Жамбыл облысында апатқа ұшыраған пойызда зардап шеккендерге барлық қажетті көмектер көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
18 маусымда Жамбыл жол бөлімшесінің Шу стансасында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, ҚР ИДМ Көліктерді бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев, № 9 «Астана-Алматы» жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне қатысты оқиға бойынша журналистермен брифинг өткізді. Сондай-ақ, брифингке Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де қатысты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев зардап шеккендерді қолдаудың барлық мүмкін шаралары жасалып жатқандығына тоқталды.
Қазақстан Республикасы заңнамасы бекіткен төлемдерден өзге, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қайғылы жағдай болған отбасына 2 миллионнан астам теңге, зардап шеккендерге алған жарақаттарының денсаулығына келтірген залалының ауырлығына байланысты 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін беріледі.
Сондай-ақ, жолаушылар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «НСК» сақтандыру компаниясымен өткен жылы жасасқан келісімшартына орай тиісті өтемақы ала алады. Сақтандыру компаниясының қосымша өтемақы төлеу мәселесі «ҚТЖ» ҰК» ААҚ-ының ерекше бақылауында тұр.
Қ. Алпысбаевтың айтуынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанынан жедел штаб құрылды. Ол вагондардың жолдан шығып кетуіне қатысты барлық зардаптарды жоюдың шараларын үйлестіреді.
Оқиға болған жерде 9 әртүрлі техника мен 300-ге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Пойыз қозғалысы екінші жолмен жүргізілуде.
Арнайы комиссия оқиғаның себебін сараптауда. Оның нәтижесі қосымша хабарланады.
«Қазіргі кезде жол телімінің инфрақұрылымы техникалық тексеруден өткізілуде. Жылжымалы құрамның инструментарлық өлшемі жасалуда. Сараптау нәтижесі зерделенуде»,-дейді компания басшысы.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметтік тергеу амалдарын жүргізуде. Соған орай оқиғаның себебі сараланады. Теміржол телімі түгелдей локомотивтер мен вагондардың жағдайы тексеріледі. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне талап күшейтілді.
«Болған оқиғаға қатысты Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады»,-делінген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметтерінде.