23 қар, 2021 сағат 23:34

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» минскілік «Динамоны» жеңді


«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Беларустің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық хоккейшілер екі команда арасындағы соңғы үш кездесуде қарсыластарына есе жіберіп қойған болатын. Сондықтан «Барыс» сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Оған қоса биыл елордалық клуб плей-офф сатысына шығу үшін күш салатыны белгілі еді. 

Кездесуді айдын иелері белсенді бастады. Нәтижесінде 5-минутта Линден Вей «Барысты» алға шығарды. Одан кейін қазақстандық клуб өз қақпасына екі шайба жіберіп алды. «Динамо» сапынан Сергей Сапего 9, Тайлер Граовац 15-минуттарда мергендігімен көзге түсті. 

Екінші кезеңде «Барыс» басымдығын арттырды. Осындай сәттердің бірінде Кертис Волк соққан шайбаны төрешілер есепке алған жоқ. Оған байланысты ереге сәйкес соғылған жоқ деген шешім шығарды. Ал 36-минутта Никита Михайлис көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Негізгі кезең командалар 2:2 есебімен тең түсіп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Барыс» басым түсті. 

Енді «Барыс» 25 қарашада елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасымен өткізеді.