Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресейлік клуб биылғы турнирді сәтті өткізіп келеді. Нәтижесінде турнир кестесінде алғашқы бестікте тұр. Ал «Барыс» әзірге мұндай көрсеткішке қол жеткізе алмай жүр.
Десе де, биыл қазақстандық клуб елордада өткен бірінші кездесуінде аталған қарсыласын 3:0 есебімен сүріндірді.
Бүгін де «Барыс» алғашқы сәттен тізгінді қолына алуға тырысқан еді. Бірінші кезеңде олардың қатарынан Кирилл Савицкий 5-минутта мергендік танытты.
Екінші кезеңде бес шайба соғылды. Оның үшеуінде СКА клубының мерейі үстем болса, екеуінде «Барыс» мүлт кеткен жоқ. Ресейлік командадан Валентин Зыков - 21, Антон Бурдасов - 28, Эмиль Галимов 34-минутта қанжығасын майласа, оған Никита Михайлис - 26, Роман Старченко 38-минутта қос шайбамен жауап қайырды.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Барыстың» жолы болып, қарсыласын қапы қалдырып кетті.