабы дегені оның Ресейдегі бір жақсы танысы басқаратын қоғамдық ұйым жасаған тізім болып шықты. Сонымен қатар, орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары үнемі оның дипломының сапасына күмән келтіріп мақала жазумен болды. 

Екібастұзды алатайдай бүлдіріп болып Нүкенов мырзаның Түркістаннан бір-ақ шыққанын қайтейік, ол жақта өз тілінде «ыңқ-мыңқ» деп сөйлейтін, не айтқаныңды ұқпай діңкеңді құртатын оны ешкім адам құрлы көрмеді. Басшы ретінде сөзі айналасындағыларға өтпеді. Сөйтіп, амалы құрып, біраз уақыттан соң қайтадан ол өзінің қамқоршысы – Бақауовтың қоластына қайтып келді.  

Қайрат Нүкеновтің орнына Нұржан Әшімбетов келгенде, екібастұздықтар «пәледен құтылдық-ау» деп бөркін аспанға атты. Көп ұзамай елдің бұл қуанышы су сепкендей басылды. Әшімбетов мырза келе сала Екібастұзда өші бардай істің ретін білетін тәжірибелі кадрларға қырғидай тиді. Зейнеткерлікке аз уақыт қалған Төртқұдық кентінің әкімі Базылбек Тасимовты, ел сыйлайтын Ерлан Қабылтаевты,  кеңесшілерді, әкім аппаратының жетекшісін, кәсіпкерлік бөлімі басшысын обал-сауабына қарамастан қызметтерінен босатты. Оның тұсында 3-4 баспасөз қызметшісі ауысты. Білетіндердің айтуынша, Әшімбетов мырза шаһар тізгінін ұстаған бір жылда 40-тан астам түрлі деңгейдегі басшылар қызметімен қош айтысқан. «Адамды жұмыстан кетіргенде жүзінен өкініш, аяушылық табы білінбейтін, керісінше, істеген ісіне айызы қанып, рахаттанатын», деп жағасын ұстайтын көзі көргендер. Әшімбетов бір жылда қарамағындағылардың ығырын шығарып, қажытып жібергені соншалық, айналасындағылар оның қызметтен кеткенін құдайдан тілей бастады. 

Қысқасы, арысы - бір жыл, берісі екі жыл ғана әкім орынтағында отырған осы екі азамат Екібастұзға ешқандай серпін әкелмеді. Екібастұздықтардың есінде Әшімбетов крещениеде жалаңаштанғандарға қазақтың қасиетті киіз үйін тіккен әкім ретінде қалды.

Ееее, айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, Әшімбетовтің былтыр көктемде ағыл-тегіл тегін шырша өскінін таратқаны бар. Бірақ мамандардың сөзіне сенсек, таратылған мерзім жалпы ол өскіндерді отырғызуға кеш мезгіл екен. Демек, Әшімбетов шыбықтарды босқа таратқан болды...

Ал енді айналдырған бір-екі жыл ішінде айналасын быж-тыж қылған екеу «Екібастұз қаласының құрметті азаматы» атағына шынымен лайық па?! Бұл сұрақтың жауабын оқырман еншісіне қалдырдық...

Нұрғали Байтақ, Павлодар облысы