06 қаң, 2026 сағат 15:55

ҚР-да жасанды интеллект университеті құрылады

Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект бойынша арнайы университет құрылады. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министр университет индустрияның сұраныстарына сәйкес пәнаралық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға, сондай-ақ қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталатынын атап өтті.

Оқу орны Alem.ai экожүйесіне біріктіріліп, жетекші шетелдік университеттермен және технологиялық компаниялармен әріптестікте дамиды.

"Бүгінгі таңда жасанды интеллектті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар алда жасанды интеллект университетін құрумен қатар бірқатар жүйелі шараны жүзеге асыру міндеті тұр. 
Негізгі мақсат – профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100% қамту және 100 мың студентті тарта отырып, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыру", — деп толықтырды Саясат Нұрбек.


Бұған дейін министр 95 университет оқу жоспарына ЖИ-ге қатысты пәндерді енгізгенін айтты.