«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын сырт айдында Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында ресейлік клуб тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан Никита Нестеров 10, Антон Слепышев 12-минуттарда қос шайба соғып кетті.
Екінші кезеңде қазақстандық клуб хоккейшілері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 30-минутында Кёртис Валк есеп айырмасын қысқартты.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері алға қарай ұмтылды. Алдымен 41-минутта Якоб Берглунд таразы басын теңестірсе, одан кейін Даррен Диц 42, 43-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал 44-минутта ЦСКА ойыншысы Матвей Гуськов «Барыс» қақпасынан саңылау тапты. Ойынның 50-минутында қазақстандық Әлихан Әсетов басымдықты арттырса, 59-минутта Якуб Лилья қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласын 6:3 есебімен жеңді.
Енді елордалық клуб 16 қыркүйекте сырт айдында Латвияның «Динамо» (Рига) командасымен кездеседі.
Екі команда бүгінге дейін 25 мәрте шеберлік байқасты. Оның жетеуі «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Еске салсақ, турнирдің елордада өткен биылғы алғашқы төрт ойынының үшеуінде «Барыс» қарсыластарына есеп жіберіп қойды.