14 ақп, 2018 сағат 09:41

Күні кеше министр атанған Әбілқасымова қазақ тілін білмейтін болып шықты (видео)

Күні кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Мадина Әбілқасымова қазақ тілін білмейтін болып шықты. Ол қазақша сауалдарға жауап бере алмай, тілшілерден қашып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" 31 арнаның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Өткен аптадағы отырыста президенттен тек ескерту алып, жылы орындарында қалғаннан кейін бе Үкімет мүшелерінің көңіл күйлері жақсы. Қызметімен қоштасқан жалғыз шенді Тамара Дүйсенованың орнын басқан су жаңа министр Мәдина Әбілқасымова тіптен көңілді. Шенеуніктің мәз болатындай жөні бар секілді. Премьерге экс-министр 5 жыл шеше алмай президенттен сөз естіген жұмыссыздар мәселесін аз уақытта реттеймін деп баяндады. Ол үшін заңға өзгеріс енгізіп, өзін өзі белгісіз жұмыспен қамтып жүрген 3 миллион азаматты ресми тіркеп, оларға мемлекетке салық төлетпек.

Үкімет отырысында бастан аяқ орысша сөйлеген Әбілқасымова тілшілердің сауалдарына мемлекеттік тілде жауап бере алмай қиналды. Оның орнына хатшысы жауап беріп, басшысын жетектеп алып кетті. Министр жақын арада дайындалып, 3-4 айдың көлемінде қазақ тілінде сұхбат беретінін айтып сендірді.