27 қыр, 2018 сағат 12:51

"Құлсары-Мұқыр" автомобиль жол учаскесін қайта қалпына келтіру қажет

27 қыркүйек күні өткен Сенат отырысында депутат Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. 

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында айрықша назар аударылған көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Салынып жатқан жаңа магистральдар біздің еліміздің барлық аймақтарын орталықпен  байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдеп, ел арқылы транзит көлемі артуда.

Бұл ретте  көлік қатынасының өркендеуіне тығыз байланысты қарқынды дамып келе жатқан шекара маңындағы Атырау облысы аумағымен өтетін халықаралық транзиттік  дәліздердің жоспарланып отырған кезең-кезеңмен реконструкциясы болашақта шекаралас мемлекеттермен көп жақты ынтымақтастық шеңберінде өңірдің транзиттік күш-қуатын арттырып, нәтижесінде  өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Сонымен қатар айта кететін мәселе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына қарағанда, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жобасында елді мекендердің айналым жолдары қарастырылмағандығы. 

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» және «Атырау-Орал» автомобиль жолдарының транзиттік ағымы Атырау қаласының ішкі жолдары арқылы, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының ішімен «Доссор-Құлсары-Ақтау»  жолы өтуде.  Ол техникалық стандарттарға сай келмейді және жол қауіпсіздік талаптарын бұзуға әкелуде. Салдарында, облыста тек 2016-2017 жылдары және 2018 жылдың бірінші тоқсанында 74 жол-көлік оқиғасы орын алды, 47 адам қаза тауып, 142 адам түрлі жарақаттар алған. Алдағы уақытта жол қозғалыстарының қарқындауына байланысты жол қауіпсіздігі мәселелері қиындай түсетіні айқын.

Екінші мәселе «Ақтөбе-Мақат» жол учаскесінің реконструкциялауға байланысты республикалық тас жол бойымен Қызылқоға ауданы және әрі қарай Ақтөбе облысына бағытталған Маңғыстау облысынан және Жылыой ауданынан  шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор ауылын 260 шақырым айналып өтуге мәжбүр.

Аталған мәселелердің кешенді түрде шешілуі үшін, республикалық меншікке берілген жол жабындысы толықтай бұзылған және барлық жерінде құрылымы тозған, ұзындығы 135шақырым  «Құлсары-Мұқыр» автомобиль жол учаскесін (желісін) қайта қалпына келтіру қажет.  Бұл бір жағынан, Ақтөбе қаласынан Ақтау қаласына дейінгі жолды 120 шақырым қысқартуға және екінші жағынан, «Құлсары-Мұқыр» жолын қайта қалпына келтірген жағдайда, «Доссор-Құлсары» учаскесінің реконструкциясына және бөлек айналым жолдың құрылысына бюджеттен қосымша шығын шығармауға мүмкіндік береді. 

Осыған байланысты жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында, сізден, Бақытжан Әбдірұлы, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» дәлізі жобасын жүзеге асыру барысында Атырау қаласының айналым жолы құрылысы және Құлсары қаласының айналым жолымен қоса «Мұқыр-Құлсары» автомобиль жолын реконструкциялау мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Ғ. ДҮЙСЕМБАЕВ

С. ЕҢСЕГЕНОВ