Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он төртінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған турдағы алғашқы ойында «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тараз» командалары шеберлік байқасты. Кездесуде 2:2 есебі тіркелді.
Тараздық клуб сапынан Ненад Адамович 11, 37-минуттарда мергендік танытты.
Оған алаң иелері қатарынан Дарко Зорич 64, Әлібек Қасым 90-минуттарда қос голмен жауап берді.
Алматылық «Қайрат» пен Қызылорданың «Қайсар» арасындағы кездесу тағдырын 33-минутта алматылық шабуылшы Хосе Канте соққан жалғыз гол шешті.
«Қайрат» қарсыласын 1:0 есебімен жеңді.
Түркістанда жергілікті «Тұран» Талдықорғанның «Жетісу» командасына 0:2 есебімен жол берді.
Талдықорғандық клубтан Нұрберген Нұрбол 51-минутта мергендік танытса, 64-минутта Айбар Жақсылықов пенальтиді мүлт жіберген жоқ.
Осылайша «Жетісу» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.
Енді 29 мамырда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Каспий» (Ақтау) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Атырау» мен «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе» кездеседі.