17 қаз, 2016 сағат 13:19

Күлекбаев судьяның сұрағына тұрып жауап беруден бас тартты

Теракт жасады деген күдікті Руслан Күлекбаев сотта бөлек отыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттан. Сот тергеу изоляторының ғимаратында ашық тәртіпте өтіп жатыр. 

Сотталушы сабырлы көрінеді. Ол тіпті өзін түсіріп жатқан операторларға қарап күлді. Айта кетейік, журналистерге суретке және видеоға түсіруге рұқсат берілді. Сотталушы ретінде Күлекбаевпен қатар оның бес сыбайласы отыр. Қазіргі уақытта алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр. 

Процеске қаза болғандардың туыстары келді. Олар Күлекбаевтың тәртібіне наразылық білдіріп отыр. Олардың пікірінше, сотталушы сұраққа нақты жауап бермей, судьяға жауап берген кезінде тұрмай қойған. Күлекбаевті бір мемлекеттік адвокат қорғап отыр. Соттағылардың айтуынша, адвокаттардың ешқайсысы өз қалауымен оның мүддесін қорғауға келіспеген. 

Ал қаза тапқандардың туыстары атқышты өлім жазасына кесуді талап етіп отыр.

Айта кетейік, бүгін сотта тағы бір дау болды. Қаза болған полицей Мейрамбек Рахматуллаевтің анасы сотталушы Күлекбаевтің әйелінің бетіне түкірді. 

Басты сот отырысы 24 қазанға белгіленді. Отырыс күн сайын өтеді.

Ал осыған дейін Руслан Күлекбаевтің бұрындары кикбоксингпен айналысқаны және жетістіктері үшін осы спорт түрінен сан мәрте марапат пен құттықтауларға ие болғаны белгілі болған еді. Есімін жарияламауды өтінген адам, кикбоксингпен шұғылданған Күлекбаевтің "Спорт шеберлігіне кандидат" деген атағы да бар екенін айтты. Ал бүгін, 17 қазанда Алматыдағы теракт бойынша алдын ала сот отырысы басталғаны хабарланды. Сотты тергеу изоляторының ғимаратында өткізу туралы шешімді соттағылар Руслан Күлекбаевтің өте ашулы әрі қоғамға қауіп төндіретіндігімен түсіндірді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары сотталушы қашып кете ме деп қорқып отыр екен. "Ол камерасында кісенмен отырады. Ол өте қауіпті, сондықтан сот процесін тергеу изоляторының ғимаратында өткізуді дұрыс деп таптық, себебі қалалық соттың ғимаратына тасымалданатын болса, ол қарсылық көрсетуі мүмкін және қашып кетуге әрекет жасауы мүмкін. Күлекбаевтың физикалық дайындығы бар, ол кісендеулі тұрса да, жауап алынып жатқан сәтте тергеушіге столды төңкеріп жібере жаздады", - деді соттың өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне.

Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев болып шықты.

Осыған дейін ІІД тергеу жұмыстары барысында18 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдікке ілінген Руслан Күлекбаевтың жалдамалы пәтерді анықтаған болатын. Полициядағылар пәтерде адам өміріне қауіпті заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. Алайда, полиция қызметкерлері пәтерді тінту кезінде қауіпті заттарды таппады.