16 қаз, 2021 сағат 02:15

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» «Куньлунь Ред Стардан» басым түсті


«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі команда биылғы турнирді сәтсіз өткізіп келеді. Қазір «Барыс» 17 ойыннан кейін 14 ұпаймен турнир кестесінде 18-орында келеді. 

Ал «Куньлунь Ред Стар» 11 ұпаймен 23-орында тұрған еді. 

Сондықтан ойын барысында командалар шайба соғудың жолын іздеді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. 

Екінші кезеңнің 21-минутында Никита Михайлис қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Осылайша қазақстандық клуб алға шықты. 

Үшінші кезең аса тартысты өтті. Командалар негізінен шабуыл шебінде бой көрсетті. 

Қытайлық командадан 58-минутта Тайлер Вонг таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. 

Буллитен «Барыс» басым түсті.

Екі команда бүгінге дейін 16 мәрте шеберлік байқасты. Оның 11-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қытайлық клубтың мерейі үстем болды.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 17 қазанда Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасымен өткізеді.