25 қаң, 2022 сағат 17:42

Министрлік фристайл-могул жаттықтырушысын айыптауға қатысты пікір білдірді


«ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев фристайлдан ұлттық құраманың бұрынғы спортшысының өз бапкерін сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптағаны туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылдың қазан айында фристайлдан ұлттық құраманың бұрынғы спортшысы Александр Геберт өз бапкерін алым-салық жинады, біліксіздік танытты және құрамадан заңсыз шығарды деп айыптаған еді. 

«Иә, фристайл-могул құрамасында мұндай жағдай болды. Бүгінде осы мәселе бойынша ресми уәкілетті органдар тексеру жүргізді және сыбайлас жемқорлық бойынша еш құқықбұзушылық болмағанын анықтады. Әрине, көптеген спортшылар белгілі бір дәрежеде өз наразылықтарын білдіруде бас жаттықтырушыларды немесе қасындағы жаттықтырушыларды кінәлай бастайды. Бұл оқиғадағы бас жаттықтырушы Елена Крухлыхинаны фристайл-могулдағы ең жақсы мамандардың бірі екенін айтқым келеді. Мұны спорттық принцип бойынша да дәлелдеу оңай, ол - Олимпиада ойындарының жалғыз жүлдегерін дайындаған адам. Оны қандай да бір нәрсе үшін кінәлау дұрыс болмас еді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік органдар өз уақытында мәселеге талдау жасады және тиісті қорытындысын берді.

«2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және Олимпиада комитетімен бірлесіп, бас жаттықтырушының еш қаржылық операция жасамайтыны, бәрін Олимпиада комитетінің қызметтері арқылы жүргізу шешімін қабылдады. Мысалы, қонақ үй үшін төлем қолма-қол ақшасыз бірден төленеді. Спортшылардың тамақтануы мен күнделікті жүріп-тұруына келсек, қаражат әр спортшының картасына жеке түседі. Спорттық функционер ретінде бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін үлкен жетістік және маңызды қадам деп санаймын. Болашақта біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша осы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», - деп атап өтті Серік Жарасбаев.