Фото: Coral Expeditions
Австралияның Үлкен тосқауыл рифі аумағындағы Лизард аралында 26 қазанда 80 жастағы әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Ult.kz CNN агенттігіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайтыс болған әйел Coral Adventurer атты круиз кемесінің жолаушысы болған. Кеме бір күн бұрын осы аралдың маңында аялдап, 60 күнге жоспарланған сапар аясында туристерге су астындағы сүңгу (снорклинг) мен жаяу серуен ұйымдастырған. Сапардың бағасы шамамен 45 мың еуро (50 мың АҚШ доллары) болған.
Жаяу серуен кезінде 80 жастағы жолаушы аралдың ең биік тұсына көтеріле алмай, не артқа қайтпақ болған, не тынығып қалуды жөн көрген. Ол жалғыз жүргендіктен, кеменің қызметкерлері оның жоқ екенін бірден байқамаған. Кеме күн батқанда жолға шығып кеткен, ал әйелдің жоғалғаны экипаж кешкі ас кезінде ғана анықтаған.
Кеме дереу аралға қайта оралып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастаған. Операцияға тікұшақ та тартылған. Әйелдің денесі кейінірек аралдағы жаяу жол маңынан табылды.
Полиция өлімді «кенеттен болған және күмән туғызбайтын жағдай» деп сипаттады. Алайда Австралияның Теңіз қауіпсіздігі басқармасы (AMSA) бұл қайғылы оқиға бойынша тергеу бастады. Тергеушілер кеменің не себепті жолаушыны қалдырып кеткенін, іздеу неге ұзаққа созылғанын және әйелді аман алып қалуға мүмкіндік болған-болмағанын анықтамақ.
Круиз кемесі іздеу жұмыстарына байланысты кідіргенімен, кейін сапарын жалғастырған. Экипаж мүшелерінен жауап алу 2 қарашада, кеме Дарвин қаласына жеткен соң өтеді.
Coral Expeditions компаниясының бас директоры Марк Файфилд марқұмның отбасына көңіл айтып, көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
The Independent басылымының мәліметінше, кемеде дәрігер де, медбике де болмаған.
Компанияның ресми сайтында Coral Adventurer кемесінің сыйымдылығы 120 жолаушы мен 46 экипаж мүшесіне арналғаны, әрі оның алыс теңіз аймақтарына саяхат жасауға бейімделіп салынғаны жазылған.
Coral Expeditions компаниясы Кэрнс қаласында орналасқан және 40 жылдан бері Австралия мен өзге бағыттар бойынша теңіз сапарларын ұйымдастырып келеді.
Бұл оқиға Үлкен тосқауыл рифіндегі жолаушылар қауіпсіздігі стандарттарына қатысты пікірталас туғызды. AMSA ережелеріне сәйкес, әрбір жолаушы кемеге мінген соң міндетті түрде тіркеліп, санау рәсімі жүргізілуі тиіс.
