24 қаз, 2016 сағат 09:46

Күлекбаев жезөкшелерді «Аллаһтан қорықпасаңдар, бәріңді жарып жіберемін» деп қорқытқан

"Бүгін Алматыдағы тергеу абақтысында Руслан Күлекбаевтың ісіне қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр. Сот барысында мемлекеттік айыптау тарапы Күлекбаевтың Содникованы өлтіруіне қатысты айыптау қорытындысын оқыды", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Күлекбаев 2016 жылдың 17-18 шілдесінде Жансүгіров көшесіндегі "Аят" қонақүйінде жезөкшелер жүруі мүмкін екенін алдын ала жоспарлап, өзінің діни әлеуметтік көзқарасына қайшы болғандықтан, жезөкшелікпен айналысатын әйелдерді өлтіру мақсатында аталған орынға барған. Қонақ үй ауласында тұрған Иманғалиевке тиесілі Киа Рио автокөлігіне барып, оның ішінде жезөкшелер бар екенін болжап, ішінде отырған Иманғалиевтен терезесін ашуды сұраған. Көлік терезесі ашылғаннан кейін, бірнеше ескерту жасап, оған көнбеген соң артқы орындықта отырған Содникованы басынан атып өлтірген. Осы кезде Иманғалиев қашып шыққан. Күлекбаев оның артынан оқ атқанымен, тигізе алмаған. Уақытын тиімді пайдалану мақсатында көлікке келіп, ішінде отырған екінші Өмірзақованы алып, Содникованың мәйтін алып, қалада жүрген. Жолда Өмірзақоваға «Сендер Аллаһтан қорықпайсыңдар! Аллаһтан кешірім сұра?! Аллаһтың жолына қарсы шықсаңдар, бәріңді жарып жіберемін» деп қорқытқан. Өмірзақова өміріне қауіп төнгендіктен кешірім сұрап, өз әмианын Күлекбаевқа берген. Күлекбаев ішінде 7 мың теңгесі бар Өмірзақованың әмиянымен қоса, көлік ішінде тұрған Иманғалиевтің  ішінде 42 000 теңгесі бар әмиянын алған. Жолда көліктің қызыл бағдаршамға тоқтағанын пайдаланып, Өмірзақова одан қашып шығып құтылған. Күлекбаев оны қумаған. Осыдан кейін Күлекбаев қаладағы бір дүкен алдына келіп көлікті қалдырып кеткен», деді прокурор Жарқын Бақашбаев.   

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьясы Ерлан Болатовтың айыпталушыларға орнынан тұрып, жауап беру қажет деген талабына айыпталушы Руслан Күлекбаев бағынбады, деп хабарлайды сот залынан ҚазАқпарат тілшісі.

«Күлекбаев орныңыздан тұрыңыз!» деген судья Ерлан Болатовтың талабына Күлекбаев бағынбады. Бірнеше рет айтып орнынан тұрғыза алмаған судья ақыры себебін сұрауға мәжбүр болды.

Күлекбаев ішін көрсетіп: «тұрсам, ауырады!» деп жауап берді.

Бұған судья келісті.   

Айта кетейік, Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Р.Күлекбаевқа қатысты қылмыстық істі аталған сот судьясы Ерлан Болатов жүргізіп жатыр. Күлекбаев бірнеше қанқұйлы тонау және қарақшылық әрекеттерге қатысты болып отыр. Бұған дейін хабарланғандай, тергеу тобы 57 сот сараптамасы мен зерттеулер жүргізді және болған оқиғаның барлық жәйттерін анықтау мақсатында 200-ден астам куәгерлер мен оқиғаны көрген адамдарды тергеді. 2016 жылдың 12 қазанында 61 томнан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды. Р.Күлекбаевқа 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерін және 2 бейбіт тұрғынды өлтірді, террорлық акт жасады деген айып тағылды. Сонымен қатар, ол 3 бейібіт тұрғынды өлтірмек болды деп айыпталып отыр.

Нақтырақ айтқанда, айыпталушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 255-бабы 4-тармағы (лаңкестік акт), 99-бабы 2-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 24-бабының 3-тармағы (өлтіру үшін шабуыл жасау), 192-бап 4-тармақ (топ адамға қарақшылық шабуыл), 287-бап 4-тармақ (заңсыз қару тасымалдау), 288-бап  2-тармақ (қаруды заңсыз жасау), 291-бап 4-тармақ (қару ұрлау), 200-бап  4-тармақ (көлік ұрлау), 126-бап 2-тармақ (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.   

Сондай-ақ, Р.Күлекбаевпен бірге сотқа атыс қаруын заңсыз сақтап, өзімен бірге алып жүріп, дайындап, Р.Күлекбаевпен бірге М. атты кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл ұйымдастырған Р.Лю, Ж.Сапарбеков, Д.Әсембекұлы, Е.Құсайынов, Н.Әбдімомын да сот залында.

Айыпталушы Н.Әбдімомынға рұқсатсыз қаладан кетуіне тыйым салынған. Р.Люға қатысты ҚР ҚК 188-бабының 4-тармағы, 288-бабының 1-тармағы, 287-бабының 4-тармағына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ж. Сапарбековтің үстінен ҚР ҚК 192-бабы 4-тармағы; 287-бап 4-тармақ бойынша қылмыстық іс қозғалды. Е. Құсайыновқа қатысты ҚР ҚК 192-бабының 4-тармағы бойынша, Д. Әсембекұлына қатысты ҚР ҚК 192-бабының 4-тармағы, Н. Әбдімомынға қатысты ҚР ҚК 287-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.