ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев әлемдік нарықта тұрақтылықты сақтау үшін мұнайдың қолайлы бағасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тақтатас мұнайын өндіру (АҚШ-та) айтарлықтай артпас үшін барреліне 50-ден 60 долларға дейінгі дәліз дұрыс болады деп саналуда. Егер де мұнай құны барреліне 60 доллардан асса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі елеулі көлемде артуы ықтимал», - деді Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін.
Энергетика министрі тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы экспорттаушыларға тиімсіз екенін атап өтті.
«Бұндайда мұнай экспорттаушылар зардап шегеді, сонымен қатар бізде қордың көлемі де өседі. Сондықтан нарықтың тұрақтылығы тұрғысында барреліне 50 және 60 доллар аралығындағы дәліз ең қолайлы баға»,-деп түйіндеді сөзін министр.