25 ақп, 2022 сағат 17:01

Күніне - 1 239 теңге: Министр спорт төрешілерінің аз жалақы алатынын айтты


Елімізде спорт төрешілерінің еңбекақысын арттыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде 4 276 спорт төрешісі бар. Оның ішінде 413 маман, яғни 10 пайызы халықаралық санатқа ие. Айтар болсақ, Токио-2020 олимпиадасына 12 төреші тартылды. Қауымдастықтың мәліметінше, төрешілерді даярлаудағы басты проблема - еңбекақы», - деді Дәурен Абаев Щучинскіде өтіп жатқан XXIV қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста. 

Министрдің айтуынша, төрешілердің жалақысы төмен. 

«Спорт жарыстарында бір күндік қызметі үшін төрешілерге 1 239 теңгеден төленеді. Менімше, бұл салық шегерімін есептемегендегі сома. Бұл ретте төрешілер мен оларды даярлауға жоғары талаптар қойылады. Төрешілердің әлеуметтік жағдайы мен жалпы беделін арттыру мақсатындағы шараны қолға аламыз. Қазіргі таңда жалақыны арттыру мәселесі қаралып жатыр», - дейді ол.