Фото: Азаттықтан
Атырау облысы Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар баспананың шығынын өтеуді талап етіп, орталық алаңға жиналды. Кешкі сағат сегізде жиналған жұрт түнгі сағат 1-ге дейін тарамады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
Олар бір шаршы метр үшін 400 мың теңге төлеуді талап етті және ақша қолға берілсін не “есепшотымызға аударылсын” деген талап айтты. Кей тұрғынның айтуынша, алаңға жиналған тұрғындар қарасы көбейіп, бірнеше жүзге жеткен. Олар талаптарын орындалмайынша алаңнан кетпейтінін айтқан. Халықты сыртынан полиция бақылаған.
Жиналғандардың бірі үш баланың анасы Жазира Құлмұханова туыстарының үйінде тұрудан шаршағанын айтады. Ол “үкімет суға кеткен үйдің алаңының әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептесе, қалаған жерден үй сатып алуға мүмкіндік туар еді” дейді. Өзі Құлсарыдан көшуді ойлап отыр, себебі “өзі тұрған жаңа үйдей баспана мұнда енді табылмайды” дейді.
Ал Толқын Қожахметова қазір бір реттік 369 мың теңге көлеміндегі материалдық көмек есебінен сарай жалдап отырғанын және мұның бәрі қанша уақытқа созылатыны белгісіз” деп шығынды тез арада өтеуін сұрайды.
- Қартайғанда тым болмаса өзіміз үшін өмір сүреміз деп ойладық, балаларды түгел үйлендірдік, тұрмысқа бердік. Енді қалай өмір сүреміз деген сұраққа тағы да басымызды қатырып келеміз! Мұнай үстінде отырмыз өзіміз осы тұрғанда, ал күйіміз мынау, аянышты. Тұрғын үй алаңына қарай 1 шаршы метрге 400 мың теңге төленсін. Үйлерді қалай салуды және қайда тұруды өзіміз шешеміз, - деді Қожахметова.
Тұрғындар алдына әуелі аудан әкімі орынбасарлары Гүлнафиз Айшуақова мен Нұрболат Сарманов келді. Олар барлық тұрғын үй шығындары төленеді деп уәде берді. Кейін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та мұны қайталады. Тұрғындар әкімнің уәдесінен шаршағанын, енді тек президент Тоқаевқа қайрылатынын айтады. Олар тікелей эфирде Тоқаевқа үндеу жолдап, алаңға өз үнін оған жеткізу үшін бейбіт түрде жиналып жатқанын алға тартты.