Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында екі команда тартысты ойын өткізді. Есепті бірінші болып ресейлік хоккейшілер ашты.
Ойынның 15-минутында Артём Анисимов есеп ашса, 27-минутта Максим Шалунов есепті үстемелей түсті.
Бұдан кейін «Барыс» хоккейшілері алға қарай ұмтылды. Дегенмен екінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Үшінші кезеңде қазақстандық команда гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде 43-минутта Якуб Лилья көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Қазақстандық хоккейшілер ендігі кезекте таразы басын теңестіруге күш салды. Алайда өзінің қақпасына қатарынан екі гол жіберіп алды. Бұл голдар 54-минутта Алексей Марченконың, 57-минутта Павел Кудрявцевтің еншісіне жазылды.
Айта кетсек, елордалық клуб үшін «Локомотив» - қолайсыз қарсыластың бірі. Екі команда бүгінге дейін 24 мәрте кездескен.
Оның 8-інде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсылас клубтың мерейі үстем болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» беларусьтік «Динамоға» есе жіберді.
Енді «Барыс» келесі ойынын 24 қазанда Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізеді.