... 2015 жылдың қаңтары. Ол кезде «Білім және мәдениет» телеарнасында тілшімін. Жаңалықтар қызметі жоқ. Сондықтан бірнеше хабарға қат-қабат араласа береміз. Арасында арнайы жоба жасап үлгереміз. Ұзақтығы жарты сағаттың шамасында. Бірде сол арнайы жобаға тақырып іздедік. Оңайы - тұлғалардың туған күнін түгендеу еді. Тағдыры талай кітапқа арқау болуға жарайтындай бірқатар алыптың тізімін жасап шықтық. Әрқайсысының тағдыры талас-тартысқа толы, ғұмыры жарты сағаттық хабарды айтпағанда көркем фильмнің шеңберінен асып түсетін кесек тұлғалар. Бірақ телевизияның өз талабы бар. Ақыры ұзақ ойланып барып, Балуан Шолаққа тоқтадық. «Көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деп әндеткен алапат күш иесінің туғанына 150 жыл толған екен. Кейіпкер таңдауда қателеспеппіз. Оны кейін түсіндік...
Хабар дайындау барысында палуанның ұрпағын іздедік. Таптық. Немересі Айбат Құдайбаргенқызы Арқаның арқыраған аязына қарамастан Бұланды ауданынан Астанаға арнайы келіп, сұхбат берді. Бір сағатқа жуық емен-жарқын әңгімелестік. Сол алпыс минут әңгіменің ішінен есте қалғаны - жалғыз деталь. Әдеби кітаптардағы бұқаны көтеріп тұрған күштінің Балуан Шолаққа еш қатысы жоқ болып шықты. Тіпті, интернетті кезіп жүргендері де қазіргі тілмен айтқанда «фейк» екен. Немересінің айтуынша палуанның шынайы бет-әлпеті бейнеленген жалғыз фотокарточка қолды болған.
Айбат әжейдің сөздерін таспалап алған соң сол кездегі бастығым, телеарна директорының орынбасары Жанұзақ Керімбекұлына жетіп бардым. Ағаның керемет портретші екенін жақсы білемін. Тарихи сюжеттерге қаймықпай баратынын, әсіресе, халқымыздың тарихындағы кесек тұлғаларды кескіндеуге келгенде тартынып қалмайтынынан да хабардармын. Бұған дейін Жанұзақ Керімбекұлы Бейбарыс Сұлтан, Жолбарыс батыр, Махамбет Өтемісұлы, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев, батыр Аналар топтамасы мен замандастарының жүздеген бейнесін қылқаламмен бейнелеген. Сәтін салса бұл тізімге Нұрмағанбет Баймырзаұлының портреті қосылайын деп тұр. Аз-кем амандық сұрасқан соң әзірлеп жатқан хабарыма көштім. Сценарий желісін біртіндеп баяндап, ақыры Балуан Шолақ Баймырзаұлының кейінгі ұрпақтың жадында жатталып қалатындай шынайы бет-бейнесі сақталмағанын жеткіздім. Әңгіменің ауанын аңғарған ағам жылы жымиып, бірден қолдады. Ендігі жұмыстың жоспарын жіпке тізгендей етіп, жіліктеп берді.
Сөйтіп, әуелі Айбат әжейді, содан соң палуанның тағы бір немересі – Шайдолла Шолақты камера алдында тағы сөйлеттік. Бірнеше рет. Аға – сырттан бақылаушы. Тарихи тұлғаның ұрпақтарын ұзақ зерттеді. Болмыс-бітім, мінез-құлық – барлығы суретшінің қойын дәптеріне түртілді.
Күндіз телеарнадағы өзімізге жүктелген жұмысты істейміз. Кешқұрым аға қылқаламын сайлап алып, портретке кіріседі. Бір күні Айбат әжейден сұхбат алу үшін шеберханаға бірге бардық. Бесінші қабатқа көтерілу оңайға соқпады. Ал бөлмеге кіре бергенде күтпеген жайтқа куә болдық. Аға - портретші. Демек шеберхананың іші толған портрет. Палуанның тегін адам емес екені мәлім, сөйтсек арқалы атаның қасиеті немереге де дарыпты. Қаптаған бейнені көре сала бесінші қабатқа әзер көтерілген әжей бір орында секіре жөнелді. Мұндайды көрмеген жастау оператор жігіт екеуіміз екі бұрышқа тығылдық. Аға сабырлы қалыптан айныған жоқ. Арада бірнеше минут өтті. Айбат әжей тілін кәлимаға келтіріп, құран оқып, түк болмағандай ағамен әңгімелесіп кетті. Сөйтіп, зерттеу процесі біртіндеп жүріп жатты. Ал әлгі көрініс оператор екеуіміздің әлі көз алдымызда.
Ақыры ұзақ күткен сәт те жетті. 837 келі кір тасын көтерген бұла күштің иесі, заманында жауырыны жер иіскемеген алыптарды алып соғып, қабырғасын қақырата жеңген палуан, сөйте тұра Ғалиясына «айым да сен, күнім де сен» деп ән арнаған сыршыл сазгер, сал-сері бейнеленген кенептің бояуы кепті. Осылайша Балуан Шолақ Баймырзаұлының әйгілі мүсінін мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді елге әкеліп, танытса, палуанның бейнесін суретші Жанұзақ Керімбекұлы қайта жаңғыртты.